Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мүбәрак мереке

0 189

Шілде айының 11-і күллі мұсылман қауымы асыға күткен, исі мұсылман жамағатымен жаппай атап өтілетін зор мерекенің бірі – Құрбан айт мейрамы басталады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Әлем мұсылмандары бұл күні Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбандық шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысатыны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, құрбан шалу секілді ізгі амалы арқылы мұсылман адам Раббысына жақындай түседі. Жалпы дін мамандарының айтуына сүйенсек, «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді екен. Мұндай ұлық мерекенің еліміз үшін орны ерекше. Себебі қазақстандықтардың 70 пайызы – асыл дініміз ислам дінін ұстанушылар. Мұсылмандар мұндай діни мерекелерде бір-біріне деген өкпе-ренішін өткен шаққа қалдырып, бір-бірінің шаңырақтарына арнайы мейман болып барып, төс қағыстырып, араздықтарын ұмытуға ұмтылған.
Құрбан айт мерекесі күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, хош иіс себініп, мешітке барып, жамағатпен қатар сапқа тұрып, айт намазын оқу – сауапты іс. Мешітте айт намазы оқылғаннан кейін құрбандық шалынады. Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес.

Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен сырқат жандарға таратылады. Мұндай игі амалдар адамдар арасында мейірім, қамқорлық, кешірім, қайыр-шапағат секілді көркем мінез бен жақсы қарым-қатынас қалыптастырады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы пенденің иманы күшейіп, тақуалығы артады. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған. Осы ретте ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл құрбан шалудың ерекшеліктері туралы баяндап берді.
– Жалпы құрбан айт 4 күнге созылады. Оның алғашқы 3 күнінде құрбандық шалынса, соңғы төртінші күні тек дұғалар оқылып, салауат, ташриқ тәкпірлері айтылады. Осы күні Жамбыл облысы мен Тараз қаласында айт намазы таңғы сағат 07:00-де оқылады. Айт намазы оқылып біте салысымен, мұсылман жұртшылығы Аллаға арнаған құрбандықтарын шала бастайды. Құрбандық шалу үш күнге созылады. Үшінші күні күн батуға аз уақыт қала құрбандық шалу тоқтайды. Ғұлама Имам Мәліктің «әл-Муатта» атты еңбегінде сахаба Абдулла ибн Омар: «Құрбан шалу (бірінші) айт күнінен кейін екі күн», – деген. Ал Имам әл-Байһақидің «әс-Сунан» атты кітабында сахаба Әли (р.а.): «Құрбан шалу (бірінші) айт күнінен кейін екі күн», – десе, сахаба Әнас (р.с.): «Мал бауыздау құрбандық күнінен кейін екі күнге созылады», – деген. Барлығы үш күн, – дейді имам.
Сойылған құрбандықтың еті сүннет бойынша үшке бөлінеді. Бір бөлігі өзіне, бір бөлігі мұқтаж жандарға, ал бір бөлігі көршілеріне немесе туыстарына таратылып беріледі. Етке мұқтаж болса, малдың етін толығымен өзі ала алады. Етке мұқтаж болмаса, толығымен тарқатып беруіне де болады.
Келе жатқан Құрбан айт мерекесі мүбәрак, құрбандықтарыңыз қабыл болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.