Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлы даланың ұлы есімдері

0 42

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаcы – бүкіл елдің сапалы түрде қайта жаңғыруына негіз бола алатын идеялық бастау.

Адамзат қоғамының тарихында, ұлттың жадында шешуші рөлді ұлы тұлғалар атқарады. Ата-бабаларымыз дала бостандығын сүйе отырып, тарихтың қатал кезеңдерінде салт-дәстүр мен тіл, дін, ділімізді жоғалтпай бізге жеткізді. Қазіргі тәуелсіз ел болуымыздың себепкері – ұлы тұлғалар.

«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы шеңберінде ұлы адамдардың білімін, ұлы адамдардың идеяларын жастарға насихаттау, ұлы тұлғалардың шығармашылық мұраларын танымал ету мақсатында Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде қазақ халқының ұлы көсемі Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығын насихаттау мақсатында «Ұлт ұстазы», рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды екенін түсіндіру мақсатында «Рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты шолулар өткізілді. Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерімен «Қазақ даласының даналары» атты дайджест онлайн режимінде ұйымдастырылды. Іс-шарада орталықтың тәрбиеленушілері Яровая Руслана, Овчеников Аркадий, Пентелеев Амир, Канкан Элона Қазыбек бидің, Төле бидің, Әйтеке бидің өмірлік маңызы зор нақыл сөздерін жатқа оқып берсе, кітапханашылар билердің өміріне тоқталып, қызықты мағлұматтар келтірді. Кітапхана ұжымы «Бабалар сөзі – тәрбие көзі» атты кітап көрмесіне шолу жасады.

Биыл Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл. Жамбыл Жабаевты М.Әуезов «Ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы» деп атаған. Қазақтың Жамбылы: «Уа, әлеумет, құлақ сал! Қария Жамбыл жырласын! Мен сөйлемей кім сөйлер, Заманам менің сырласым», – деп еді. Заман өзгерер, уақыт зымырар, бірақ өзгермейтін бір-ақ нәрсе, ол – құрыштай құйылған Жамбыл бабаның өлеңдері.

Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толғалы тұр. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған осы дүбірлі мереке оқырмандар арасында Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесімен бірлескен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» тақырыбында Көкшетау-Тараз online-телекөпірі ұйымдастырылды. Телекөпірдің мақсаты – халық поэзиясының атасы атанған Жамбылдың даңғыл жыраулығы, ұлы айтыскерлік мұрасы, күйшілік, жыршылық өнері, ғажап әңгімешілдігі, байтақ шежірешілдігі мен ақын жырларының шеберлігі жайында сөз қозғау, ақын шығармашылығы арқылы оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.

Телекөпірдің қонақтары – Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбайқызы Тілегенова, Руханият және тарихтану орталығының «Жамбылтану» бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Қалыбек Атжан, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов даналықтың жауһары, даралықтың тарланы Жамбылдан жеткен жыр-мұраның қалың көпшіліктің ортақ мәңгілік сипаттары мен сырлы әлемінің үлгі-өрнектері туралы әсерлі әңгімелерімен қос қаланың оқырмандарымен ой бөлісті. Жамбыл бабамыздың толассыз жыр бұлағы, өшпес өнегесі, мол мұрасы жасампаз ұрпақтың сырласындай мәңгі бірге жасай береді.

Тарихты дәріптеу, ұлттық мұраны насихаттау, руханиятты ұлықтау мақсатында Ә.Бөкейхановтың 155 жылдығына орай «Халқым деп соққан жүрегі, қазаққа туған ұл еді», Сыпатай батырдың 230 жылдығына орай «Тәуелсіздікті жақындатқан тұлғалар», Саңырақ батырдың 330 жылдығына орай «Ұлы дала батыры», Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Даланың дара ұстазы» тақырыптарында ұйымдастырылған шараларда оқырмандар ұлтымыздың түп-тамырын білуге, ата-бабамыздың жүріп өткен жолына терең үңіліп, кітап оқуға деген қызығушылығына ықпал жасалды.

Ұлбосын САУЛЕБАЕВА,
Тараз қаласы Орталықтандырылған
көпшілік кітапханалар жүйесінің
директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.