Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық идеологияның бастауы

0 858

Биылғы «Көрісу күнінде» қастерлі Көкше төрінде Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиын Қазақстанның әртүрлі әлеуметтік, саяси, және экономикалық мәселелерін талқылап, елдің болашағына қатысты ұсыныстар мен пікірлерді жинақтау үшін өте пайдалы алаң болды.

Бурабайдың таңдалуы осы құрылтайдың символикалық мәнін арттырды. Бұл өңір табиғаты мен тыныштығы, сондай-ақ елдің мәдени-тарихи маңызы бар жері ретінде өзара түсіністік пен келісімнің белгісі бола алады. Бұл жерде өткен құрылтайдың мазмұны мен нәтижелері еліміздің болашағы үшін үлкен маңызға ие. Бұл туралы Мемлекет басшысы Көкше төріндегі кезекті құрылтайда арнайы тоқталып:
– Шын мәнінде, мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады, – деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтай өткізу туралы өз шешімі мен ойын ортаға салды.
– Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым, оны білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы өз кезегінде жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылғанын, үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарғанын, оның үштен бірі бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар екенін алға тартты. Әрі реформалар қатарында пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланғанын, биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтынын, түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін бергенін де атап өтті.
Құрылтайда Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген белсенді азаматтардың өзара пікір алмасуы мен шешімдер қабылдауы халықтың саяси қатысуын арттырып, олардың мәселелерін ескеруге мүмкіндік береді. Әсіресе, халықтың өзекті мәселелерін талқылап, осы мәселелер бойынша бірлескен шешімдер ұсыну маңызды.
Құрылтайдың нәтижесінде елдің түрлі саяси және әлеуметтік топтарының арасындағы диалогты нығайту және ұлттық бірлікті күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар мен жоспарлар айтылды.
– Мемлекет басшысы ортақ мақсаттарға жету үшін Қазақстандағы барлық этностық топтар мен халықтардың бірлігін нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үйді қоса алғанда, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бастамаларын жариялады, басты назар көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына аударылды. Президенттің баяндамасында экономикалық трансформация және саяси реформалар мәселелері қозғалды. Президент экологияны қорғау мен табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану шараларына, соның ішінде жасыл энергетика жобаларына ерекше назар аударды, сондай-ақ қазақ мәдениеті мен тілін сақтау және насихаттау бастамаларын қолдады. Барлық осы идеялар неғұрлым әділетті және өркендеген қоғам құруға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы позицияларын нығайтуға бағытталған, – дейді «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің директоры Бақытжан Темірболат.
Сондай-ақ құрылтайда азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру, саяси жүйе мен экономиканың дамуы, әлеуметтік саладағы реформалар сияқты маңызды мәселелер көтерілді. Мәжіліс депутаты Вера Ким «Адал адам – адал еңбек» – Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтай отырысында айтқан мықты және әділетті қоғамның негізі деген пікірде.
– Бүгінде, әлем қарқынды өзгеріп жатқан кезде, біз үшін осы құндылықтарды сақтау, үлгі көрсету, өзгелерді адал, жауапты және лайықты өмірге шабыттандыру өте маңызды. Қазақстан дамудың жаңа кезеңінің алдында тұр. Президент белгілеген стратегиялық міндеттер бүкіл қоғамның күш-жігерін біріктіруді талап етеді. Бұл жай ғана сын-қатер емес, сонымен қатар әрбір азаматтың еліміздің болашағына өз үлесін қосуына берілген мүмкіндік, – дейді халық қалаулысы.
Сонымен қатар экологияны қорғау мен табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану шараларына, соның ішінде «жасыл» энергетика жобаларына ерекше назар аударды, қазақ мәдениеті мен мемлекеттік тілін сақтау және насихаттау бастамалары көтерілді.
– Заманында бабаларымыз елге, туған жерге, Отанға қатысты мәселелерді Құрылтайда бас қосып шешіп отырған. Сол тарихи дәстүрді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда жаңғыртты.
