Қалалық қоғамдық-саяси газет

Коронавирустан қалай емделіп жүрсіз?

0 17

Коронавирус індеті көпшілікті тығырыққа тіреп, бойларын қорқыныш пен үрей алып, сеңдей теңселтіп жібергені рас. Бұл ауруды жұқтырмаған адам сирек болар. Тіпті ауырып, ауруханаға түсіп, ешбір ем-шараға көнбей қанша адам көз жұмып, өмірлерімен қоштасып жатыр? Иә, несін жасырамыз, бұл індет нағыз тажал, қасірет болып тұр.

Мәліметтер бойынша (9.08.2020) әлемде коронавируспен 17,5 миллионнан астам адам ауырып, оның 700 мыңға жуығы одан көз жұмыпты. Расын айтқан жөн, тәжірибелі инфекционист-дәрігерлердің өзі бұл ауыр індетті қалай, немен емдеу жолын таппай, дағдарыста жүргені жасырын емес. Бүкіл әлемнің белді вирусолог ғалымдары да қиындыққа кезігіп отыр. Жұмбағы аз болып тұрған жоқ бұл COVID-19 індетінің. Дәрігер болғандығымнан болар, менің телефонымда күндіз-түні тыныштық жоқ. Туыстарым, достарым, әріптестерім мен таныстарым жандары қиналып, өз жағдайларын немесе жақынының халін айтып, кенеттен келіп жабысқан дерттен қалай емделу керек екенін білгісі келіп, немесе ауруханаға жатқызуға қол ұшымды беруді сұрап, өтініш жасап шырылдап, тіпті көз жастарына ерік беріп жатады. Мына қазіргі ауыр, қауіпті індеттің ажал тырнағынан қалай құтыламыз деп жан сауғалағандары ғой. Оларды түсінуге болады? Бірақ қолдан келер жәрдем шамалы, дәрменсіздік мол. Содан, ішің қыж-қыж қайнап, не деп ақыл айтарыңды білмей өзіңе-өзің қапа боласың.

Коронавируспен науқастанған кісіні қалай емдеу керектігі Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық протоколына қарап жүргізілетіні барлығымызға аян. Бір өкініштісі, ол қайта-қайта толықтырылып, өзгертіліп, жетілдіріліп жатқаны. Елімізде коронавирус індеті басталғаннан бері ол протокол 10-11 рет өзгертіліпті. Шындыққа келгенде, оның тым көлемділігінен дәрігерлер сол ұсыныспен жүре танысады, негізгі көңіл бөлетін жері – диагностикалық және ем-домдық шара алгоритмі. Дерттің ағымына қарай дәрігерлер оны бірнеше түрге бөледі: симптомсыз (клиникалық белгісі жоқ), жеңіл, орташа және ауыр түрі. Стационарларға орташа және ауыр түрлері жатқызылып, қажетті ем жүргізілуде. Ал симптомсыз және жеңіл түрлері үй жағдайында, яғни амбулаториялық ем қабылдауда. Олардың біразы дәрігерге бармай, өз бетінше өзімбілемдікпен ем қабылдап жүргендері де рас. Мысалы, жуырда Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетінің студенттері қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, «Дәріні сізге кім тағайындады?» деген сұраққа жауап іздеді. Сонда олардың 54 пайызы дәрігер тағайындады десе, 24 пайызы өзін-өзі емдейтінін айтқан. Ал 10 пайызы коронавирустан емделудің жолын іздеп, интернетке жүгінсе, 12 пайызы әртүрлі себептермен жауап беруден бас тартқан. Сөйтіп, сауалнама қорытындысына қарасақ, әлі де 40 пайыздан астам жұрт дәрігерге бармай, өз беттерінше ғаламтордың, таныстарының кеңестері бойынша емделуде екен. Бұл – қауіпті үрдіс.

