Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мұқтаж жанға мейірім төккен

0 184

Таразда 17 мыңнан астам мүгедек пен 30 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олар күн сайын техникалық оңалту құралдарына тапсырыс беру кезінде, жеке көмекшілерді таңдауда түрлі кедергілерге тап болады. Осы сынды бірқатар мәселелерді шешу үшін өткен жылы Үкімет Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын қабылдады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Аталған жоспар аясында осы жылдың қаңтарында жаңа әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Порталдың (aleumet.egov.kz) басты ерекшелігі – профилін, рейтингін және басқа қолданушылардың пікірлерін ескере отырып, оңалтуға арналған техникалық құралдар мен қызметтерді өз бетінше таңдау мүмкіндігі. Екінші артықшылығы – уақыт үнемдеуге жағдай жасалған. Салыстыратын болсақ, бұрын мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырыс беру кезінде күрделі рәсімдерге байланысты мүгедек адамға техникалық оңалту құралын алты айға дейін күтуге тура келді. Қазір порталға тапсырыс бергеннен бастап үйге жеткізгенге дейінгі уақыт – 15 күн. Жеткізу қызметі мемлекет есебінен төленеді.

Бүгінгі таңда порталдағы реестрде 924 жеткізуші бар, оның 846-сы арнайы әлеуметтік қызметтерге, 78-і оңалту құралдарына, 47-сі санаторийлерге арналған. Интернет-платформа арқылы бүкіл ел бойынша 19 мыңнан астам тауар шығарылып үлгерді.

Барлық қызметтер мен оңалту құралдары портал арқылы мемлекеттік кепілдендірілген сома шегінде ақысыз түрде ұсынылады. Арнайы комиссия сапасы және тұтынушылардың пікірлері бойынша барлық жағынан оң бағаға ие болған тауарлар мен қызметтердің орташа құнын анықтайды.

Аталған порталдың жалпы жұмысы жөніндегі сауалдарымызға бізге Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектермен жәңе ардагерлермен жұмыс секторының меңгерушісі Гүлбахрам Дүйсекова жауап берді.

Жалпы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіруде портал қандай рөл атқарады?

– Ең алдымен, портал арқылы процестердің ашықтығы және қызмет түрлерінің көптігін көре аламыз. Сонымен қатар портал құнды деректер көзіне жатады. Біз қандай қызметтерге сұраныс бар екенін, қандай да бір оңалту құралдарының түрлерімен нақты қамтамасыз етілгенін көреміз. Осы деректерді талдау негізінде өңірлер, көрсетілетін көмек түрлері және басқа да параметрлер бойынша оңалту құралдары мен қызметтерге қажеттіліктерді болжауға, жалпы әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар әзірлеуге болады. Порталды пайдалану үшін ЭЦҚ, интернет және компьютермен жұмыс істеу қажет. Келесі жылы мобильді нұсқаны іске қосу жоспарлануда. Интернет немесе компьютерді пайдалану мүмкіндігі жоқ мүмкіндігі шектеулі азаматтар әр аудан және ауылдық округ әкімдіктерінің немесе әлеуметтік қорғау бөлімдерінің ғимараттарында құрылған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарына жүгіне алады. Мемлекеттік мекеменің қызметкерлері мүгедек адамдарға немесе олардың өкілдеріне порталда тапсырыс рәсімдеу кезінде көмек көрсетуге міндетті.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желі пайдаланушылары қызметтерге ақы төлеу және жеке көмекшілердің жұмыс режимі туралы мәселелерді жиі көтереді. Олардың жұмыс уақыты көбейе ме?

– Жеке көмекші қызметі 2015 жылы енгізілді және оның басты мақсаты –мүгедектерді әлеуметтік жұмысшылардың сүйемелдеуімен жұмысқа, оқуға, дүкенге бара алатындай етіп әлеуметтендіру. Жеке көмекшінің жұмыс уақыты сегіз сағаттан аспайтынын атап өткім келеді. Бұл норма бүгінгі күнге дейін сақталды. Алайда көмекшілердің жұмыс уақытын көбейту туралы мәселе жиі көтеріледі. Ешкім адамды тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүрлей алмайды, бұл заңсыз.

Жеке көмекшінің ақысы сағатына төленетінін білеміз. Бірақ көбінесе мүгедектің туыстары тәулік бойы қызмет көрсететін жеке көмекші ретінде жұмыс істейді. Туыстардың сегіз сағаттық жұмысына ғана ақы алуы әділетті ме?

– Жеке көмекшінің міндеті тек жұмыс күні ішінде сүйемелдеу болып табылады. Бұл әділеттілік мәселесіне емес, заңдылық мәселесіне байланысты. Қарапайым тілмен айтқанда, заңнамалық деңгейде жұмыс уақытын сегіз сағаттан артық арттыру мүмкін емес. 24 сағат жұмыс істейтін тәжірибе әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Көп жағдайда түсініспеушіліктер жеке көмекшіні мейірбикемен немесе медициналық қызметкермен шатастырған кезде пайда болады. Содан кейін мүгедектер көмекшіден инъекция немесе басқа да медициналық қызмет түрлерін көрсетуді талап етеді.

