Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлем чемпионына құрмет көрсетілді

0 143

Биылғы жылдың мамыр айында Ташкент қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында біздің еліміздің командасы 4 алтын 1 күміс медальға ие болғанын жақсы білеміз. Солардың бірі – барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтқан Қазақстан ұлттық құрама командасының капитаны, біздің жерлесіміз, байзақтық Асланбек Шымбергенов 71 келі салмақта алтыннан алқа таққан еді.

Аудан орталығындағы орталық алаңда әлем чемпионы А. Шымбергеновпен аудан халқы, спортшы жастар кездесті. Ол сахнаға көтерілген сәтте ақ жаулықты аналар жағалай шашу шашып, зор қошеметпен қарсы алды.

Чемпионмен өткен кездесуде алғашқы болып сөз алған Ботамойнақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер спортшы Асқар Бекбауов Асланбектің өмір жолы туралы толық мағлұмат берді. Ол өз ауылдастары атынан Ташкентке барып, Асланбекке жанкүйер болғанын атап өтті. Барлық кездесулердің де оңай болмағаны, әсіресе, жартылай финалдағы жеңіске көп тер төккенін ерекше атап өтті. Намысты қолдан бермеген жерлесіміздің жігерлігіне ризашылығын білдірді.

-Асланбекті әлемдік бәсекеде топ жарып, көк туымызды биікке көтерген жеңісімен құттықтаймын! Оның бұл жеңісі біздің аудан ғана емес, облыс, тіпті, еліміздің абыройы болды. Біз осындай азаматтарымызбен мақтанамыз. Асланбек бұған дейін әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы атанса, енді Әлем чемпионы болып, өзінің әлемдегі ең мықты боксшы екендігін дәлелдеді.

1999 жылы Хьюстонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында тағы бір жерлесіміз Болат Жұмаділов алтыннан алқа тақса, араға 24 жыл салып Асланбек Шымбергенов сол жеңісті қайталап отыр. Ал, бұл біздің аудан үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе. Біз Асланбекке алдағы уақытта да жеңісті жолды жалғастыра отырып, Париж Олимпиадасында топ жаруына тілектеспіз, – деген аудан әкімі Бақыт Қазанбасов Жамбыл боксының даңқын төрткүл дүниеге паш еткен жерлесіміз Асланбектің астына ат мінгізіп, үстіне шапан жапты, арнайы Грамота, сыйлық табыстады.

Айтыскер ақын Әсет Дүйсебаев Асланбекке арнау айтып, оның жеңістерін жырға қосса, аудан жастары атынан сөз алған Темірлан Қапышев те өзінің игі тілегін білдірсе, ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Амангелді Әлімбаев ақ батасын берді.

А.Шымбергенов болса өзіне осындай құрмет көрсетіп жатқан аудан басшыларына, жерлестеріне, сондай-ақ өзіне сол жарыс өтіп жатқан кезде тілеулес болған барша жанкүйерлеріне алғысын айтты.

Бұған дейін жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіров күрестен Олимпиада чемпионы атанса, Болат Жұмаділов бокстан әлем чемпионы болғанын жақсы білеміз. Ендеше батырлар мен ақындар  көптеп шыққан ауданымыздан келесі жылы Асланбектің де Олимпиада шыңына шығып, өзінің бокс әлемінде дара талантымен талайларды мойындататынына біз де сенімдіміз.

Кездесу соңында Асланбек аудан тұрғындары, олардың ішінде кимешек киген апалар, спорт сүйер жастармен суретке түсіп, бокс қолғаптарына қолтаңба қалдырып жатты…

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

Сарыкемер ауылы.   

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.