Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ұлт болашағын айқындаған Ұлттық құрылтай

0 625

Өткен айда Бурабай баурайында Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Алқалы жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елдің алдағы даму бағыттарын айқындап, қоғамда талқыланған өзекті мәселелер мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарын қарастырды.

Президент Көкше төріндегі құрылтайда 2022 жылы наурыз айында жариялаған Жолдауына сай жүргізілген қоғамдық-саяси реформаларға тоқталып, ел ішіндегі оң өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын атап өтіп, ең алдымен, қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікір білдірді.
– Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде. Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан көтерілген қоғамдық әдепті реттеу, теріс ағымдар мен ұлттық болмысымызға жат идеологияларға, түрлі алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою, отандық кино және анимация өндірісіне идеологиялық тұрғыдан мән беру, әйелдер колониясындағы жағдайды түзеп, қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңнаманың жүкті немесе кәмелет жасқа толмаған балалары бар әйелдерге қатысты тұсын қайта қарау, кәсіптік- техникалық колледждерді дамыту ісінде жаңа мамандықтарға сұраныс пен еңбек нарығындағы жағдайды ескеру секілді өзекті мәселелерге қолдау білдіріп, өз ойын ортаға салып, ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарды дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың кемшін тұстарына назар аударып, ішкі саясаттағы ауқымды идеологиялық жұмысты жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар Президент ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқаратынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде театр өнеріне деген қызығушылық өсіп келе жатқанын алға тартып, өңірлердегі театрларды дамытуға әрі бұл іске бизнес өкілдерін белсенді атсалысуға шақырды. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай институтын Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты халықаралық деңгейдегі мәдени-ағарту мекемесіне айналдыру үшін Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Бұдан бөлек, Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамаларын қолдау, құжат түріндегі мұраларымызды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу, төл болмысымыз бен мәдениетімізді айшықтайтын ұлттық цифрлық мұрағатты жасанды интеллект жүйелеріне кіріктіру, тарихи зерттеулерді жандандыру міндеттерін айқындады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұртшылық алдындағы сөзінің бір бөлігі елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға арналды.
Президенттің айтуынша, мемлекеттің ең басты міндеті – аймақтардың экономикалық өсіміне түрткі болатын және өңірлердің дамуындағы теңсіздікті жоятын бастамаларға баса мән беру. Бұл ретте биыл экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі екі есе, яғни 8 триллион теңгеге дейін ұлғаймақ. Президент өңірлердегі білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт салаларын дамыту жобаларына кеңінен тоқталып, оларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру маңызды екенін ескертті.
– «Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі. Үкімет осы қағиданы негізге ала отырып, облыстардың еншісіндегі әлеуметтік салықты сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Алайда облыс әкімдері бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануы керек. Елге пайдасы тиетін әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беру қажет. Бүгін айтылған бастамалар мен жобалар аймақтардың біркелкі дамуына ықпал етіп, еліміздің одан әрі өркендеуіне жол ашады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ құрылтайда жекелеген мемлекеттік бағыттарды жүйелеу, өңірлердің дамуындағы теңсіздікті жою, экология мен жан-жануарлар дүниесін қорғау сияқты мәселелер көтерілді.
Сонымен бірге Президент кәсіпкерлерді ономастика мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Мәжіліс депутаты Болат Керімбек Президенттің бұған дейін берген тапсырмаларын орындау аясында ономастика саласында үлкен жұмыс атқарылғанын айтады.
– Жерлестік немесе туыстық қатынастар қағидаты бойынша көшелер мен елді мекендердің атауын өзгерту фактілерінің алдын алуға бағытталған ономастикалық жұмыстың бірыңғай регламенті әзірленді және қабылданды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ономастика саласында қандай да бір шешімдер қабылдау кезінде «тарихи әділеттілік» қағидатын ұстануды, яғни шын мәнінде маңызды тарихи тұлғалардың тарихи естеліктері мен еңбектерін қастерлеу мақсатында ғана есімдерін беруді тапсырды. Бұл ретте еңбегі ешқандай фактілермен және мұрағаттық құжаттармен расталмайтын адамдарды, сондай-ақ кеңес дәуіріндегі ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды алып тастау маңызды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын, ал көшелерді немесе өзге де объектілерді қайта атау жөнінде қандай да бір шешімдер қабылдау кезінде халықтың пікірін ескерудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы жеке объектілерге атау беруде «бассыздық» орын алып жатқанына, «креатив» атын жамылып қоғамдық тәртіп пен әдептілік нормалары сақталмай жатқанына назар аударды, – дейді ол.
Тағы бір айта кетерлігі, құрылтай отырысында Президент еліміздің көптеген саяси, рухани мәселелеріне көңіл аударды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, құрылтай жұмысының өзі – Қазақстандағы саяси реформалар нәтижесі.
