Ардагерім – ардағым! Осындай ұранмен «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы Қарттар күніне орай әлеуметтік-қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Толғанай АТАБАЙ

Партиялық жоба аясында қолға алынған шарада ҰОС ардагерлеріне, көмекке мұқтаж тыл еңбеккерлері мен жалғызілікті қарттарға құрмет көрсетілді. Мерекелік шара қарсаңында партия аймақтық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат бастаған топ қаладағы 5 қарияның үйіне бас сұғып, халін сұрады. Партиялықтар әуелі 95 жастағы ҰОС ардагері, ІІ топ мүгедегі Бердалы Қарымсақов ақсақалды мерекемен құттықтап, партияға жазған өтініші негізінде мүгедектерге арналған қоларбаны сыйға тартты. Келесі құттықтау легі жалғызбасты қарт Николай Устянцев қарияның шаңырағында жалғасын тапты. Онда қарияға қоржын толы азық-түлік ұсынылды. Сондай-ақ партия облыстық филиалы бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ардагер ұстаз, 80 жастағы Башан Меркібекова мен жалғызбасты қариялар Бейсенкүл Молдашева, Тілеулес Катибековті мерекесімен құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті. Бұл күні әрбір ардагер «Nur Otan» партиясына алғысын білдіріп, жасотандықтарға ақ батасын берді.
Акция аясында партия облыстық филиалы Тараз қаласы мен аудандардағы 100-ден аса көмекке мұқтаж қартқа арнайы дайындалған азық-түлік толы сөмкелерді үлестірді. Сонымен қатар акция аясында жасотандықтар қарттардың үй ауласындағы шаруаларына қолғабыс етті. Мұндай ілкімді шара партияның қалалық және аудандық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдары, Саяси кеңес мүшелерінің мұрындық болуымен де жалғасын тапты.
– «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы 3 бағытта жұмыс жасайды: мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты, Ұлы Отан соғысы, еңбек ардагерлері және тыл еңбеккерлеріне көмек көрсету және мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты, Ұлы Отан соғысы, еңбек ардагерлері және тыл еңбеккерлеріне медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, қоғамда аға ұрпақ өкілдерін құрметтеу мен олардың жемісті де жеңісті еңбегін бағалауды қалыптастыру. Сондай-ақ партия облыстық және аумақтық Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері және жалғызбасты қарттардың өмір сүру сапасын анықтау мақсатында жылына екі рет мониторинг жүргізеді, – дейді партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тоқтасынұлы.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған