Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Лебіздер легі

0 178

Жасұлан Сейілхан,
«Egemen Qazaqstan» газетінің аға тілшісі

Астана – бала күнгі арманым

Мектеп бітірерде жоғары оқу орнын елордада оқысам деген бала арман көкейден бір кетпей қойды. Дегенмен, сәті түспеді. Студенттік жылдарымды еліміздің тағы бір әсем қаласы, жастар шаһары атанған оңтүстік астанамыз – Алматыда өткізу бағы бұйырыпты. Оған да шүкір.

Мен сонау оқушы күнімнен бір көруді армандаған ару қалаға студент кезімде жолым түсті. Ұлттық ұстынымыздың ұранындай болып бой көтерген алып «Бәйтерек», «Қазақ елі» монументтері, «Пирамида» атанып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы сынды жауһарлар сонадайдан менмұндалайтын. Қазір олардың айналасына қалың ормандағы қаумалаған ағаштардай сәні мен салтанаты жарасқан сарайлар, сәулетті де дәулетті қонақүйлер, бизнес орталықтары, тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар сап түзеген. Жақын барып қарамасаң, «Бәйтерек» пен «Пирамида» қазір қаланың басқа бұрышынан көзге ілінбейді. Бұл – елорданың экономикасының қуат алып, табысының тұрақталып, тұрғындарының тұрмысының да түзелгенінің айғағы. Қысқасы, Астана жыл өткен сайын жасарып, ескі үйлер сүріліп, жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, аумағын кеңейтіп келеді. Оны күнделікті тіршілікте көріп жүрміз.
Астана – армандарымды орындап жатқан қала. Әр солдат генерал болуды қаласа, журналистикадағы бірнеше буын да ел газеті «Егеменде» еңбек етуді мұрат тұтты. Сол қатарда біз де бармыз. Отбасымызбен көшіп келіп, бас қаланы қазақтандыру үдерісіне үлес қосып келеміз. Елорда – балалардың болашағы үшін де қолайлы қала. Мұнда оқушының ой-өрісін дамытатын, шығармашылық, спорттық мүмкіндіктерін шыңдап, тынысын ашуға барлық жағдай жасалған.
Астана – Сарыарқаның сауырындағы, ұлан-ғайыр даланың жайлауына айналған нағыз жайлы қала. Сол жайлы Арқадан арқары аумасын деп тілейік! Астана күні құтты болсын!


Гүлнұр АЛТЫНБЕКОВА,
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің бас сарапшысы

Жастарға жол ашқан шаһар

Астана күні – әрбір қазақтың ортақ мерекесі, әр шаңырақтың шаттығы. Себебі, сайын Сарыарқаның даласында, ерке Есілдің жағасында бой көтерген қала – елдіктің нышаны, тәуелсіздіктің тұғыры. Арқаның төріндегі әсем қала өзімізбен бірге құрылды, іргесі бірге қаланды, бірге жасарып, бірге жайнап келеді.

Менің Астанаға келгеніме бір жылдан енді асты. Бірақ, ұзақ жыл тұрып келе жатқандай сүйіп қалдым, туған ауылым сияқты құшағында алшаң басып жүрмін, болашағым осы қаламен бірге екенін сездім, сездім де қуандым.
Білген жанға Астана – мүмкіндіктер мен жастықтың, дамудың қаласы. Мұнда жастарға жұмыспен қатар өзімен айналысуға, өзіне уақыт тауып, түрлі қызметпен шұғылдануға үлкен мүмкіншілік бар. Әдемі көшелермен кешкі серуендеудің өзі жаныңды жадыратады. Жасыратыны жоқ, кей қалаларда күн көру үшін тырбаңдайсың. Астанада өмір сүресің, күн көру арқылы өзіңді тәрбиелейсің. Қазақстанның әр өңірінен жиналған жастар рухани бәсекелестікке түседі, өсу, үйрену жолында еңбек етеді. Сонымен бірге бұл қалада білмесең, үйренбесең, артта қаласың. Сондықтан да бұл – бойыңа қайрат беретін шаһар.
Бас қалада болашағы жарқын, еңбек ететін жастарға жұмыс көзі көп, табиғаты жайлы. Бүгінде өзім де, балаларым да осы қаладан бақыттың шамшырағын жағып, білім қуып, ізденіспен ізгі өмір сүруді көздейміз. Берекең арта берсін бас қалам, мерекең құтты болсын, Астанам!


