Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мақсаты айқын, болашағы жарқын жастар

0 301

Әр шәкірттің жетістігі – ұстаздың жемісі, ал биік белесті бағындырған студент – ел ертеңінің кепілі. Осындай мақтан тұтар жастардың бірі –Меруерт Байдәулетова мен Едіге Өсер.

Меруерт – білімге құштар, талпынысы биік жас. Ол Тараз инновациялық көпсалалы колледжінде «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша 3-курс студенті. Колледжде оқу озаты, әрі колледждің өзін-өзі басқару ұйымының президенті. Сабақтағы белсенділігімен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, қатарластарына үлгі болып жүрген талапты студент.

Бос уақытында да ол тек өз дамуына көңіл бөліп қоймай, қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылады. Атап айтсақ, Меруерт инклюзивті балаларға ағылшын тілін үйретумен айналысып, жүректен шыққан жанашырлықпен оларға қолдау көрсетуді өзінің адами парызы санайды.

Ал Едіге – «Ветеринария» мамандығының 3-курс студенті және Тараз инновациялық көпсалалы колледжі «Ауыл жастары» бөлімшесінің төрағасы. Едіге – оқуда озат және колледждегі қоғамдық жұмыстардың белсенді мүшесі. Ол өзінің бос уақытын ветеринарлық клиникада ауырған үй жануарларын емдеу, шағын ота жасау, отадан кейінгі күтіп баптау жұмыстарымен айналысқанды ұнататын өз мамандығының жанашыры.

Жуырда еліміздегі колледж студенттері арасында өткізілген «Қазақстан Республикасының колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық байқауына қатысып, Меруерт пен Едіге өз дарыны мен еңбектерінің арқасында биік белесті бағындырды. Байқау үш кезеңнен тұрды: ішкі, облыстық және республикалық. Әр кезең өзіндік талаптары мен шарттарымен ерекшеленді.

Студенттер бұл байқауға колледждегі жетекшілері Айгуль Болысбай және Балауса Сейтқұлмен бірге үлкен жауапкершілікпен дайындалды.

Республикалық кезеңде:

  1. Студенттердің оқу, қоғамдық және шығармашылық жетістіктері жинақталып, ұйымдастырушыларға жіберілді;
  2. «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында бейнеролик түсіріліп, әлеуметтік желілерге жарияланды;
  3. Өңірді дамытуға арналған мамандығымен байланысты жоба дайындап, ұсынылды;
  4. Сонымен қатар байқауға қатысуға деген шынайы ынтасын білдіретін уәждемелік хат жазылды.

Аталған жұмыстарды ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен сарапшылар алқасы кәсіби тұрғыда бағалап, еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 2 600 студенттің ішінен ең жоғары ұпай жинаған жастарды іріктеп алды. Нәтижесінде, Меруерт Байдәулетова мен Едіге Өсер «ҚР колледждерінің ТОП-100 үздік студенті» қатарына еніп, Астана қаласындағы KazMedia орталығында өткен марапаттау рәсімінде Оқу-ағарту министрінің арнайы дипломымен, медалімен және төсбелгісімен марапатталды.

Бұл байқаудың басты мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының талантты және перспективалы студенттерін анықтау мен қолдау, сондай-ақ Қазақстан экономикасының түрлі салалары үшін жоғары білікті мамандардың кадрлық резервін қалыптастыру болып табылады.

Меруерттің пен Едігенің бұл жетістігі – тек олардың жеке жеңісі емес, болашақ маман ретінде ел дамуына қосар үлесінің бастауы. Оның басты мақсаты – туған өлкемізді дамыту үшін, жаңашыл ойлайтын, білімді де жан-жақты маман тұлға болу.

Осындай ірі көлемдегі байқауды ұйымдастырып, жастарға мүмкіндік берген «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамына ерекше алғыс білдіреміз. Бұл – мыңдаған жастың бағын ашатын, арманына жол салатын игі іс.

Ал болашақ маман, қазіргі білім алып жатқан студенттерге айтарымыз: мақсаттарың айқын, сенімдерің нық болсын! Білімге талпыныңдар, биіктен көрініңдер! Сәттілік – тынымсыз еңбектің серігі!

Ұстаз үшін шәкіртінің шыңға шыққаны – баға жетпес қуаныш. Ал Меруерт пен Едіге – сол қуаныштың айғағы, болашақтың жарқын шамшырағы.

Айгуль Болысбай,
Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің
арнайы пәндер оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.