Расында да, соңғы кезге дейін көптеген қазақстандықтар үшін КВИ өздерінде бар ма, жоқ па екенін анықтау, дәрігерлерге көріну, дәріханалардан ыстығын түсіретін және де басқа дәрі-дәрмектерді (цитрамон, антибиотиктер, аскорбин қышқылын), тіпті қорғану құралдарын (бетперде, антисептиктер) табу қиындап кеткені белгілі. Айқай-шу шыққаннан кейін ғана дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектерді «СК-Фармация» компаниясы жеткізді. Айтушылар, ол дәрілер қоймаларда қорап-қорап, қап-қап болып қозғалысқа түспей жатқанын жеткізіп, қынжылысын білдіруде. Халықтың көбі ауруларын індеттің алғашқы симптомдары білінісімен, дәрігерсіз ауруды өздері анықтап, үйлеріне оқшауланып (ең бастысы – осы шара!), ем-домды өздері жүргізіп жүргендері жасырын емес. Жағдай бәрімізге мәлім, егер тыныс алу жиілемесе (одышка), дене қызуы қатты көтерілмесе, жедел медициналық жәрдемге жүгінудің қажеті жоқ. Қазір «вирустық пневмония» деп елді тыныштандырып, жалған сөйлеп, сабырға шақырып жүрген дәрігерлер бұл коронавирустың асқынуының бір түрі екенін біле тұра ел арасында үрей туғызбау үшін «пневмония» деп сырғақтатып, жалған сөйлеп жүр. Статистикамыз да содан жалған болып, өтірік мәліметтерге айналып, елдің сенімін мүлдем жоғалтты.

Коронавирус тыныс жолдары арқылы өкпеге еніп, оның ең нәзік альвеоларын қабындырып, қанды қоюландырып, майда, жіңішке тамырларда тромбтар (ұйыған қан түйіршіктері) пайда болып, оларды бітейді. Ол бірте-бірте дендеп, өкпенің көп учаскелерін қабындырып, одан басқа инфекциялар қосылып, өкпе тіндері өлі (некроз) еттеніп, фиброзға айналдырып, тынысты тарылтады, дем (оттегі) жетпей, қара терге малынып, одан науқас қатты қиналады. Рентгендік немесе компьютерлік томографиялық зерттеу өкпенің қабынғанын, яғни бактериялық пневмонияның, оның көлемін көрсетеді. Дер кезінде, уақытында ем жүргізілмесе, ауру асқынып, жүрек, бауыр, бүйрек, орталық нерв жүйесі сияқты ағзаларға әсер ете бастайды. Тіпті кейде полиоргандық (барлық ағзалардың қызметінің бұзылуы) жетіспеушілік дамып, ауру одан қайтыс болып кетуі әбден мүмкін.

Егер сізде КВИ-дің алғашқы белгілері (бойда делсалдық, әлсіздік пайда болып, тамақтың дәмін сезінбеу, дене қызуы көтерілу және с.с.) біліне бастаса, уақыт оздырмай ем-дом жүргізуге кіріскеніміз орынды. Глюкоза ерітіндісіне аскорбин қышқылын («С» витаминін) қосып, көктамырға енгізген жөн. Дене қызуы 38-ден асса, аспиринмен дене қызуын басып, қан сұйылтатын дәрінің (аспирин немесе кардиомагнил) бірін, тәулігіне ең кем дегенде 2,5-3,0 литр сұйықтықты (сорпа, лимонды шай, шұбат, саумал, компот, шырын, минералды су және т.б.) ішкеніміз орынды. Антибиотиктерді дәрігермен кеңесіп барып пайдаланыңыз. Өйткені антибиотиктер иммундық жүйені (ауруға қарсыласу күші) жоятыны жайлы мәліметтер бар. Сыртқа шықпай, үй жағдайында емделіңіз. Егер бір қажеттілікпен көшеге шықсаңыз, бетперде (маска) киюді, жиірек қол жууды, антисептиктермен қолды өңдеуді ұмытпаңыз. Тіпті ортаңыздан қысылмай, қолдарыңызға резеңке қолғап кигеніңіз артық емес. Масканы да дұрыс киген жөн. Ол ауыз бен мұрынды толық жабуы керек.