Наурызбек САРША,
халықаралық «Түркістан» газетінің тілшісі

Сағыныштың, серпілістің символы

Осы уақытқа дейін еліміздің оннан аса қаласының топырағына табаным тиіпті. Ұшқан құстың қанаты талып, шапқан тұлпардың тұяғы кетілетін дархан даламыздың қай-қайсысы болса да өзінше ерекше құнды да құдіретті. Соның ішінде Ақ Ордамызды тіккен Елордамыздың орыны иісі қазақ үшін бір төбе болары сөзсіз.

Тараз топырағынан үлкен қалаға бет түзерде жүрексініп, топырағын толғана да толқи басқанымыз рас. Міне, сол бір аяулы сәтке де биыл сегіз жыл өте шығыпты.
Мен үшін Астана – жай ғана астана емес, өзіңмен бетпе-бет келіп, бойыңдағы бар арманды таразылайтын, тіршілігімен, тынысымен сені жаңа белестерге жетелейтін ерекше қала. Бұрын сырттай ғана сүйсініп жүретін Астана енді менің жұмыс ордам, шығармашылық алаңым, тағдырыммен тұтасып кеткен мекеніме айналды. Күн сайын бой көтеріп жатқан зәулім ғимараттар, сәулеті мен салтанаты жарасқан көше-жолдар – бәрі де ертеңгі күнге деген сеніміңді күшейтеді.
Астана – тек сәулеттің емес, сағыныштың, серпілістің символы. Елорда – елдің жүрегі. Ол бүгінде тек саяси-әкімшілік орталық қана емес, рухани дамудың, ұлттық идеяның ұйытқысы. Астана мен үшін асқақ ойлар мен биік мақсаттардың қаласы.
Шығармашылық адам ретінде Астана маған көп шабыт берді. Оның таңғы тыныштығы мен кешкі шуы – поэзияның қос үні секілді. Елордамыздың туған күні құтты болсын!


Ақбота БАТЫРБЕКОВА,
«Қазақтелеком» АҚ коммуникациялар және брендті ілгерілету департаментінің маманы

Қайтадан құшағына тартқан қалам

Астана туралы сөз бастаудан бұрын өткен шаққа барып қайтсам. Жалпы, мамандығым туралы аз-кем тоқтала кетсем. Мен журналистика жолын таңдау үшін көп сынақтан өттім. Мектеп қабырғасында мемлекеттік грант жеңіп алдым, алайда ата-анам армандаған медицина саласынан бас тартып, жүрек қалауыммен журналистика факультетіне түстім.

Университеттен кейін арман қуып Астанаға келдім. Сол жылдары «Қазақстан» Ұлттық арнасында жаңалықтар қызметінде жұмыс істедім. Бірақ елорданың қақаған аязында, туыстардан жырақта, кішкентай балапан күйімде сағым сынып, Таразға қайта оралдым.
Дегенмен, алған бетімнен қайтпай, «Мен бұл қаланы әлі де бағындырамын!» деп өзіме серт бердім. Айтқанымдай, уақыт өте келе, дәл бір жыл бұрын, өмірім түбегейлі өзгерді, тағы сол Сарыарқа даласының дәмі тартты, жаңа қала, жаңа жұмыс алдымнан күтіп тұрды. Тағы сол өзім жүрген қалаға жаңа адам болып бардым.
Бүгінде елордалықтардың арасында «Астананы сүймесең, ол сені қабылдамайды» деген сөз бар. Бұл жолы Астана мені құшақ жая қарсы алғандай. Жалындаған жастар, таңертең және кешке серуендеген қариялар, бейбіт жұрт, қарбалас тіршілік – бәрі менің қалам екенін ұқтырды.
Бүгінде мен Астананың қақ төрінде тұрып, сүйікті салам – баспасөз қызметінде еңбек етіп жүрмін. Армандарыңыздан ешқашан бас тартпаңыздар. Себебі бәрі мүмкін! Сөз соңында айтарым, Астана – толағай табыстың, берекенің ортасы, тәуелсіз елдің басты құндылығы.
Ортақ мерекеміз – Астана күні құтты болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.