Бұл тұста 2021 жылдың шілдесінен бастап жеке көмекші қызметін алмайтын І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға жаңа үстемақы енгізілетінін атап өткен жөн. Сондай-ақ жеке көмекшінің қызметтерін көрсету тәсілдері қайта қаралады. Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде үйде көрсетілетін әлеуметтік көмек бөлімі жұмыс істейді, онда олар мүгедектерге, қарттарға және балаларға қызмет көрсетеді. Қызмет алушылардың жалпы саны – 656 адам. Олар 2000 жылдан бері жұмыс істейді және бұл бөлімде 109 қызметкер бар. Бөлімнің негізгі бағыты өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды біріктіру, оңалту және әлеуметтендіру болып табылады. Олардың функционалдық міндеттеріне қызмет алушыларды тамақтандыру, күнделікті өмірде көмек көрсету, тамақ дайындау, гигиеналық процедуралар, сондай-ақ тамақ пен дәрі-дәрмек жеткізу, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, психологиялық көмек, мәдени шараларға апару сынды жұмыстар кіреді. Сонымен қатар тиісті жәрдемақыларды алуға көмек көрсетеді. Қызметкерлердің құқықтық қолдауы да маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, қызмет алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау (азаматтық, тұрғын үй, зейнетақы), оларға өздерін қызықтыратын заңнамалық актілер туралы толық түсінік береді.

– Пандемия кезінде әлеуметтік қызметкерлер жұмысын тоқтатқан жоқ, өйткені қиын кезеңде адамдар көмекке бұрынғыдан да көп мұқтаж болды. Қалада қоғамдық көлік тоқтаған кезде әлеуметтік қызметкерлер қарттарға, жалғызілікті жандарға қажетті азық-түлік пен тауарларды жеткізу үшін аяқтарынан тік тұрды. Жеке көмекшілер екі қызмет алушыға күніне екі сағаттан қызмет етті, – дейді үйдегі әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Мағрипа Раптаева.

2020 жылы әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы өсіп, бұл оң өзгеріс әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын ынталандыру мен бағалауда маңызды рөл атқарды. Бұл ретте Нұрсұлу Уристенова өзінің жұмысы және әлеуметтік қызметкер болуға қалай шешім қабылдағаны туралы әңгімелеп берді.

– 2007 жылы жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. Маған әлеуметтік салада жұмыс ұсынды. Сұхбат барысында жұмыстың мән-жайы толық түсіндірілді, бірден келістім. 2007 жылдың 3 сәуірінен бастап Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектер мен ардагерлерге үйдегі әлеуметтік көмек көрсету секторында әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеуді бастадым. Қараусыз қалған қарт адамдардың өмірі қиындыққа толы. Сол себепті де еңбек жолымның басталуы оңай болған жоқ. Бүгінде өз мамандығыммен мақтана аламын. Мұқтаж жандарға қол ұшын беру азаматтық парызым деп білемін. Біздің міндетіміз – моральдық, физикалық және психологиялық қолдауға мұқтаж адамдарға көмектесу. Қазір сегіз адаммен жұмыс істеймін. Оның ішінде бір Ұлы Отан соғысының ардагері, I-II топтағы мүгедектер және жалғызілікті қарттар бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі салада жұмыс істеген. Олардың әрқайсысына басқаша көзқараспен қарауға тиіссіз. Жүректеріне жол таба білуіңіз керек. Қарттар соғысты да, аштықты да көрді. Осы бейбіт уақытта оларға көбірек көңіл бөліп, қамқорлық көрсетілгенін қалаймын. Қызмет еткен жылдары кейбір азаматтарға құжат жинауға және балаларына көшіп баруға көмектестім. Кейбірі менің жәрдеміммен II топтан I топқа көшу үшін медициналық тексеруге құжаттар жинады. Қызмет алушы, II топтағы мүгедек Шолпан Сурамбаева көп адамға үлгі бола алады. Ол өмірге құштар және ерік-жігері мықты. Хоббиі – тігіншілік. Ол өзінің алғашқы жұмыстарын қол машинада тіге бастаған. Қолдан түрлі бұйымдар жасады. Көрмелер ұйымдастырды, сол арқылы қолөнерді дамытты. Қалааралық, аймақаралық көрмелерге саяхаттады, түрлі байқауларға қатысты. Қазіргі уақытта оның жеке кәсіпкерлігі бар. Онда ол көрпелер, жастықтар, сөмкелер тігіп, жұмсақ қуыршақтар жасайды. Сондай-ақ өз пәтерінде кесте тігетін машинада лазермен әртүрлі ою-өрнектер кестелейді, – деп ағынан жарылды маман.

Сондай-ақ өңірде осындай қызметтерді ұсынатын үкіметтік емес ұйымдардың бар екені қуантады. Мысалы, «Шамшырақ-Тараз» бірлестігінің бақылауында 146 бөлімше бар. Ұйым 2018 жылы ашылған, қарамағында 30 қызметкер жұмыс істейді. Жамбыл облысында қызмет көрсетілгендердің жалпы саны 91 болса, оның алтауы жалғызбасты қарттар, ал 80-і балалар. Тараз қаласында жалпы саны 32 адам осы ұйымның қызметіне жүгінеді. Бұл адамдар мұқтаж жандарға көмек көрсетіп қана қоймай, қоғамның әл-ауқатын жақсартуға да үлес қосады, әлеуметтік саясатты реформалауға қатысатынын да айта кеткен жөн. Әлеуметтік қызметкерлер – бұл тек қызметтік міндеттерін орындауды ғана емес, сонымен қатар таза жүректің қалауымен жақсылық жасай білетін адамдар. Адамға деген шексіз мейірімділік пен сүйіспеншілікті бойларына сіңірген бұл қызметкерлер шынайы құрметке лайық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.