Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мұнай танкеріне көне шаһардың аты берілді

0 321
Ақтау портында «Taraz» және «Liwa» танкерлерін салтанатты қабылдау рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, «Қазмұнайгаз» АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Қазақстан Республикасындағы елшісі Мұхаммед Саид Әл-Арики, AD Ports Group Басқарма Төрағасы Мұхаммед Джума Әл-Шамиси, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС Бас директоры Айдар Оржанов бастаған құрметті қонақтар қатысты.
Шара барысында сөз алған М.Мырзағалиев пен Н.Ноғаев AD Ports Group Басқарма Төрағасы Мұхаммед Джума Әл-Шамиси мен БАӘ тарапын халықаралық Ақтау теңіз сауда портына жаңа мұнай құю танкерлерін тіркеу рәсімімен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздің көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау көрсетілетінін баса жеткізді.
Лебіздер легінен кейін екі елдің әнұраны орындалып, танкерлердің «өкіл аналары» ресми қабылдау рәсімін өткізді.
Айталық, «Taraz» танкерін қабылдау құрметіне Қазақстанның Еңбек ері, ардақты ұстаз Аягүл Миразова ие болса, «Liwa» кемесін БАӘ-ден келген Мубарака Әл-Мазроуей ханым қабылдады.
Осы орайда танкерлердің бірі Қазақстанның ежелгі шаһары — Тараз қаласының атымен аталса, екіншісіне БАӘ-дегі Liwa алқабының аты берілгенін ерекше атап өткен абзал.
Жалпы танкерлерді сатып алу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық көмірсутек тасымалы экспортының бағыттарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылған.
Мұнай құю танкерлері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) мен AD Ports Group арасындағы ынтымақтастық аясында сатып алынған. Дедвейті 8000 тонна жаңа кемелердің иесі — «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» (CIMS) бірлескен кәсіпорны. Бұл компанияның акционерлері — «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС (ҚМГ еншілес кәсіпорны) мен International Maritime Investments Ltd (AD Ports Group еншілес ұйымы).
Мұнай құю кемелері нидерландық «Damen» концернінің верфінде салынған. Танкерлердің ұзындығы — 140 метр, ені – 16,7 метр, шөгуі — 4,2 метр, жылдамдығы — 10 түйін. Олар озық басқару жүйелерімен жабдықталған, жоғары техникалық мүмкіндіктерге ие, заман талабына сай болғандықтан берік әрі тиімді. Танкерлер халықаралық қауіпсіздік стандарттарына, экологиялық талаптарға сай жасалған.
Жоспарға сай жаңа танкерлер биыл желтоқсанда пайдалануға беріледі. Олар Қазақстан мұнайын Каспий теңізі арқылы тасымалдауға жұмылдырылады.
Ресми рәсімнен кейін қонақтар кеме бортына экскурсия жасады.
Еске салсақ, 2023 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан мұнайы Ақтау – Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна көлемде жөнелтіле бастады. Біздің еліміз бен Әзербайжан паритет негізінде мұнайды Ақтау – Баку теңіз бағыты бойынша тасымалдайды. Жаңа танкерлер қазақстандық тараптың жылына 750 мың тонна көлемінде мұнай тасымалдау міндеттемесін толық орындауға мүмкіндік береді.
 
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.