Ел Президенті жыл басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында 2024 жылдың көктемінде болған жойқын су тасқыны туралы сөз қозғады. Парламентте жаңа «Су кодексінің» жобасы қаралып жатқанын айтып, «Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы» және оның кешенді жоспары бекітілгенін жеткізді. Онда 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген деп атап өтті. Мұндай ауқымды жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргізу үшін су мамандары қажет екені белгілі.
Су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыстарын жандандыру үшін 2024 жылы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Оқу ордасы Тараз қаласындағы бұрынғы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты базасында құрылды.
Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты Қазақ аграрлық университетінен бөлініп, 1962 жылы Жамбыл қаласында жеке институт болып құрылған. 1962-1998 жылдары республикаға және бұрынғы КСРО елдеріне 15 мыңнан астам маман даярлап шығарған. 1998 жылы Жамбыл қаласындағы үш институт бірігуімен, Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты – Жамбыл университеті құрамына еніп, жеке ЖОО атағынан айырылып еді. Бұрынғы институт құрамынан 1998-2023 жылдар арасында тек бір ғана «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультеті қалған болатын. 2023 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті құрамында су мәселесі көтеріле бастауына байланысты «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институты деп қайта ашылды.
Мемлекет басшысы сұхбатында айтқандай, жаңа «Су кодексі» мен «Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы» және оның кешенді жоспарында су қоймалары мен ирригациялық жүйелерге аса үлкен мән берілген. Тұжырымдамада Қазақстанның су шаруашылығы кешеніне жобалық көлемі 87,8 текше шақырым болатын 405 су қоймасы, 118 су торабы, 8 577 канал, 461 бөгет және 3 805 басқа да құрылымдар, оның ішінде тұрақты тексеруді талап ететін 1 502 имараттар кіреді делінген. Қазіргі уақытта су қоймалары мен ирригациялық жүйелердің басым бөлігі тозған немесе орта деңгейде жұмыс істейді.
Сондай-ақ аталған құжаттарда 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Жалпы ұзындығы 14 450 шақырымды құрайтын суару каналдарын реконструкциялау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары, жайылымдық алқаптарда суару құрылымдарын қайта құру және салу, және сонымен бірге Орталық Қазақстанның су күре тамыры – Қаныш Сәтбаев атындағы каналды реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Жоғарыда аталған су құрылымдары пайдаланатын суды үнемдеу нәтижесінде экономикалық тиімділіктермен қатар су тасқынын болдырмау салдарынан қоршаған ортаға жақсы әсер етеді.
Ирригация каналдарын жаңғыртудағы негізгі қиындықтар ретінде арна табандары мен жақтауларының шөп қаптап өсуінен, олардың өтімдері кемуінен туындайтын ирригация кезіндегі суды пайдаланудың пайдалы әсер коэффициенті 0,5-0,6 дейін төмендеуін көтеру үшін, арналарды тазалау жұмыстарына кететін орасан қаржылай шығындарды айтуға болады. Және де біздің республикадағы суармалы алқаптар негізінен қуаңшылық аймақтарда орналасқандықтан, ирригация каналдарынан булану мөлшері көп болуымен қатар, арналар табаны топырақта өтетіндіктен, судың сүзілуі, яғни фильтрациялық шығындар да көп. Сол себепті ирригация каналдарын жаңғыртуда булану, сүзілу шығындарын азайтуға аса көңіл бөлу қажет.
Жаңа «Су кодексінде» суды үнемдеуге аса қатты көңіл бөлінеді. Мысалы, су пайдаланушылар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, суды үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу жөнінде шаралар қабылдауға, сондай-ақ жерасты ауыз суларын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге міндетті. Ал суды қайта пайдалану жүйесі жоқ ұйымдар жаңа кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей мұндай жүйелерге көшу жоспарын ұсынуға тиіс. Су саласына инвестиция тартуды ынталандыруды және су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарды мемлекеттік қолдау арқылы су ресурстарын басқару жүйесін дамытуға болады.
Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін әлемнің көптеген елдерінің су заңнамасы мемлекеттік су шаруашылығы органдарын құра отырып, су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік реттеуді көздейді. Экономикасы дамыған елдерде ластану деңгейін төмендету және су ресурстарының сарқылуын болдырмау мақсатында су объектілерін кешенді пайдалану мен қорғаудың ұзақ мерзімді бағдарламаларын әзірлеу қажеттілігі заңнамалық тұрғыдан белгіленген. Су ресурстарын басқару мемлекетаралық, мемлекеттік, бассейндік, аумақтық, сондай-ақ су пайдаланушылар деңгейінде жүзеге асырылады. Қазақстан үшін халықаралық тәжірибелерді негізге ала отырып, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардың мүдделерін тең сақтайтын су ресурстарын басқару жүйесін құру дұрыс шығар деп ойлаймын.
