Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлт пен ұлысты ұйыстырған мереке

0 182

Көктем. Осы бір алты әріп алты құрлыққа шуағын шашып, күллі адамзаттың жүрегіне жылулық ұялатып тұр. Әсемдік, ізгілік, сұлулық сынды асыл қасиеттер осы ұғыммен біте қайнасып жатыр. Оларды бір-бірінен бөле жару мүмкін емес. Біреу бізден «көктем» сөзін тәпсірлеп беруді сұраса, «к» – кеңпейілдік, «ө» – өмірге құштарлық, «к» – кешірімділік, «т» – төзімділік, «е» – еңбексүйгіштік, «м» – мейірімділік» деген болар едік. Расында, солай…

Құстардың да жылы жақтан сағынышын арқалап, осы мезгілде оралуы да көктемнің құдіретін білдірмей ме?! Апандағы аюдан, илеудегі құмырсқаға дейін ұйқысынан оянып, тіршілігін жалғастырады. Самарқанның көк тасы еріп, талдар бүршік жарып, «көктем» атты ұлы күштің қадам басқанын жар салып, жер әлемге сүйіншілейді. Марқасқа ақын Мұхтар Шахановтың да:
«Айлар – жылдың ұланы,
Бiздiң әpбip жылымыз.
Он екi айдан тұрады,
Он екi айда үш ай көктем бар екенi белгiлi.
Көктем деген – табиғаттың таңғажайып ерлiгi.
Ол ерлiктiң даңқын ешкiм қаға алмайды шeткepi,
Ал жастық шақ – адамзаттың көктемi.
Мiне, осы көктем нәрлi болмаса,
Әр тiршiлiк өз қopeгiн қажетiнше алмаса,
Айырылмай ма бар мағына-көрiктен?
Онда шырын үмiтiңнен қараңды үз.
Көктемде гүлдемесе алмалар мен өрiктер,
Қалған анау тоғыз айда
Қандай жемiс күте аламыз одан бiз?
Қанша налып, жегенiңмен пұшайман,
Бұған қарсы табу қиын күш, айла.
Қараңызшы, тоғыз айдың тағдыры
Байлаулы тұр үш айға.
Оған тiптi жүрмек емес басқа заң.
Мұны және жұмбақ санау – зор қайғы.
Сондықтан да он екiден ешқашан
Yштi алуға болмайды», – деп тереңнен толғауы да тегін емес.
Ал жаныңды жадырататын Алғыс айту мерекесінің осы бір тамаша мезгілдің алғашқы күнімен үйлесім табуы қандай ғанибет?! Бала анаға, аға ініге, шәкірт ұстазға ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырып жатса, көңіліңіз биікке көтеріліп, жүрегіңізді әсем күй кернемей ме?! Осының өзі-ақ көктемнің сезімнің синонимі, шаттықтың екінші аты екендігін әйгілеп тұр.
Бұл мерекенің шығу тарихы тым тереңде. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек», – деген сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады.
Сонау жылдары тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай ұлыс қазақ жеріне аяқ басты. Пейілі де даласындай дархан халқымыз олардың ешбірін жатсынбай бауырына басты, бір үзім нанды бөліп жеді, бір құман суды бөліп ішті. Өзім деп келгенді өзегінен теппеді, құшағын айқара ашып, барын алдына тосты. Өз баласынан кем көрмей, жалғыз ұлындай аялады, жалғыз қызындай мәпеледі. Содан бері қаймағы бұзылмай, татулықтың бесігінде тербеліп келеді. Балталаса бөлінбес бірлігі бекем жұрт ынтымақтың арқасында ырысын тасытып, берекенің бұлағынан нәр алуда. Отызға толған ордалы жұрт үшін шаңырақтың шайқалмауы, керегенің қисаймауынан асқан бақ бар ма?! Тыныштығын алтынға айырбастай алмай жүрген елдердің қасында түтініміз түзу, көшіміз көлікті. Бұл жүзден аса этностың басын бір шаңырақтың астына топтастырып, өзгелерге үлгі болған толеранттылығымыздың арқасы. Олардың да қазаққа алғыстан өзге айтары жоқ. Сондықтан да төрін берсе де төбесіне шығармаған, босағасынан аттатса да туырлығын тілгізбеген қазақ үшін бұл мерекенің бәсі биік, бағасы артық. Ендеше, мереке құтты болып, естігеніміз тек алғыс, көргеніміз тек қуаныш болғай!

Құрбанәлі АМАНКЕЛДІҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.