Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Куәлігің бар ма, асаба?

0 241

«Той дегенде қу бас домалайды» дейді қазақ. Бұл ауыспалы мағынада айтылған сөз болғанымен, бүгінде тойға келген халық шынында домалайтын күйге жетті. Асабалардың ойындарына шыққан келіндердің бірі үлкендердің алдында бөксесін бұлғаңдатып билесе, енді екіншіде сол қариялардың өзі қызымен жасты аруларды қуалап, еденге етпетінен құлағанын көрдік. Бұл, әрине, тойдан сый, қонақтан қадір қашқанын көрсетіп тұр.

Бұл ретте көпшілік қазіргі тамадалардың ерсі ойынын сынға алып жатады. Күлдіремін деп, бүлдіріп жататынына налиды. Осыған орай биыл Жамбыл облысында «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Еліміз бойынша тұңғыш рет ашылған ұйымның мақсат-мұраты қандай? Бірлестік той мәдениетін қалыптастыра ала ма?
Жалпы, той мәдениетіне қатысты мәселе бірінші мәрте көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те аталған жайтқа қатысты ойын білдіріп, халықты ысырапшылдықтан алшақ болуға шақырған еді. Артынша «Асабалар алаңы» құрылып, тамадаларға куәлік берілді. Алайда осы куәліктің құны қандай? Оны алған асабаларға қандай бедел беріледі? Осы және өзге де сұрақтармен «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаевпен тілдескен едік.
– Мұндай қоғамдық бірлестікті құру туралы ұсыныстар осыдан 30 жыл бұрын айтылып жүрген болатын. Алайда нақты бас-көз болатын адам болмады. Содан кейін мен «Асыл арман» ұлттық дәстүрді қолдау қоғамдық бірлестігін құрып, осы той мәдениетін қалыптастыру бастамасын көтере бастадым. Бұған өңірдегі беделді асабалар қолдау білдіріп, «Тараз тарландары» атты орта құрдық. Міне, осы ұйымға мүше өнер адамдары жыл сайын қаңтар айында бас қосып, пікір алмасып, ойымызды ортаға салып жүрдік. Алайда бұл бірлестікті заңдастырып, құжатын ала алмадық.
Қазіргі «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігі – жұмысын енді бастап келе жатқан ұйым. Бұл бірлестіктің құрылуына облыстық Ардагерлер кеңесі мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы ұйытқы болды. Руханият орталығынан «Дәстүр мен өнер» бөлімі ашылып, соның бір бағыты осы той мәдениеті, салт пен дәстүрге арналып отыр. Бұл ретте «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің құрылуы мен жұмысының одан әрі жүйелі жүруіне өлшеусіз үлес қосып отырған Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалықтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Осы азаматпен бірге аудан-ауданды аралап, ел ағаларының пікірін тыңдап, бірлестік жұмысына қажетті мол мағлұмат жинадық. Соның арқасында қоғамдық бірлестікті заңдастырып, мөрін алып, 33 мүшесіне куәлік пен төсбелгісін тапсырдық, – дейді Ринат Нұрақбаев.
Иә, қоғамдық бірлестікке 33 адам мүше болып тіркелген. Олар куәлікпен қоса төсбелгі де алған. Алайда бірлестік мүшелігіне өткен азаматтар кімдер? Және бірлестік куәлігі мен төсбелгісін қалай алуға болады?

