Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәдениет – рухани жаңғыру ордасы

0 15

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған мақаласының халыққа жеткеніне екі жылдан асты. Бұл мақала мазмұны терең, ауқымы кең, ұлт руханиятын ғасырлар биігіне көтеретін бағдарлама болды.

Елбасының мақсаты – ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақыру, дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сақтау, адамды сүю, құрметтеу, дәстүрді сыйлау, жаңғырту, қазақтың жайсаң мінезін, мәрттігін, тектілігін, мейірімділігін қалыптастыру және осы құндылықтарды сақтау, дамыту. Елбасы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап берді. Жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының алты бағдарын атады. Мақала қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастамаға айналды. Бұл игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру – баршамыздың міндетіміз.

Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және бөлімге қарасты Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Туған жер» және тағы да басқа жобалар аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оның болашағын қамтамасыз ету, өскелең ұрпаққа өз Отанына деген махаббатты дарыту, қазақстандық патриотизм сезімін нығайту және жастардың арасында ән өнеріне деген қызығушылығын арттыру, ұмыт болған халық әндерін жаңғырту мақсатында бүгінгі күнге дейін бөлім тарапынан 70 іс-шара ұйымдастырылып, іс-шараға 11579 адам қамтылды. Оның ішінде «Еңселі Елордам» атты ән байқауы, «Ел астанасы – Нұр-Сұлтан» атты мерекелік концерт, «Мерей» продюсерлік орталығының концерті, «Өрлеу» үлгілі балалар қазақ ұлт аспаптар оркестрінің концерті, «Домбыра думан» атты іс-шара, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жаз айларының әр сенбі күндері «Жамбылым қандай тамаша» атты концерттік бағдарламалар өткізілуде.

«Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» жобасы аясында Тараз қалалық әділет басқармасы қызметкерлерімен «Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам» акциясы, балабақша қызметкерлері арасында «Латын әліпбиі – өркениет жолы» атты насихат жұмысы, жоғары және арнаулы оқу орындары студенттерімен «Латын әліпбиіне көшу – болашақтың бағдары» атты семинар, Тараз қалалық кірістер басқармасы қызметкерлерімен «Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам» акциясы, №1 қалалық аурухана қызметкерлерімен «Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам» акциясы, мектеп мұғалімдері арасында «Латын әліпбиі – өркениет жолы» атты насихат жұмысы, «Тараз Су» мекемесі қызметкерлерімен «Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам» акциясы, «ҚазТранссГазАймақ» мекемесі қызметкерлерімен «Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам» акциясы өткізілді.

Тараз қаласы Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты барлық кітапханалар қалалық мекемелермен, жоғары оқу орындарымен, мектептермен тығыз байланыста жұмыстар атқарады. Жүйе бойынша «Жастар – кітап әлемінде», ашық аспан астындағы «Жазғы оқу залы», «Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобалары аясында көптеген іс-шаралар өткізу арқылы кітап қорындағы басылымдар насихатталып, кітапханаға оқырмандар тартылуда.
«Жастар – кітап әлемінде» жобасының мақсаты – жастарды патриотизмге, еңбекті сүюге, жалпыұлттық құндылықты әрбір жастың бойына сіңіруге, білімді де мәдениетті болып тәрбиеленуіне үлес қосып, жастардың кітап оқуы үшін оларды кітапханаға тарту. «Nur Otan» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасы аясында қалалық кітапханаларда ашылған «Коворкинг» білім орталықтарында «Жастар – кітап әлемінде» жобасы бойынша жастармен әртүрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Барлық кітапханаларда «Басты ұстанымымыз – Мәңгілік ел құндылықтарын ілгерілету, тәуелсіздікті нығайту», «Ұлы даланың жеті қыры», «Жайнай бер, жайсаң Таразым», «Адамзаттың шамшырағы – Абай», «Қазақстанның болашағы – жастар» тақырыптарында, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша және т.б. тұрақты көрмелер ұйымдастырылған.

Ашық аспан астындағы «Жазғы оқу залы» жобасы мен «Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобасы қалалық «Рухани жаңғыру» офисіне таңдалынып алынып, жұмыстар жүргізілуде. «Жазғы оқу залы» жобасының мақсаты – жеке тұлғаның бойындағы ізгілік пен ынтасын, оқырмандардың оқу қабілеттерін арттыруға, отбасылық кітап оқуын қамтамасыз етуге қолайлы орта құру, өз елінің нағыз патриоты болуға тәрбиелеу, кітап оқуға қызығушылықтарын арттыру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мен дамыту, азаматтардың рухани байлық алуын қамтамасыз ету және жазғы демалыс кезінде студенттер мен оқушылардың кітап оқуына, жалпы қала тұрғындарының бос уақыттарын тиімді пайдалануына ықпал жасау.

«Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобасының мақсаты – Қазақстанның мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде Жамбыл облысының деректі мұраларын сақтау және сирек кездесетін өлкетану қорларының сақталуын қамтамасыз ету. Сондай-ақ кітапханалардың кітап қорынан жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын және Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мұрағатынан фотоқұжаттарды цифрлау. «Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобасы бойынша өлкетану әдебиеттерін насихаттау мақсатында 18 жергілікті автормен шығармашылық келісімшарттар жасау арқылы олардың 56 атауымен 810 дана, оның ішінде мемлекеттік тілінде 37 атауымен 688 дана кітабы цифрланып, кітапхананың дерекқорына енгізілді. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мұрағатынан фотоқұжаттарды цифрлау бойынша ағымдағы жылы «Фотоархив» дерекқорына 623 фотоқұжат енгізілді.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту салтанатында: «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы дала деп, ал бабаларымызды Ұлы даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы дала», – деп айтқан еді. Елбасы осы сөздердің жалғасы іспетті болған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Ұлы даланың ұлағаттарын тағы бір айқындап берді. Сондай-ақ Елбасының жаңа Жолдауында: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет», – деген болатын. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жүйелі жалғасы саналатын «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақала аталған мазмұн мен бағыттарды көрсетіп берді.
«Дауыстап кітап оқу – руханиятқа талпынысты ояту» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – кітап оқу, оның ішінде әдеби көркем шығармаларды оқыту арқылы жастарды, жасөспірімдер мен балаларды тәрбиелеу, ой-өрісті дамыту, сөйлеу мәдениетін үйрету, шешендік және астарлы сөздердің мән-мағынасын түсіндіру.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары болашақта ұлттық коды мен түпкі тарихы бір, тағдыры мен тамыры ұқсас, мақсаты мен мүддесі бір бауырлас халықтар арасын жақындастыратын, ағайын арасына алтын арқау болатын іргелі жобаға айналатындығына сеніміміз мол.

Бақыт Тоқсанбаева,
Тараз қаласы әкімінің мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.