Алтыншы шақырылған қалалық мәслихаттың кезекті қырық үшінші сессиясында бірқатар мәселелер күн тәртібіне шығарылып, мәслихат хатшысы атқарылған жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.

Арайлым ШАБДЕНОВА Суретті түсірген Ю.Ким

Сессияға қала әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбек Жанбосынов, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатов пен қалалық бөлім басшылары қатысты. Жиынды №19 сайлау округінің депутаты Эльмира Мырза-Ғали жүргізді. Алдымен қалалық мәслихат хатшысы Батырбек Құлекеев есеп берді.

– Осы кезекті есеп беру аралығында мен Тараз қалалық мәслихатының алтыншы шақырылған депутаттары үшін нәтижелі істермен бірге орындалуға жататын жұмыстардың көп екенін жауапкершілікпен айта аламын. Мәслихат сессиясы – мәслихат қызметінің негізгі нысаны болып табылады. Қалалық мәслихаттың депутаты – өзінің сайланған округіндегі халықтың талап-тілегін жергілікті атқарушы органдарға жеткізуші және олардың орындалуына ықпал жасайтын, көпшілік дауыспен сайланған халықтың өкілі. Сессия барысында депутаттар қаралудағы мәселелер бойынша ұжымдық ізденістер жасап, дұрыс шешімдер қабылдау үшін бар күшін салады. Қалалық мәслихатта 4 тұрақты комиссия жұмыс атқарады. Жалпы 2018 жылы қалалық мәслихатқа 481 хат түсті, оның 441 хаты жалпы хат алмасу, 32 өтініш жеке тұлғалардан, 8 өтініш заңды тұлғалардан. Шығыс хат алмасу 564 құжат бойынша дайындалды. Мәслихат хатшысы ретінде тұрақты түрде сайлаушылардың жеке сауалдары бойынша қабылдау жүргізіліп, 64 адам қабылдауда болып, өтініштері қаралды. Аталған өтініштер бойынша хаттар тиісті өкілетті органдарға қарастыру үшін жолданып, қажетті мәлімет беру үшін жіберілді. Кейбір өтініштерге жеке қабылдау барысында түсініктемелер беріліп, мәселе толық шешілгенге дейін қосымша бақылауға алынды. Қала әкімдігі депутаттар алдында есеп береді, көтерілген мәселелер бойынша қала әкімі орынбасарлары да есеп беруге дайын болуларын сұраймын, – деген Батырбек Әбдірәсілұлы бірқатар ұсынысын да айтты.
Жалпы есепті мерзім ішінде мәслихаттың барлығы 13 сессиясы өткізілсе, оның төртеуі кезекті, тоғызы тиісті заңдылыққа және қала әкімінің ұсынысына сәйкес шақырылған кезектен тыс сессиялар. Сонымен қатар өткізілген сессияларда 6 рет бюджетке өзгеріс енгізу туралы мәселе қаралған.

Күн тәртібінің екінші мәселесі «Заңдылық, азаматтар құқығын қорғау, құқылық тәртібі және гендерлік саясат жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі» бойынша тұрақты комиссияның мүшесі Самат Мырзалиев сөз алып, хабарлама жасады. Ал «2019-2021 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2018 жылғы 19 желтоқсандағы №40-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы және «2016-2020 жылдарға арналған Тараз қаласын дамыту бағдарламасын бекіту туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2015 жылғы 23 желтоқсандағы №48-6 шешіміне өзгерістер енгізу туралы қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қайсар Сарытай айтты. Жиында барлығы он бір мәселе күн тәртібіне шығарылып, тиісті шешімдер қабылданды.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған