Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәңгілік өшпес ерлік

0 443

Батырлық – халқымыздың бойында бар қасиет. Тарих қойнауына көз салсақ, осынау ұлы даланы қорғап қалу үшін өздерін ажалға тіккен азаматтар қаншама. Абылайдың ақ туының астында топтасқан Алаштан ел шетіне жау тигенде Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек сынды батырлар ақ найзасын қолына алса, Кенесарылар басынан айырылды. Азаттықтың ақ таңының жолында қаһарлы Желтоқсанда Қайрат пен Ләззаттар алаңға шықты. Солардың арқасында егемендігімізді еншілеп, дербес мемлекетке айналдық.

Өзгелердің өмірі үшін өз кеудеңді оққа байлау – бейбіт күндегі батырлықтың белгісі. Әрине, бұл кез келген адамның қолынан келмейді. Ол үшін батыл жігер, арыстандай айбат, жолбарыстай қайрат керек. Міне, осыларды ұштастырып, қауіпсіздікке қалқан болған қаһарман Ғазиз Байтасов еді.
Кешегі баһадүрлердің жалғасындай болған ол 1971 жылы 3 сәуірде Әбдібек Байтасов пен Гүлзат Шіркееваның отбасында дүниеге келген. Түймекенттегі орта мектепті тәмамдаған. 1997 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсіп, 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте білімін жалғастырады. Оқуды озат бітірген Ғазиз Әбдібекұлы туған жері Таразға оралып, құқық қорғау органында еңбек жолын бастайды.


