Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өлмейтұғын сөз қалдырған

0 161

Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын тойлау мақсатында 2020 жылдың 9 қыркүйек күні Абай атындағы орталық кітапханада «Өлмейтұғын сөз қалдырған» атты поэзиялық кеш өткізілді.

Аталмыш іс-шараға Тараз қаласының студенттері және қала жастары қатысты. Қазақтың көркем әдебиетін өлшеусіз биікке көтерген ұлы ақын Абай Құнанбайұлының рөлін сомдаған театр әртісі және студенттердің қатысуымен композиция сахналанды. «Көркем сөздің асылы – поэзия» атты композицияда қала жастары Абай Құнанбайұлының шығармаларын орындап, көрерменге қуаныш сыйлады.

Іс-шараға М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының доценті, абайтанушы Рахат Саламатова және Абай атындағы орталық кітапхананың меңгерушісі Гүлжазира Қойшыбайқызы қатысты.

Бүгінгі күні өскелең ұрпаққа өлмейтұғын сөз қалдырған ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың еңбек жолы, өмірі туралы мағлұмат алып, ой қозғау үшін сөз кезегі М.Х.Дулати атындағы өңірлік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, абайтанушы Рахат Саламатоваға берілді. Сұхбат барысында Абайдың біз білмейтін қырларымен таныс болдық. Саламатова Рахат ханымның сөзін Абай атындағы орталық кітапхананың меңгерушісі Гүлжазира Қойшыбайқызы жалғап кетті. Гүлжазира Қойшыбайқызы Абай әлеміне саяхат жасап, шараға қатысушы жастардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

Абай – сазгер. Оның көп өлеңдері өз әнімен тараған 30-дан астам әні бар, 3 күйі бар. Абай Құнанбаевтың осындай керемет әндерін поэзиялық кешке қатысушылар және қонақтар бірге шырқады. Поэзиялық кешке арнайы дайындаған Мырзатай Медеудің арнауы көрерменді тәнті етіп, көрерменнің құлағының құрышын қандырды.

Поэзиялық кешке қатысушы қонақтарға Абай өміріне, шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылып, ойындар ойнатылды. Абай шығармашылығын жас ұрпақтың жүрегіне терең бойлатып, Абайдың жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңілтіп, ой-өрісі мен тапқырлығын дамыту мақсатында өткізілген «Quest Abai» атты квест ойындарының жеңімпаздарын поэзиялық кешке қатысушы құрметті қонақтарымыз марапаттады.

Таңшолпан Поштабаева,
Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыру секторының жастар ісі жөніндегі
инспекторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.