Ұлттық құрылтайының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші жиыны еліміздің мұнайлы астанасы – Атырауда өткені бәрімізге мәлім. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда жасаған маңызды баяндамасы кезекті отырыстың Жайық жағасында өткені тегін еместігіне, әйгілі Сарайшық қаласының осы маңда екеніне мән беріп, тарихымызға назар аударудан басталды.
– Сарайшық шаһары Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деп бастады сөзін Президент.
Шынында, ұлан-ғайыр Ұлы даланың қай жерінде де қазақтың тарихы тұнып тұр. Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кететін кең-байтақ қазақ даласының қадір-қасиетін, қазақ халқының басынан өткен қилы кезеңдерді шын бағалай алып жүрміз бе деген ой келеді. Ал Мемлекет басшысы өз баяндамасында: «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Менің бастамаммен Жошы ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды.
Қазір Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылды. Академиялық басылымның осындай үлгісін әзірлеу тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына жеке том арналмақ», – деуі бұл ойымыздың түйінін шешкендей. Осындай біздің тарихымыздың терең екенін, егемендік алып, дербес мемлекет болып әлемдік қауымдастыққа енгеннен кейін біз де халқымыздың өткенін терең зерттеп, өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу борышымыз деп есептейміз. Мұны Мемлекет басшысының баяндамасы нақтылап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдағы баяндамасында Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайланғанын жеткізе отырып, елімізде қайталанбас табиғи және тарихи мекендердің көптігін айтты. Алтынемел және Барсакелмес ЮНЕСКО мұралары тізіміне енгізілсе, теңдесі жоқ орындардың бірі, біздің ұлттық мақтанышымыз бұл – Үстірт қорығы екенін, ол жердегі тағы бір таңғажайып мұра – жерасты мешіттері екенін атап өтті.
«Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Ондағы тылсым табиғат көріністері туристердің ерекше қызығушылығын туғызады. Шетелдің танымал кәсіби фотографтары оны суретке түсіру үшін алыстан арнайы келеді», – деп, тиісті мемлекеттік органдарға Ұлттық комиссиямен бірлесіп, осы нысандарды ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастауды тапсыратынын жеткізді.
Сонымен бірге Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайтынын атап өтті. Еуразия құрлығындағы петроглифі ең көп жердің бірі – Ешкіөлмес жотасы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларында сақталған көптеген тарихи суреттер туралы баяндады.
«Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Құзырлы органдарға тиісті шара қабылдауды тапсырамын. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастырған жөн, – деп, еліміздің археология саласындағы түйткілді мәселелерге кеңірек тоқталды.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Оның пікірінше, еліміздің рухани дербестігін сақтап, нығайта түсу үшін біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы Ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет деді. Баяндамада радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүргенін, бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екенін атап көрсетті.
Сондай-ақ Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударуды тапсырды. Сонымен бірге Ясауи кесенесіне қатысты өз ойын білдіріп, нақты тапсырмалар берді.
Бізге дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет екені, ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтауымыз керегі айтылды.
«Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз», – деді ол. Дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруге, ислам қағидаларын өрескел бұрмалауға жол бермеуге ерекше назар аудару керектігін нақты мысалдармен жеткізді.
Президент мұнан кейін еліміздегі экономикалық серпілістерге тоқталып, бірнеше бағытта атқарылып жатқан оң істерді баяндап берді. Саяси реформаларды жүзеге асыруға Ұлттық құрылтай мүшелері де белсене атсалыса алатынын жеткізіп, оларға үлкен жауапкершілік артты.
Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болуды ескертті. Мемлекет басшысы барлық ойларын қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды. Мемлекет басшысының сөзінде еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керектігі, Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтитыны, сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатқаны айтылды. Президент сөзімен айтатын болсақ, біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды, олар – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Мінекей, осындай ұлттың жаңа сапасын, жаңа келбетін қалыптастыруға бүкіл қоғам болып бірігуіміз, оны әрі қарай іске асыруымыз керегін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы береке-бірлікті сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін айтты. «Елдің тұтастығы зиялы қауымның тұтастығынан басталады, алдымен ел ағалары ұрпаққа өнеге болатын келелі кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті» деген салмақты пікірі көпшіліктің ойынан шыққан келелі сөз болды. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген аталы сөздің орынды екенін тағы бір мойындадық.
Қорыта айтқанда Ұлттық құрылтайдың әрбір жиынында тарихи шешімдерге негіз болатын ұсыныстар айтылады. Жалпы еліміздегі барлық игі істер құрылтайларда айтылған тұжырымдардан бастау алып, жүзеге асып, жалғасын табуда.
Еркебұлан Асетелда,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
«6В03213- Веб-журналистика»
білім беру бағдарламасының 2-курс студенті