2011 жылы 40 жастың қырқасына шыққан, кемеліне толған кезі еді. Дәл сол жылы қарашаның құстары қайтып, Жамбыл көшелерінің жапырағы төгіліп тұрған. Алайда сол күні ешкім Тараздың аспанын бұлт торлап, талай шаңырақ қара жамылады деп ойламаса керек. Нақтырақ айтқанда, қарашаның 12-сінде өзін «жиһад жауынгерімін» деп жариялаған М.Кариев есімді қылмыскер қаланың қақ ортасында ойран салған еді. 7 адамды жер жастандырған қандықол көшедегі жолаушының көлігін тартып алып, «Мәке» аңшылық дүкеніне баса-көктеп кіріп, дүкен күзетшісін атып өлтіреді. Дүкенге кірген бейбіт тұрғын Оразбақовты да ауыр жарақаттайды. Кинода кездесетін шым-шытырық оқиғадан еш аумайтын сүркейлі күнде қылмыскер дүкеннен «Сайга» және «СZ» мылтықтарын алып, жолай кезіккен тағы бір тұрғын Р.Садықовтың «ВАЗ-21099» автокөлігін иемденіп, мініп кетеді. Қалада қан төгіліп жатқан хабардың ізімен жеткен екі полиция аға сержанты П.Аянқұлов пен Ж.Байсейітовті де опат қылады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің ғимаратына ойран салған ол өкшелей қуған сержанттар Д.Құрманбаев пен М.Молдақасовты атып жаралайды. Сол күні облыстық ішкі істер депар-таменті Жол полициясы жеке батальонының 1-взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов арнайы көлікпен кезекшілікте жүрген еді. Қанқұйлы қылмыскер Қазыбек би көшесіндегі Орталық гастрономның жанына тоқтай қалып, айналасындағылардың бәріне ажал оғын шашады. Оқ пен оттың ортасында еш ойланбаған Ғазиз темір тұлпарын тізгіндеп, қарсы оқ атып, қылмыскерді кері шегіндіреді. «Джиптің» артына жасырынып, көліктерді бөгет ретінде пайдалана отырып, қаскүнем кенеттен Ғазиздің кеудесіне оқ атады. Барынша дайындықпен келген қылмыскердің қолында граната барын байқаған батырымыз аса қауіпті минуттардың басталып келе жатқанын сезеді. Елі үшін туған есіл ер еш ойланбастан лаңкеспен бетпе-бет келіп, оны жерге құлатады. Осы кезде қылмыскердің қолындағы граната жарылып, жарылыс бұрқ ете түседі. Ғазиз Байтасовқа осы ерлігі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Асыл азаматтың артында аңырап жары, қос құлыны қалды. Біз осы орайда Ғазиздің жұбайы Гүлжамал Тәжиеваның жан тебірентерлік естелігіне құлақ түрген едік.
– Екеуміз 1993 жылы мен Тараз қаласындағы Зауыт аудандық ішкі істер бөлімінде іс жүргізуші болып еңбек етіп жүрген кезімізде таныстық. Өзі ашық-жарқын, келбеті де келіскен сұңғақ жігіттің менде ойы бар екендігін әуелден-ақ сезген едім. Үш жылдан аса кездесіп жүрдік. Шындығында, сол бір жігіт пен қыздың сыр айтып, көкейіндегі арман-мұраттардың сайрап тұрған кезі екен-ау. 1997 жылы қолымызға дипломымызды алған соң, шаңырақ көтердік. Ол мені күтті. Мен оны сөзінде тұратын жігіт ретінде бағаладым. Тұңғышымыз Арманжан біз тұрмыс құрған соң үш жылдан кей-ін өмірге келді. Одан кейін араға сегіз жыл салып Әділжан дүние есігін ашты. Ғазиз үнемі менің қас-қабағыма қарап, денсаулығымды бақылап жүруімді қатаң қадағалайтын. Көзі тірісінде менің төлқұжаттағы есімім Гүлжамал болғанымен, Гүлжан деп еркелетіп кетті. Өзі кейде айтып отыратын: «Менің үш жаным бар. Олар: Гүлжан, Арманжан, Әділжан», – деп. Балаларын ерекше жақсы көрді. Ерекше бауырмал еді. Ғазиз азамат болып өскен кезде әкесі қайтыс болып, барлық ауыртпалық мойнында қалды. Өзінен кейінгі үш қарындасына әке орнына әке болды. Жалпы ол көпшіл болатын. Ғазиз өмірден кеткеннен кейін де достары үнемі хабарласып, хал-жағдай сұрасып тұрады. Мұның барлығы Ғазиздің орны олар үшін ерекше екендігінің дәлелі болар. Ғазиз өз жұмысының қаншалықты жауапты екендігін жан-тәнімен түсінді. Ол үшін отбасы мен қызметі қатар болды десем, артық айтпағаным шығар. Жаныңда ер азаматыңның жоқтығы өкінішті. Тағдырдың дегеніне көнеміз. Балалары да бар жағдайды жүрегімен сезінетін секілді. Әкелерінің қасиеті бойларына сіңген, менің қас-қабағыма алаңдайды. Буындары бекімесе де сүйеу болғысы келеді. Елі ұлының ерлігін ұлықтап жатқанда, ұлдарым жақсы азамат болып өсуі тиіс. Оған өзім де мүдделімін. Үлкен баламыз Арманжан әке жолын қуып, прокуратура саласында жұмысын жалғастырып жатыр. Кіші ұлымның да арманы – әкесі сияқты полиция қызметкері болу. Осылар аман болсын, елімізде тыныштық болсын. Зұлматты күндер болмасыншы бейбіт елімізде. Қайғымызға ортақтасып, жағдайымызды жасап отырған ел азаматтарына алғысымыздан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Гүлжамал Маханбетқызы.
Әрине, ерлік ешқашан ұмытылмайды. Күні кеше ғана облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Есімдері мәңгілік есімізде» атты еске алу кеші және Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған әннің тұсаукесері өтті. Бейбіт күнде оққа ұшқан батырлардың ерлігін еске алуға облыстық ішкі саясат басқармасы, ҚХА мүшелері, полиция қызметкерлері, ерлікпен қаза тапқан батырлардың жақындары қатысты.
Еске алу кешінде батырлардың артында қалған жарлары мен балаларына сөз берілді. Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева: «Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Мен Ғазиз Әбдібекұлын еске алып, батырлығы мен қайсарлығын жыл сайын дәріптеп жүрген облыс мекемелеріне, оның ішінде «Қоғамдық келісім» ұжымына және жан жарымның ерлігіне арнап жаңа әннің шығуына ұйытқы болған Мүбәрак Қасымқызына ерекше алғысымды айтамын! Ал артында қалған қос ұлы «Әке көрген оқ жонар» демекші, әскери өмірге аяқ басып, әке жолын жалғауды жөн көрді», – деп ағынан жарылды. Ұлы Арманжан да әке жолын жалғайтындығын айтып, естелігімен бөлісті. Аталған кеште Полат Аянқұловтың жары Миясара Юнусова да шексіз ризашылығын білдірді.
Шара аясында облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, Ғазиздің сыныптасы әрі досы Шайзат Әліпбаевты сөзге тартқан едік.
– Ғазизді мектепте барлығы – мұғалімдер де, оқушылар да жақсы көретін. Оқу барысының өзінде көшбасшылық, принципке беріктік және ашықтық сияқты қасиеттері анық байқалатын. Ол барлық істерде – спорттық, мәдени-бұқаралық шараларда белсенді болды. Біз сыныптастармен осы күні жиі жиналып, сынып жетекшісі Айзада апайға барамыз, сол жылдарды жылылықпен еске аламыз. Біз Ғазизді мақтан тұтамыз. Уақыт айналып келсе де, ол бәрібір осындай ерлік жолын таңдайтын еді, – дейді батырдың досы.
Жалпы тәуелсіздік таңы атқан тұстан бері 800-ден астам құқық қорғау қызметкері жұмыс бабында қаза тауып, 3 мыңға жуық полицей түрлі жарақат алыпты. Олар қоғам тыныштығын күзетіп қана қоймай, қиындыққа тап болған қаншама жанды ажалдан арашалап, өмірлерін құтқарып қалды. Олар – өзгелердің өмір сүруі үшін өздерінің басын тәуекелге тіккендер. Бүгінде шаһар төрінде Байтасов батырдың еңселі ескерткіші бой көтерсе, азаматтың атымен аталатын шаһар ортасында көше бар. Туған ауылындағы Түймекент орта мектебіне асыл азаматтың есімі берілген болатын. «Ер есімі – ел есінде» деген халық даналығы осы болса керек.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.