Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық ойын – халық мұрасы

0 357

Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Ұлттық ойын – халық мұрасы» атты спартакиада ойындары өткізілді.

Аталмыш іс-шараға 14-29 жас аралығындағы жалынды жастар мен өзге ұлт өкілдері қатысты. Жеңіске үміткер 5 топ жасақталды. Қатысушы топтардың сақтық шараларын сақтай отыра үлкен дайындықпен келгендігі көңілге қуаныш ұялатты.

ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры болғандықтан, бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі, ой-өрісі жоғары, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті болып тұр.

Ұлттық ойындар – қазақ халқының ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтың бір түрі. Ұлттық ойындар – ата-бабаларымыздан бізге қалған байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Жастар арасында ұлттық ойындарды дәріптеу мақсатында ұлттық ойындардан спартакиада ойындары өткізілді.

Іс-шараның ашылу салтанатында. Тараз қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Абзал Есіркепов қатысушыларға сәттілік тіледі. Шараға бас төреші болып ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының жеңімпазы Виталий Турбин төрелік етті.
Сайыс 5 кезең бойынша өткізілді:

  1. Ләңгі тебу;
  2. Гір тасын көтеру;
  3. Қол күрес;
  4. Асық ату;
  5. Арқан тарту.
    Алғашқы кезең бойынша «Жасыл ел» командасы 66 ұпай жинап алға шықты, ал екінші болып «Сұңқар» командасы 27 ұпай жинады, үшінші болып 24 ұпай жинаған «Бүркіт» командасы болды.
    Екінші кезең – гір тасын көтеру. Бұл ойынның шарты әр команданың бір ойыншысы гір тасын көтереді, ұпай саны көтергеніне байланысты саналады. Гір тасын көтеруден өз күш-жігерін көрсетіп, 23 ұпай жинап көзге көрінген «Жасыл ел» командасы, 33 ұпай жинап көзге түскендер «Жайдарман» командасы, өзінің төзімділігі мен мықтылығын көрсете біліп, ең көп 34 ұпай жинаған «Сұңқар» командасы алға шықты.
    Үшінші кезең – қол күресі. Үстелдің шетіне қарама-қарсы екі ойыншы оң қолдарының шынтағын үстелге тіреп қойып, бірінің қолын бірі алақандастыра мықтап ұстайды. Сол жақтағы қолдарын әркім өзінің оң жақ қолтығына тығып алады. Осылайша ұстасқан екі ойыншы төрешінің белгісімен шынтақтарын сол орнынан қозғалмай, қарсыласының тіреулі қолын жығуға ұмтылады. Білегі жығылған ойыншы жеңіліп, ойыннан шығады. Әр командадан бір ойыншы қарсылас командамен қол күрестіреді. Бұл сайыста да алғыр болып «Жасыл ел» командасы бірінші орын иеленді, екінші орынды «Жайдарман» командасы алса, ал «Темірқазық» командасы үшінші орынға ие болды.
    Төртінші кезең – асық ату. Асық ойыны – қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі мергендікке, түнгісі ептілікке баулиды. Асық ату кезеңінде өз шеберлігі, шапшаңдығымен көзге түскен «Жайдарман» командасы алға шықты. «Темірқазық» командасы мен «Бүркіт» командасы теңдей түсті.
    Бесінші кезең – арқан тарту. Бұл – қазақ халқының байырғы ұлттық ойындарының бірі. Осынау сайыста жастардың қаншалықты ұлттық ойындармен сусындағанының, сонымен қатар шымырлығы мен ептілігінің куәсі болдық. Арқан тарту кезеңі бойынша шымырлығымен ерекше көзге түскен «Жасыл ел» командасы оза шапты.
    Спартакиада соңында бас төреші Виталий Турбин және Жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов сайысты қорытындылап, нағыз мықтыларды марапаттады.
    1-орын иегері – «Жасыл ел» командасы. Әр команда мүшесі смарт сағатқа ие болды.
    2-орын иегері – «Сұңқар» командасы. Әр команда мүшесі airpods құлаққапқа ие болды.
    3-орын иегері – «Жайдарман» командасы. Әр команда мүшелеріне дауыс ұлғайтқыш берілді.
    Спартакиада жеңімпаздары Тараз қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшылығы арнайы дайындаған бағалы сыйлықтар және Алғыс хаттармен марапатталды.
    Өзінің әділ төрешілік етуімен мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға атсалысқан сайыстың бас төрешісі Виталий Турбинге басшылықтан Алғыс хат берілді.
    Спартакиада соңында қатысушы командалар іс-шара ұйымдастырушыларына өз алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті. Іс-шара жайлы бейнеролик түсіріліп, @taraz_jastary «Инстаграм» әлеуметтік желісінің парақшасына жарияланып, көрермен назарына ұсынылды.

Еркінбек Жаманкеев,
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің
ақпараттық-мониторинг секторының меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.