Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлыларымызды ұлықтай білсек…

0 1  705

Жамбыл облыстық «Aq jol» газетінің 2021 жылы 24 тамыз күнгі нөміріне Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің атқарушы директоры Қибат Асқарбековтің «Әр адам өз үлесін қосады деген сенімдеміз» атты мақаласы жарияланды. Мақалада көтерілген Тараз қаласында Д.Қонаевтың ескерткішін орнату мәселесін көпшілік қызу қолдауда. Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Күләш Ахметова, академик Өскенбай Мадиев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков бастаған азаматтар облыс басшылығына Димаш Ахметұлының 110 жылдық мерейтойына орай шаһар төрінде еңселі мүсінін тұрғызу туралы ұсыныс хат жолдаған болатын.

Аймақ басшылары да бұл ұсынысты қолдап, тиісті мекемелер өз жұмыстарын жүргізуде. Бұдан кейін республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде Д.Қонаевтың монументалды ескерткішіне байқау жарияланып, оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Жезқазған қалалары мен Қарағанды және Жамбыл облыстарынан барлығы 230-дай туынды келіп түскен. Биіктігі – 4 метр, құны 49 миллион теңгені құрайтын мүсін қоладан құйылады. Астындағы тұғыры Алматы облысынан шығатын Құлжаның қоңыр қызы гранит тасынан тұрғызылмақ. Тұғырдың биіктігі 4 метрді, құны 25 миллион теңгені құрайды. Ал ескерткіштің айналасын абаттандырып, оны тасымалдау жұмыстарына 10-15 миллион теңге қаражат жұмсалады деп күтілуде. Бүгінде Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесі аталған қаржыны жинауға бастамашы болуда. Осы орайда қордың құрметті мүшесі, жасы 94-ке келген ақсақал Баттал Жаңабаев жергілікті кәсіпкерлерді өз үлестерін қосуға шақырып, өз зейнетақысынан алғаш болып қаржы аударғанын ерекше атап өткім келеді. Шаһардың тағы бір тұрғыны: «Мұндай игі істен ешбір азамат тыс қалмауы керек. Мен де осыған үлес қосқым келеді. Аз да болса, көптей көріңіздер», – деп ағынан жарылып, шамалы қаражатын берді. Расында, бұл іске зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар, дәрігерлер, спортшылар да мейлінше атсалысса нұр үстіне нұр болар еді. Халқымызда «Көп түкірсе – көл», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген аталы сөздер бар.
Жуырда республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде Байқал Байәділдің «Ел ардағының ескерткіші ашылды» атты мақаласын оқып, қолыма қалам алған жайым бар. Аталған мақалада бар ғұмырын туған халқына арнаған Еркін Әуелбековке қойылған ескерткіштің биіктігі – 4,5 метр. Ол заманында Көкшетау, Торғай және Қызылорда облыстарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына өлшеусіз үлес қосты. 1999 жылы Көкшетау қаласының орталық көшелерінің біріне Еркін Әуелбековтің есімі берілген болатын. Ескеркіш те осы көшенің бойында тұғырына қонды. Былтыр қоғам қайраткерінің 90 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Бұл, әрине, өзге облыстарға да үлгі емес пе? Барыс жылы Асанбай Асқаровтың да 100 жылдық мерейтойы келе жатыр. Ол Алматы, Шымкент және Жамбыл облыстарының өркендеуіне үлес қосып, ілгері басуына серпіліс тудырды. Халықтың қолдауымен 2004 жылы Тараздағы орталық көшелердің біріне қайраткердің есімі берілді. Енді сол көшеде оның еңселі мүсіні алыстан менмұндалап тұрса, үйлесімін тапқан іс болмай ма? Сондай-ақ биыл Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның да 90 жылдығы. Осыған орай облыс орталығындағы Бейбітшілік көшесі мен орта мектептердің бірі Шерағаның есімін иеленсе, даңқты жерлесімізге жасалған құрметтің төресі сол болар еді.

Боранбек Қошмағанбетов,
Махан Иманбаев,
Сағын Болатбеков,
Мәкен Саяқов.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.