Білім мен өндірісті интеграциялау мақсатында «Су ресурстары» кафедрасы «Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-мен (Тараз қаласы), «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы, «Шу-Талас бассейндік инспекциясы» РМК және «Казюжгипроводстройпроект» ЖШС тығыз байланыс орнатқан. Кафедрада практиканы және ғылыми жұмыстарды орындауға жақсы зертханалық жағдай жасалынған. Студенттер, магистранттар мен докторанттар зерттеу және тәжірибе жұмыстарын жүргізу үшін заманауи жабдықтармен толықтырылған «Гидравлика және гидротехникалық құрылымдар» зертханасын пайдаланады және зерттеу жұмыстарын жүргізеді. «Су ресурстары» кафедрасы «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалымен келісімге отырған, екі жақты серіктестік жасауға меморандумға қол қойылып, өндірістік жағдайда мекеменің ғимаратында кафедраның филиалы ашылып, сабақтар өткізіледі. Мекеме Талас су торабы маңында орналасқандықтан, білім алушылар үшін тәжірибелік маңызы зор. Болашақта бұрын Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты құрамында болған «Жасөркен» оқу-тәжірибелік лагерін қайтадан іске қосса, «Инженерлік геодезия», «Гидрометрия», «Гидрология және ағынды реттеу» және «Гидротехникалық құрылымдар» пәндерінен өндірістік тәжірибелер өткізуге болар еді.
Университет дайындайтын түлектер су ресурстарын басқару саласында кең бейінді жоғары білікті маман ретінде, іргелі білім негізінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, бөлу және басқару мәселелерін шеше алады. Су шаруашылығының теориялық және практикалық міндеттерін шешуге қабілетті және мемлекеттің негізгі ресурстарының бірі ретінде су ресурстары мен гидротехникалық құрылымдарды ұтымды пайдалану мәселелеріне бағдарланған су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыс саласында кең бейінді жоғары білікті маман болып шығады. Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру мен өнеркәсіп саласындағы кәсіби міндеттерді шешуге қабілетті жоғары білікті маман болып, табиғи, сарқынды және айналмалы суларды тазартудың инновациялық процестерін әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік және халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес азаматтық және өнеркәсіптік мақсаттағы құрылыс объектілерінің су шаруашылығының жаңа технологияларын жобалау және енгізу жұмыстарын жүргізеді.
«Суармалы жерлер инфрақұрылымының техникалық жағдайының нашарлауына байланысты ауыл шаруашылығында су өнімділігі төмен. Нәтижесінде суды суармалы алқапқа жеткізу кезінде пайдалану коэффициенті соңғы 30 жылда 0,8-ден 0,5-0,55-ке дейін төмендеді. Бұл ретте суармалы егіншіліктің басым бөлігі шоғырланған елдің оңтүстік өңірлерінде су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейі суармалы жерлердің жалпы көлемінің 3 %-ын ғана құрайды» деп жазылған «Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында». Бұл жерде нақты айтатын болсақ, су үнемдеу технологияларына – жаңбырлатып суару, тамшылатып суару, ирригация каналдары табанын бетондау, суалу тораптарын автоматтандыру және т.б. жұмыстарды жатқызуға болады. Біздің елімізде, әсіресе суды негізінен суармалы егіншілікке пайдаланатын Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында әлі күнге дейін ирригациялық каналдардың басым бөлігінің арналары топырақта өтеді. Бұл сүзілу шығындарының көптігіне және булануға алып келеді. Менің ойымша, жаңбырлатып суарудан гөрі суармалы алқаптарға құрастырып, орнату оңайырақ болатын тамшылатып суару технологияларын енгізген дұрыс деп ойлаймын. Қазақстанда соңғы кездері тамшылатып суару технологиясының құрылғылары және техникаларын жасаумен айналысып жатқан фирмалар баршылық.
Трансшекаралық өзендердің су сапасын жақсартуға, көршілес елдер тарапынан төнетін су басумен күресуге және трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған «Су кодексін» құру қажет. Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, трансшекаралық өзендермен шектесетін елдермен жалпыға ортақ келісімшарт жасау керек, онда әр мемлекеттің мүддесі қаралып, БҰҰ бекіткен мемлекетаралық өзендерді пайдалану тұжырымы сақталуы тиіс.
Қазақстандағы су ресурстарын басқаруда республикада қалыптасатын және елімізге сырт елдерден келетін ағын мөлшерін мұқият есепке алу, су ресурстарын пайдаланушылардың деректерін талдау, қолданыстағы гидротехникалық құрылымдардың жай-күйіне үнемі мониторинг жасау, олардың қауіп-қатерін бақылап отыру, мүмкіндігінше су қоймаларының көлемі мен ирригациялық каналдардың өтімін автоматтандырылған жүйелермен тексеру, су үнемдеу технологияларын енгізу және осындай жұмыстарды жүргізу үшін кәсіби мамандарды даярлайтын білім ордаларына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету керек.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Президент бұйрығымен бұрынғы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты базасында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылып отыр. Бұл су мамандары тапшылығын шешуде үлкен рөл атқарары хақ. Себебі, 2023 жылдан бастап «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар», «Елді мекендерді сумен қамту және суды бұру» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау жүруде. Еліміздегі су мамандары тапшылығын жою мақсатымен 2025-2026 оқу жылынан бастап «Гидроэкология», «Гидроэнергетика», «Гидромелиорация», «Гидромеханизация» және «Су шаруашылығының экономикасы» мамандықтары даярланады.
Мұратхан АБДИРОВ,
«Қазақ су шаруашылығы және ирригация ұлттық университеті» КЕАҚ, «Су ресурстары» білім беру бағдарламасының жетекшісі, PhD
Сапарбек ЖОЛДАСОВ,
«Қазақ су шаруашылығы және ирригация ұлттық университеті» КЕАҚ, «Су ресурстары» білім беру бағдарламасының доценті, т.ғ.к.