– Біз бірлестік мүшелігіне өту туралы хабарламаны өнер адамдары отыратын әлеуметтік желілер мен топтарға тастап, бірігуге барынша үндедік. Нәтижесінде 33 белсенді азамат хабарламамызға үн қатты. Оның ішінде 10 ауданнан бір-бір өкіл болса, қалғандары – осы өнер саласында жүрген беделді асабалар. Қазір енді осы бірлестікке кіріп, куәлік ала алмай қалған өнер адамдары арасында өкпелеп жатқандар көп. Оларға жағдайды түсіндіріп, куәлік алуға ниеттілердің тізімін жасап жатырмыз. Біздікі қоғамдық бірлестік болған соң, қаржы қаралмайды. Алғашқы 33 адамға куәлік пен төсбелгіні Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының көмегімен жасадық. Ал енді бірлестікке жаңадан қабылданатындар жарнасын төлейді. Содан кейін асаба екенін айқындайтын құжатын береміз.
Жасыратыны жоқ, өнер адамдары арасында «Осы куәліктің қажеті не?» деген әңгіме де айтылып жатыр. «Соны алмасақ, той басқара алмай қаламыз ба?» деген ойлар да білдірілуде. Бұл тұста ескерте кетерлігі, біз бірлестікке мүшелікке өтіп, куәлік алуға ешкімді міндеттеп жатқанымыз жоқ. Бұл әркімнің өз еркі. Бірлестікке өтсе де, өтпесе де болады. «Қолында куәлігі жоқ екен» деп тойханаға кіргізбей қояйын деп жатқан да ешкім жоқ. Біздікі тек тәртіпке шақыру.
Күні кеше өткен асабалар жиынында куәлік алған азаматтар қазір жауапкершілік жүгін сезініп, өздерін басқа қырынан таныта бастады. Біздің көздеген мақсат – осы. Асабалар өздеріне артылған жауапкершілікті сезінсе екен дейміз. Сондай-ақ болашақта той иелерін тамаданы таңдарда оның куәлігі бар ма, жоқ па, соған мән беруге шақырып отырмыз. Олай дейтінім, біз бірлестік мүшелігіне қабылдар алдында үміткерді ақылдастар алқасының алдынан өткіземіз. Онда беделді асабалар мен сөз қадірін білетін азаматтар отыр. Солар асабаның сөз мәнері мен талантын таразылағаннан кейін барып мүшелікке алып, куәлігін береміз. Бір сөзбен айтқанда, ол тестілеуден өткен білікті тамада болады. Міне, осындай асабаны той иелері жалдаса, одан ұтылмасын ұғындырмақпыз, – дейді бірлестік төрағасы.
Байқап тұрсақ, бірлестіктің жоспары жұмыр, талабы қатаң екен. Кім көрінгенді мүшелікке алуға құлықты емес. Саннан гөрі сапаға жұмыс істеуге ниетті. Қазір асабаларды іріктеп алса, кейін тек куәлігі бар тамадаларға ғана той басқартуды көздеп отырғандарын да аңғару қиын емес. Алайда бұған тойханалар мен той иелері келісе ме?
Ринат Нұрақбаевтың айтуынша, осы сауалмен олар Тараз қаласындағы тойхана иелерін шақырып, пікірлерін тыңдаған екен. Дені той тәртібін білмейтін асабалармен сөзге келіп қалатындарын айтып, бірлестік бастамаларын қолдапты. Алайда алғашқы жиында тойхана иелері аз келгендіктен, қазір бұл бағытта тағы жұмыстар жүргізілуде.
Ал той иелеріне келсек, мұнда екіұдай пікір қалыптасатыны анық. Жанұясының қуанышы болғаннан кейін қандай асаба жалдаса да әркімнің өз еркі. Ондай кезде той иелері тамаданың куәлігіне қарап жатпайтыны айқын. Сондықтан бұл мәселе әлі талай талқылау мен таразылауды қажет ететіні сөзсіз.
Тамадалар арасында да қазір бейтарап отырғандар көп. Кейбірі, тіпті, «Куәлік алу – асабаны салық төлеуге міндеттеу» деп түсінуде. Екіншілер «куәліксіз-ақ той басқарамыз» деп қолын бір сілтеуде.
Әрине, «Асабалар алаңы» қоғамдық бірлестігінің жұмысына қатысты айтар сынымыз, тағар мініміз жоқ. Жұмысы тек жемісті болсын деп тілейміз. Алайда бірлестік тамадаларды ғана тәртіпке шақырып қоймай, тойхана иелерімен де бір бәтуаға келсе екен дейміз. Олай дейтініміз, тойхана мәзіріндегі ысырапшылдық мәселесі де біраз жылдан бері көтеріліп келеді. Дегенмен кәсіпкерлер бұған құлақ асар емес. Міне, осы мәселеге бірлестік ықпал ете алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сол секілді қазір асабалардың көрсеткен қызметі үшін сұрайтын ақысы да көпшіліктің төбе шашын тік тұрғызып тұр. Егер қоғамдық бірлестікке мүшелікке өткен тамадалардың бағасын бір жүйеге келтіре алсақ, ағайынның алғысы шексіз болар еді. Әрі бұл өзге асабаларға үлгі болатыны анық. Енді ол жағын жаңадан құрылған бірлестік басшылары мен мүшелерінің сана талқысына қалдырдық. Ал біз өз тарапымыздан «Асабалар алаңы» бүгін ашылып, ертең жабылып қалатын көп қоғамдық бірлестіктің бірі болып қалмасын деп тілейміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.