– Мемлекет басшысы салық реформасының логикасына тоқталды. Қазақстанның Мемлекеттік бюджетінің жартысына жуығы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Мемлекет әлеуметтік мәселелерді шешуді ары қарай жалғаса береді. Елімізде заңды тұлғалардың жеңілдіктері өте көп. Осы жеңілдіктерді азайту қажет. Әлеуметтік желідегі әдептілік мәселесі өте өзекті! Діни теріс ағымдардың жастардың сана-сезіміне теріс әсеріне тиым салу қажет. Кино саласындағы проблемаларға да назар аудару маңызды. Жақында «Шоқан Қашқарияға сапары» мультфильмі шықты. Өте қажет өнім! Осындай туындылар көп болуға тиіс. Қазақстанның солтүстігіндегі халқымыздың санының азайып бара жатқандығы жасырын емес. Бұл мәселені шешу – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. «Қазақстан балалары» атты кешенді бағдарлама қажет. Балаларымызды ұлттық дәстүр негізінде тәрбиелеу керек. Геосаяси жағдай күрделеніп келеді. Отаншыл, патриот балаларды тәрбиелеу керек. Қазақстанның идеология мәселесі де өте өзекті. Мемлекеттік құндылықтарды терең қалыптастыру қажет. Өңірлерде театрлар салып, дамытуға баса назар аудару керек. Биыл Қазақстанның астанасының Қызылордаға көшуіне бір ғасыр болды. Сонымен қатар ұлтымыздың «қазақ» атауының ресми қайтуына да бір ғасыр болды. Келесі құрылтайдың отырысын Қызылордада өткізуге шешім қабылданды. Қазақстанда бизнесті дамыту үшін 8 трлн теңге бөлінеді. Бұл қадам кіші және орта бизнесті дамытуға аса жоғары серпін береді. Қатон-Қарағай, Зайсан, Кендірліде, Арқалық қаласында әуежай салынады. «Шекаралық аудандарды дамыту» жөнінде жаңа заң қабылдау жөнінде ұсыныс жасады. Үкімет аталған мәселені шұғыл шешуі керек деп тапсырма берді. Бұл шешім шекаралық аудандарды дамытуға жоғары серпін беретіні анық, – дейді халық қалаулысы.
Сонымен бірге Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының Құрметті төрағасы Шаймардан Нұрымовтың сөзінше, құрылтай қоғамдық консолидацияны дамытуға, стратегияларды әзірлеуде шешуші рөл атқаратын маңызды алаңға айналған.
– Биыл консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық құрылтайдың төртінші алқалы жиыны өтті, мен төрт жиынның бәріне де қатыстым. Алғашқы жиыннан бастап құрылтай мүшелері мемлекетті дамыту, әлеуметтің әл-ауқатын жақсарту және елдің жарқын болашағы жайында көптеген ұсыныстарын ортаға салды. Жалпы құрылтайда көтеріліп, шешімін тапқан мәселелердің бірі лудомания болды. Президентіміз осы мәселеге ерекше ден қойып, заңды күшейтті. Өткен құрылтайда жастарды отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеу және кітап оқуға баулу мәселесі де көтерілген болатын. Себебі қазіргі өскелең ұрпақ ғаламтор мен смартфондардың шырмауында қалып, гаджеттердің құрсауына түсіп кеткен. Құрылтайда әдебиет оқудың маңызы туралы айтылған болатын, кейін Президент Ұлттық кітап күнін бекітті. Мамандардың айтуынша, бұрын кітапханаларда бос уақыт өтетін болса, қазір кітап оқуға деген қызығушылық артты, келушілер саны көбейіп, кітап қоры да жаңарып, ұлғайып келеді. Оқыған адам өткен тарихты жақсы біледі, тарихты білген адам болашаққа болжам жасай алады, дұрыс жолмен жүреді, – дейді құрылтай мүшесі.
Сондай-ақ кезекті құрылтайда бірыңғай уақыт белдеуі де назардан тыс қалмады. Президент бұл тәсілдің мемлекетті басқару ісін жеңілдететінін айтты. Үкімет пен Парламент бұл мәселеге қатысты зерттеулер жүргізіп, талқылау жасағанын жеткізді.
– Біздің кең-байтақ жеріміз бар. Халқымыздың саны да салыстырмалы түрде көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуы қажет. Бұл тәсіл мемлекетті басқаруды жеңілдетіп, логистика мен бизнес-үдерістерді оңтайландыруға септігін тигізеді. Осы мәселеге қатысты пікірталасты аяқтау қажет деп санаймын. Оның үстіне, бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ, – деді Президент.
