Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұлтының ұлы перзенті

0 226

Әр ғасырдың, әр дәуірдің өз бояуы бар. Жарық-сәулелі, қоңырқай-көлеңкелі тұсы да аз емес. Өткенің мен бүгінінің, ертеңің бәрі мидай араласып жатыр. Алайда тарихтың кестелі шежіресіне кез келген пенде өз өрнегін қалауымен ойып сала алмайды. Тарихта аты қалатындар – топтан озған тұлғалар. Біреулері бүкіл империяны шеңгелінде ұстап, қаталдығымен есте қалса, екіншілері ұлы қырғын соғыс ашып аты шығады.

Ал өркениет атаулыны өрлетіп, жер бетіне игілік әкелген ұлылар қаншама?! Міне, сондай ұлы тұлғаларымыздың бірегейі – халқымыздың аяулы перзенті, аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.
Д.Қонаев өмірінің 45 жылға жуығын ел басқару ісіне арнады, ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Ол жауапты басшылық қызмет атқара жүріп, республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Республиканы басқарған жылдары Қазақстанда жаңа өнеркәсіпті аудандар қалыптасып, елде жаңа қалалар мен ірі елді мекендер пайда болды. «Павлодар-Екібастұз» отын-қуат кешені, Қарағандыдағы ГРЭС-2, Шығыс Қазақстандағы «Бұқтырма» су электр станциясы, Павлодар трактор зауыты және тағы да басқа кәсіпорындар осы кезеңде іске қосылды. Маңғыстаудың мұнай кен орындары игерілді, теміржол құрылысы, көлік қатынасы түрлері дамыды. Республика титан, магний, каучук өндіре бастады. Жезқазған, Маңғыстау және Торғай облыстары құрылды. Д.Қонаев Алматы облысы, Кербұлақ алқабын игеруге, «Қапшағай» су қоймасын, «Үлкен Алматы» каналын салуға ерекше көңіл бөлді. Алайда Қазақстан экономикасы, жалпы алғанда, Одақ үшін шикізат базасы бағытында дамыды. Бүкіл Кеңес Одағына тән экономиканың милитарлануы Қазақстанда да белең алды. Алматы, Өскемен, Петропавл, Орал, Степногорск секілді бірқатар қалада үлкен заводтар әскери өнім шығарумен айналысты.
Дінмұхамед Ахметұлы көзі тірісінде кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала тұрғызды. Алматының гүлденуіне, әсіресе, орталықтың үкімінсіз бірде-бір көпір салынбайтын жағдайда халқына перзенттік әрі басшылық борышы ретінде Лениннің 100 жылдығын алға тартып, сыйлы қонақтар құрметіне деп зәулім ғимарат – Республика сарайын көтеріп, көсем даңғылын көркейтеміз деген желеумен 25 қабатты «Қазақстан» қонақүйін, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрын, Қазақ циркін, Неке сарайын, Ұлттық кітапхана секілді бүгінгі таңда да халық игілігінің ажырамас айнасы болған нысандардың салынуына басты себепші болғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Бұл күні ата-бабамыздан мұра болып, сарқыттай жеткен туған мекеніміздің әрбір тауы мен тасы үшін өскелең ұрпақтың қай-қайсысы болсын мақтанады, марқаяды. Д.Қонаев қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Ғылым Академиясының Тау кен және түсті металлургия институтына, еліміздің бірқатар мектептері мен көшелеріне Қонаев есімі берілді. Қайраткер көзі тірісінде-ақ халықтың ризашылығына бөленген қоғам қайраткері, болашаққа ерекше үлгі болатын қайталанбас тұлға атанды.
2022 жылы Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына орай Тараз қаласындағы ұлы тұлғаның атындағы көшенің бойынан Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Д.А.Қонаев орталығы» ашылды.
Бабалар аманатына шынайы берілген, халқының жүрек төрінен орын алған, ұлтқа қадірлі, еліміздің іргесін нығайтып, еңсесін тіктеп, бүгінгідей қуатты мемлекет болуға тер төккен тарихи тұлға Дінмұхамед Қонаевтың елімізге сіңірген зор еңбектерін, халқымызға жасаған игі істерін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Д.А.Қонаев орталығы» біршама ауқымды жұмыстар атқарып отыр. Атап айтсақ, жыл басынан бері Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасымен бекітілген дәріс сабақтарының кестесіне сәйкес, қала аумағындағы 20-дан астам жалпы білім беру ұйымында (мектеп, колледж) рухани кездесулер өтті. 2023 жылдан бастап
3 жыл қатарынан «Қазақтың біртуар ұлы – Д.А.Қонаев» атты облыстық шығармашылық байқау дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Алдағы уақытта аталған байқауды республикалық деңгейде ұйымдастырсақ деген жоспарымыз бар.
Тарихи тұлғаны еске алу мақсатында 12 қаңтар – Дінмұхамед Ахметұлының туған күні және 22 тамыз – өмірден озған күніне байланысты Д.Қонаев көшесінің бойында 2022 жылы бой көтерген 8 метрлік қоладан құйылған зәулім ескерткішке гүл қойылып, ас беріліп, рухына тағзым етіледі.
Қорытындылай келе, халқының алғысына бөленіп, батасын алып өткен сүйегі асыл жан өмірінде өзіне тұрмыстық жағдай жасаған жоқ. Керісінше, өмірде шыншыл, мейірімді, жоқтарға қамқоршы болды. Ширек ғасыр Қазақстанды ши шығармай басқарып, үш жүз түгіл елімізде тұратын жүзге жуық ұлт өкілін тең көрді. «Жақсыдан – шарапат» демекші, тұтас бір ұлттың саяси көсемі ғана емес, рухани ұстаыз болған дана адамның жақсылығын көрген жандар күні бүгінге дейін оған деген ризашылықтарын білдіріп, сағынышпен еске алады. Сондықтан оның есімі беделі биік саясатшы, телегей-теңіз терең ақылдың кені, аса білімдар ретінде халық жадында мәңгілік сақталып қалды.

Бекзат НҰРЛАНҚЫЗЫ,
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі
Д.А.Қонаев орталығының бөлім меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.