Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өкпеге тиетін ауруды екпемен тый

0 230

Шаһардағы коронавирустық инфекцияның эпидемиялық жағдайы туралы қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев пен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының м.а. Рита Алтынбасованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Шапағат Әбдірұлы

Таразда соңғы бір аптада COVID-19 кеселін 471 адам жұқтырған. Талдау барысында инфекция жұқтырғандардың жас құрамына қарасақ, 14 жасқа дейінгі балалар – 74 (9,4%), 15-19 жас – 33(4,2%), 20-29 жас – 33(4,2%), 30-39 жас – 125 (15,9%), 40-49 жас – 835 (15,5%), 50-59 жас – 965 (17,9%), 60-69 жас – 1003 (12,1%), 70 жастан жоғары – 649-ды (12,1%) құрайды екен. Науқастанғандардың басым бөлігі – 50 жастан жоғары тұлғалар мен көбісі зейнеткерлер және өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар. Ал коронавирустық инфекцияға қарсы екпе жұмыстарын жүргізу үшін 14 егу пункті жабдықталып, дайындалған. Және де жылжымалы егуге арналған автокөлік «Ауыл-Береке», «Қайқармет» базарларында және «Скиф Трейд» супермаркетінде жұмыс жасаған. Соның нәтижесінде қала бойынша коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның 1-компонентімен 93452 адам қамтылған. Бұл халықтың 39,0 пайызын құраса, 2-компонентін 55428 тұлға алып, бұл халықтың 23,1 пайызын құрайды. Осыған сәйкес қала аумағында эпидемиологиялық талаптарды сақтау және шектеу нормаларының бұзылуының алдын алу бойынша 4 мобильдік топ құрылып, жұмыс жүргізуде.

– Аурудың тізгінделуі өзімізге байланысты. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп тапқанымыз ел үшін де, жақындарымыз үшін де абзал болмақ. Әрине, ол жол – вакцина алу. Біздің де басты назарда азаматтарымыздың денсаулығы болмақ. Жалпы қазіргі таңда «Ashyq» бағдарламасы өз жұмысын сапалы атқарып тұр деуге болады. Бүгінде қосымшамен жұмыс істеуде QR-кодты алып, өтініш берген 413 объект, олар: кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану орындары (мейрамхана, дәмхана, асхана), фитнес клубтары, бильярд, компьютерлік клубтар, СПА орталықтары, сұлулық салондары. Қосымшаның арқасында «қызыл» түс белгіленген ПТР-тестінен оң нәтиже шықса да дәмханаға барған 30 адам анықталды. Ал науқас адаммен байланыста болған «сары» түс статусындағы 63 адам тіркелген, олар – үй карантиніне алынып, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғандар. Олардың бәрі дәмханаға кіргізілмей, жергілікті емханаларға хабарлама жіберілді. Карантиндік режимді бұзғаны үшін 2 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, оның ішінде кәмелетке толмаған тұлғаға 5 АЕК (15585 теңге) көлемінде, жалпы 59340 теңге айыппұл салынды. Алайда мәселе айыппұлда емес, сол айыппұлды төлемей-ақ, өз-өзімізді, жақындарымызды қорғайық. Бәріміз ауруға қарсы іс-әрекет жасап, бірге күресейік, – деді Алмас Садубаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.