Жалпы, Ұлттық құрылтай – дала демократиясын түлетіп қана қоймай, жаңару мен жаңғырудың символына айналды. Келелі кеңес жылда амал мерекесінде ұйымдастырылып жүр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарса, құрылтай қоғамдық құндылықтарды жаңғыртады. Кезекті құрылтайда Президент ел қазынасына түскен әр тиын әлеуметтік бағытқа бөлінетінін еске салды. Демек, салық та халыққа жұмсалады. Бірақ осыған қарамастан заңды айналып өтетіндер жетерлік.
– Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық оффшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке орай, мұндай жағдай жаппай белең алған, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы әдемі көрсеткішке әуестеніп кеткенімізді айтты.
Бүгінде елде екі миллионнан астам салық төлеуші кәсіпкер тіркелген. Бірақ олардың жұмысына еш талдау жасалмаған. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Парламентке заңнамаға жедел түзету енгізу керегін жеткізді. Батыл шаралар қажет екенін жеткізді. Бұл бастаманы Ұлттық құрылтай мүшелері қолдап отыр. Олардың айтуынша, салықтың аясы қосымша құн салығынан әлдеқайда асып кетеді. Егжей-тегжейлі талдауды қажет етеді.
– Салық жүйесінің аясы өте кең. Салық дегеніміз – байлықты бөлу. Яғни байлардан алып, қаржы таба алмайтындарға бөліп береміз. Мен балалар, зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар туралы айтып отырмын. Демек, салық арқылы ресурстарды әділ бөле аламыз. Сол үшін оның маңызы жоғары, – дейді Ұлттық құрылтай мүшесі Расул Рысмамбетов.
Сонымен бірге құрылтайда идеологиялық мәселелер мен екпін асыл дінімізге қатысты өткір ойлар айтылды. Президент те бұл пікірмен келіседі. Ол «қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ» деді. Тиісінше бұл мәселеге зер салудың маңыздылығына тоқталды.
– Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүр. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды.
Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды, – деді Президент.
Сонымен бірге құрылтай мүшесі, белгілі адвокат Айман Омарова өзінің қоғамдағы өткір мәселелерді қаузап Президентке жазған хатынан кейін көптеген мәселенің түйіні тарқатылғанын жеткізді.
– Қоғам ішінде идеология ақсап тұр деген пікір жиі айтылады. Бағыт болмаған соң халық адасып жүр. Түрлі алаяқтарға алданып, жалған психологтар мен коучтардың тұзағына түсу жиілеген. Ақыры бұл түйткіл Президентке де жетті. Мемлекет басшысы жауапты органдарға тиісті тапсырма берді. Одан бөлек, Қазақстан балалары атты біртұтас бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Ол Білімге ғана емес ұрпақ тәрбиесіне екпін беру керек. Оған қоса сан саланы қамтитын көптеген ұсыныс пен міндеттер жүктелді. Жұмыстың мерзімі де белгіленді. Президент бақылау қатаң болатынын тағы бір еске салды. Оның сөзі арқаны кеңге салатын уақыт өтті дегенге саяды, – дейді адвокат.
Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, жаһанда жүріп жатқан үдерістерге шолу жасап, Қазақстанды кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекетке айналдырудың қамы жөнінде ой толғады.
Президенттің пікірінше, еліміз тәуелсіздіктің 40 жылдығына қандай жетістікпен жететінін, оған дейін қандай тарихи міндеттердің орындалуға тиіс екенін нақты білу маңызды. Бұл ретте Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні, энергетика, агроөнеркәсіп секторын және адам капиталын Қазақстанның жаңа әлемдегі орнықты дамуына жол ашатын негізгі факторлары ретінде атады.
Жалпы құрылтай дәстүрінің қайта жаңғыруы халықтың ерік-жігерін бір арнада топтастырып, мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселелерді шешуді көздейді. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде елдегі қоғамдық консолидацияны одан әрі нығайтуды көздейтін ұсыныстар мен стратегияларды әзірлеуде шешуші рөл атқарады. Өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады. Қоғамдық консолидацияны одан әрі дамыту үшін идеялар мен қадамдарды тұжырымдауды мақсат етеді.
Ұлттық құрылтай ел тұрғындарының кең ауқымды пікірі мен көзқарасы тоғысатын негізгі ұлттық диалог алаңына айналды. Бұл Президенттің жоспарына сәйкес мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтып, Қазақстанның даму жолында нәтижелі де өзара тиімді ынтымақтастыққа септігін тигізеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай 2022 жылы құрылды. Алғашқы отырысы сол жылы Ұлытау өңірінде өтті. Келер жылы ұлттық мәселелер Түркістанда талқы таразысына салынды. Былтыр құрылтай мүшелері Атырауда бас қосса биыл Көкше төрінде кездесті. Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы 2026 жылы Қызылорда қаласында өтеді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.