Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәдениет – өмір айнасы, өнер қоймасы

0 1  377

Расында, онда адамдық парасаттан бөлек, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік, игіліктер дүниесі үйлесім тапқан. Сонымен бірге мәдениет – адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Сондықтан бұл саланы өмір айнасы дейді көпшілік.

Мәдениет – әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты. Сол себептен елімізде мәдениетке айтарлықтай көңіл бөлініп, бірқатар бағдарламалардың тетіктері қарастырылған. Нәтижесінде өңірде аталған саланың адымы ауыз толтырып айтарлықтай, жоспары жұмыр. Нақтырақ айтқанда, облыс орталығындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде 26 клуб жұмыс істесе, оған қатысушылар саны 1038 адамды құрайды. Соның ішінде 19 ұжымның «Халықтық», «Үлгілі» атақтары бар. 26 үйірменің ішінде балаларға арналған үйірмелер саны – 11. Оған қатысатын балалар саны – 684. Оның мәдениет үйінде 7 үйірмесі жұмыс атқарады. Оған қатысушылар саны -154.

Әлемдік пандемияға байланысты бірқатар мәдени-көпшілік шараларды өткізуға тыйым салынғаны белгілі. Соған қарамастан шаһардың мәдениетіне жауапты мамандар тұрғындардың рухани сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында қаңтар-тамыз айларында 138 көпшілік мәдени іс-шара өткізіп, 161737 адамды қамтыды. Сондай-ақ қалалық мәдениет үйінің әлеуметтік желі парақшаларында онлайн құттықтаулармен ән жолдаулар жүргізіліп, онлайн сурет көрмелері ұйымдастырылды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Әнді сүйсең, менше сүй!» атты онлайн ән байқауы ұйымдастырылып, байқау жеңімпазы Берік Жорабековтің ән кеші өткізілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасының 80 жылдығына орай, Елбасының өмір жолынан түсірілген фильмдер «Жастар» аллеясында орналасқан лэд-экраннан халыққа көрсетілді. Сонымен қатар «Домбыраны әлемге танытқан ұлы тұлғалар» атты Ұлттық домбыра күніне арналған домбыра party іс-шарасы, «Елімнің жүрегі – Елорда!» атты сурет көрмесі, «Бетперде тақ!» челленджі, «Жақыныңа жанашыр бол!» челленджі, Құрбан айт мерекесіне орай қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының қала тұрғындарының көңілін көтеру мақсатында онлайн концерт, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай онлайн поэзия кеші, ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай онлайн сурет көрмесі және онлайн концерттік бағдарлама әлеуметтік желілер арқылы халыққа ұсынылды. Мұның барлығы – бүгінгі ахуалға қарамастан өнер адамдарының еселі еңбегі, жүйелі жұмысы. Өмір айнасы өнер болған соң, ол жарыққа шықпай тұра алмайды. Олай дейтініміз, мәдени шаралардың өзі – өмірдің бір бөлшегі һәм ұрпаққа берер тәрбие.

Сондай-ақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін, рухани діңгегін нығайтатын, тамырына нәр беретін мәдени дүниетанымдық кешенді бағдарлама екені белгілі. Онда бағзыдан келе жатқан ұлттың мәдениеті мен төл өнерін саф алтындай сақтап қана қоймай, заман ағымына сай мәдени өнімдерін қайта түлетіп, мәйегін бұзбай оқтын-оқтын жаңғырту сынды жауапкершілігі зор игі істі, ұлы міндетті мәдениет саласының мамандарына тапсырған болатын. Әлбетте, қалалық мәдениет үйі бұл бағытта да бағдарын айқындап, жұмыр жоспарымен жұмыс істеуде. Себебі ұлттық сананың кемелденуі мақсатында мәдениет саласының мамандарының қосатын үлесі орасан.

Иә, мәдениетті өнердің қоймасы деп жатамыз, ал тараздық мәдениет саласы қызметкерлерінің қоймасы ешқашан ортая қоймайды. Себебі сала мамандарының жүйелі жұмысы мен жұмыс жоспары, талайды таң қалдыратын таланттары ешқашан тасада қалған емес.

Бақыт Тоқсанбаева,
Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.