Ерлік ешқашан да ұмытылған емес. Батырларымыздың ерлігі де, өр мінез болмысы да ұрпақ жадында жаңғырып тұрады. Міне, сондай тау тұлғаның бірі – батыр Бауыржан Момышұлы.
Қаһарман ұлдың өмірі мен ерлігін ұлықтаған ұрпаққа қалған құнды мұралары аз емес. Соның бірқатары туған топырағы – Жуалы ауданындағы мемориалдық музейде сақтаулы тұр.
Іргетасы 1995 жылы қаланған мұражайда бүгінде биік тұлғаның тұтынған заттары, сыйға алған кітаптары мен бағалы сыйлықтары қойылған. Бұл дүниелерді музейге Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова тарту еткен.
Мұражайға кіре берістен Бауыржан Момышұлының полковник шеніндегі шинелі менмұндалап көрініп тұр. Батырдың өзі киген шинелі отты жылдардан елес беріп тұрғандай. Қанды майданды көзбен көрмесек те, сол күндер көз алдымыздан жүгіріп шыққандай болады. Талай тағдыр тартысын көрген бұл шинелі музей төрінде бейнебір батыр тұлғасындай асқақтап тұр.
Сарғайған архив суреттерінен Сәбит Мұқановтың ылғи тақия киіп түскен суретін көретінбіз. Жазушы сол тақияны бір өзі ғана кимей, қаламдас інісі болған Бауыржан Момышұлына көзі тірісінде біреуін сыйға тартқан екен. Міне, осы тақия да мұражай төрінен орын тапқан. Ал «Ұшқан ұя», «Қанмен жазылған кітап» сияқты шығармаларды дүниеге әкелген қалам мен сиясауытта батыр Бәукеңнің жаны мен рухы қалғандай.
Соғыс қасіретін басынан кешкен батырдың өз қолымен сызған картасы да музейде сақтаулы тұр. Онда майдангерлердің қай жолмен жүру керектігі, жаудың аяқ алысын қалай аңду қажеттігі бейнеленген. Қазақ және араб әріптерімен жазылған картада жаудың шоғырланатын орны көрсетіліпті. Карта сызуда араб әріптеріне басымдық берілген. Егер бұл карта жау қолына түсіп қалса, қазақ әскерлерінің жауға барар жолдағы шығу нүктесі белгісіз болсын деген оймен осылай істелсе керек. Соғыс психологиясын терең меңгерген командирдің бұл көрегендігі талай сарбазды аман алып қалғаны анық.
Батыр Бәукең – әскери тұлға болумен қатар, қалам мен қаруды қатар ұстаған жан. Бастапқыда шағын өлең жазудан бастаса, кейін келе әдеби шығармалар мен мемуарлар жазды. Алайда Бауыржан Момышұлының ел білмейтін бір сыры – ол өз қолымен ою ойған. Музейге қойылған керемет оюлар Ер Бәукеңнің қолынан 1973 жылы туған екен. Қаһарман ұлдың әкесі өз дәуірінде темірден түйін түйген зергер болған. Міне, осы қасиет Ер Бәукеңнің бойына қанмен құйылғандай.
Бауыржан Момышұлының «Мәскеуде емес, Жуалыда жүрегім, Жуалымды аңсаймын да жүремін» деген өлең жолдары да мұражай төрінде ұрандап тұр. Әрине, Ер Бәукеңнің кіндік қаны тамған жерде музейдің жұмыс істеп тұрғаны қуанарлық іс. Алайда Бауыржан Момышұлына арналған мұражайдың бірі облыс орталығы – Тараз қаласында да ашылған болатын. Мұндағы ең құнды жәдігер – батырдың «Маузері». Бауыржан Момышұлы 1970 жылдары облыстық тарихи өлкетану музейіне «Маузерім» осы музейде тұрсын» деп өз қолымен тапсырып кеткен екен. Тіпті, аманат хат жазып қалдырыпты. Ол да мұражайдың құнды мұрасына айналған.
Қазіргі таңда қаһарман ұлмен бірге қанды майдан көрген «Маузер» облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ залында» тұр. «Маузерді» көзбен көрсең, көңілің толқып, ерекше күй кешесің. Батырдың айбынын асқақтатқан «Маузердің» қаншалықты маңызды болғанын жан жүрегіңмен сезінесің. Ұлы тұлғаның өз қолымен тапсырған құнды мұрасын көзбен көрудің өзі адам бойын алабөтен күйге бөлейді. Бұл «Маузер» кейінгі ұрпақтың жігерін жанып, патриоттық рухын асқақтататыны анық.
Иә, батыр атамыздан қалған әр зат – тарихи құндылық. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының осы «Маузерін» басқа емес, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсыруы – үлкен абырой әрі мақтаныш. Бүгінде батырдан қалған құнды жәдігерлерді көруге келушілердің қарасы қалың. Осының өзі Ер Бәукеңе деген тағзым мен құрмет.
Дәулет АЙНАБАЛА