Құрылтай – қоғамның өзекті мәселелерін анықтап, талқылап, оларды жүйелі шешу жолын қарастырады. Бүгінде үш мәрте бас қосқан Құрылтайды кеңестердің заман ағымына сай модернизациялануы деп бағалап жатыр халық. Мен Ұлытаудағы, Түркістандағы, Атыраудағы Құрылтайға қатысып, халықтың айтқан ұсыныстарын секция отырыстарында жеткіздім. Өткен жылы Атыраудағы Ұлттық Құрылтайда 300-ге жуық мәселе талқыланып, 40 бөлімнен тұратын жүйелі жоспар қабылданған. Нәтижесінде әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін күшейту, вейп саудасына тыйым салу, мемлекеттік наградалар мен ономастика, вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы заң жобасы, есірткі өндіруді және сатуды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту үшін он заң жобасы қабылданып, ел игілігіне қолданылуда, – дейді жазушы Сәуле Досжан.
Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы құрылтай қазақ халқының тарихи дәстүрлерімен байланысты, ежелгі замандардан бері елдің ортақ мәселесін талқылайтын кеңес болғанын алға тартады.
– Тарихи сабақтастықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып, 2022 жылы 16 маусымда Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын Ұлытау облысында өткізді. Сөйтіп, Құрылтай алаңы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылып, қалыптасты. Бүгінде халық асыға күтетін, күн тәртібінде елдік мәселелер көтеретін бірегей платформаға айналды.
Зерделеп көрсек, әр жыл өткен Құрылтайда көтерілген мәселелердің де ауқымы кеңейіп келеді. Осыған сәйкес ол жерде айтылған мәселелерге байланысты қабылданатын шешімдер мен берілетін тапсырмалар да өте маңызды. Бұның өзі Ұлттық Құрылтайдың мәні мен маңызының қаншалықты жоғары екенін айғақтайды. Ал биыл Бурабайдың төрінде өткен Құрылтайда да келелі дүниелер кезең-кезеңімен жүзеге асатынында күмән жоқ. Өткен Құрылтайларда айтылған мәселелер жөнінде біздің Парламент қабырғасында Президентіміздің тапсырмалары заң негізінде жүзеге асып, көптеген заңдар қабылданды. Мәселен, елімізде 400 мыңнан астам құмар ойынға берілген лудомандардың бар екені жайлы Құрылтайда айтылды. Біз өткен Құрылтайда көтерілген осы мәселені негізге ала отырып, құмар ойындары мен есірткіге қарсы заң қабылдадық. Сонымен бірге есірткі тасымалдайтындар мен есірткі өндіретіндердің ара жігін ажырату туралы да Құрылтай барысында айтылды, көп өтпей бұл мәселе де шешімін тапты. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы мәселе де Құрылтайда айтылған болатын. Оған да қатысты заң қабылданды, – дейді Ж.Амантайұлы.
Оның айтуынша, құрылтай – халықтың пікірін билікке жеткізетін маңызды институт. Бастапқыда ұсыныстар саны аз болса да, кейіннен оның тиімділігі мен халықтың қатысуы артты. Мәселен, Ұлытаудағы алғашқы отырыста 42 ұсыныс айтылса, Атырауда 149 ұсыныс айтылды. Бұл Құрылтайдың халықпен байланысының арта түскенін көрсетеді.
– Ұлттық құрылтайда көтерілген ұсыныс-талаптар мен Парламент арасындағы рухани байланыс жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, Ұлытаудағы жиында 25 қазан – Республика күнін ұлттық мереке мәртебесін қайтаруға екпін берілсе, 2022 жылы Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзету енгізіп, ұлық мерекенің қайта салтанат құруына заңдық негіз жасады. Түркістандағы Құрылтайдан кейін «Балалар кітапханасы» атты жаңа жоба дүниеге келді. Атыраудағы маңызды жиыннан кейін әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін күшейту туралы заң, вейп саудасына тыйым салу, мемлекеттік наградалар мен ономастика туралы заң қабылданды. Оған вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжат қосылды.
Жалпы айтқанда, Ұлттық Құрылтай қазақтың тағдыршешті шешімдер алаңына айналды. Тіпті, Ұлттық құрылтайдың маңызы Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауынан кем түсіп тұрған жоқ. Осы алаңда еліміздің әр өңірінен келген азаматтар ойларын ортаға салып, бір шешімге келуді мақсат етеді. Биылғы Құрылтайды бақылап отырмын, қатысқан әр сала мамандары секциялық отырыста келелі мәселелерді көтерген екен. Айтылған мәселелердің шешімін табуына мүдделіміз.
Қысқасы, Ұлттық құрылтай елдік мәселелерді көтеретін платформаға айналды. Ал Парламент Құрылтайдың мәртебесін арттыруда заң нормаларымен қолдап келеді. Бұл Құрылтай мен Парламент арасындағы байланыстың нығайғанын және халықтың ұсыныстарының ескеріліп жатқанын көрсетеді, – дейді халық қалаулысы.
Қорыта айтқанда, кезекті Ұлттық құрылтайдың маңызы – бұл тек қана елдегі саяси өзгерістерді талқылап қана қоймай, сонымен қатар азаматтардың белсенді қатысуы арқылы еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде жаңа өзгерістер мен даму бағыттарын белгілеу үшін үлкен қозғаушы күшке айналып келеді.

Айгүл НАУРЫЗБАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы,
тіл білімінің магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.