Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық ойын үздіктері анықталды

0 220

«Тараз-Арена» спорт кешенінде тоғызқұмалақтан Жамбыл облысының ашық турнирі өтті. Облыстың 80 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған айтулы додаға 88 спортшы қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай сынға түсті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Жарыс тоғызқұмалақтың рапид түрінен және қатысушылардың санына байланысты швейцариялық жүйе бойынша өтті. Нақтырақ айтсақ, әр жас санаты бойынша жарыс жолына шыққан үміткерлер 7 кезеңде бақ сынап, кіл мықтыдан кім мықты анықтады. Олай дейтініміз, қатысушылардың қатарында тоғызқұмалақ ойынының 2 спорт шебері мен 12 спорт шеберіне үміткер үздіктер болды.
Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық тоғызқұмалақ қазақ ұлттық ойын қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған жарысқа ұлттық спортты ұлықтап жүрген жеке кәсіпкерлер демеушілік етті.
– Бүгінгі турнир жасөспірімдер, ересектер мен ардагерлер арасында ұйымдастырылып, екі күнге созылды. Жарыс барысында облыстық тоғызқұмалақ ұлттық ойын қауымдастығы атынан соңғы бес жылда республикалық деңгейде топ жарып жүрген үздік ойыншы, үздік жаттықтырушы, үздік төрешілерді марапаттадық. Сондай-ақ ұлттық ойынды насихаттауға қолдау көрсетіп жүрген қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Оксана Борисюк те марапатқа ие болды. Жарыс қорытындысы бойынша шын мықтылар топ жарып, өздерінің үздік екендерін тағы бір мәрте көрсетті, – деді ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой спорт клубының жаттықтырушысы Ербол Нұрханов.
Жарыс қорытындысы бойынша 14 жасқа дейінгі ерлер арасында тараздық Азиз Азыралы мен қыздар арасында Т.Рысқұлов ауданының тоғызқұмалақшысы Алия Али қарсыластарынан басым болса, 14-50 аралығындағы ерлер арасында тараздық Нұрбол Нұрханов пен қыздар арасында Т.Рысқұлов ауданының үміткері Ұлжан Мұраталиева үздік атанды. Ал 50 жастан жоғары ерлер арасындағы ойында тараздық Мейрам Ноғайбаев қарсылас шақ келтірмеді. Жеңімпаздар анықталған соң, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков пен «Облыстық тоғызқұмалақ қазақ ұлттық ойын қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Батырбек Құлекеев жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақшалай сыйақыларын табыстады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.