Иммундық жүйесі сақталған адамдар мен балаларда КВИ-дің симптомсыз түрі жиі ұшырасуда. Олар өздерін оқшау ұстағандары жөн. Өйткені олар да вирусты ортаға таратып, басқа адамдарды бұл қауіпті ауруға ұшырататыны белгілі. «Қорғансаң, сақтансаң – сақтаймын» демей ме қазақ бабамыз. Сақтану, сақ болу – әрбір саналы жанның қолынан келетін шара. Денсаулығын сақтау – әр адамның өз міндеті. Егер бойыңызды әлсіздік билеп, тамаққа тәбетіңіз төмендеп, тамақтың дәмін сезбеу пайда болса, тамақ жыбырлап, жөтел пайда болса, дене қызуы көтерілсе, өзіңізді оқшаулаңыз. Отбасыңыздағы және қызметтес кісілерге өз ауруыңызды жұқтырып алмауға әрекет жасаңыз. Тәртіп бар жерде, санитарлық карантиндік талаптар орындалған жерде инфекция таралмайды. Инфекцияны тарататындар – жауапкершілікті сезінбейтін, қорғануды білмейтін, коронавирустың адам өміріне өте қауіпті екенін түсінбейтін, ой-өрісі тар адамдар. Қанша айтылса да, әлі де көшеде инфекциядан сақтанбай маскасыз, ашық-шашық, қалай болса, солай жүрген жүгенсіз, тәртіпсіз адамдарды кездестіруге болады. Неге? Олар қауіп-қатердің қайдан, кімнен келерін белмей ме? Бәзбіріне: «Маскасыз неге жүрсіз?», – десең, бетіңе бажырайып қарап: «Не сонда, маска вирустан сақтайды деп ойлайсыз ба?», – деп өзіңді сұраққа алып, тіпті кейбірі ақылсынып «дәріс» оқи бастайтыны бар. Оларға одан кейін не дейсің? Түсіне білсек, бұл нағыз надандық емес пе?
Қазіргі күндері коронавирустан сеңдей соғылған халық кімді тыңдарын білмей дал болуда. Дәрігерлердің кеңесіне қосымша халық емін қолданып жүргендер аз емес. КВИ елімізде пайда болған алғашқы сәттері ел-жұрт қорқыныш пен үрейге жол беріп, дүкендердегі ұн, күріш, қант, май және де басқа азық-түліктерді қаптап, қораптап жаппай сатып алып, үйлерін, пәтерлерін қоймаға айналдырғанын білеміз. Одан кейін маска, дәрі-дәрмек іздеп, дәріханалардың маңын күндіз-түні жүздеген адамдар торуылдап, сағаттап кезекке тұрған дәрменсіз топтарды көрдік. Халықтың айтуына сеніп, көпшілік келілеп зімбір (имбирь), лимон, сарымсақ, пияз, хрень сияқты өнімдерді сатып алып, ем ретінде пайдалана бастады. Саумал, қымыз, шұбатқа сұраныс артты. Арсыз саудагерлер, ождансыз дүкен иелері олардың бағасын аяқ астынан аспандатып, онсыз да жілігі шағылып, кедейшіліктен «шықпа, жаным, шықпа» деп қарызға батып, айлықтан айлыққа әрең қол жеткізіп, әйтеуір нәпақасын әрең тауып жүрген сорлы халықты барынша тонауда.

«Ой, не дейсің, самал, қымыз, шұбат ем екен» деген сөз желдей ескенде, қара халық саумал, қымыз, шұбат іздеп табандарынан таусылды. «Қойдың құйрығы адамның вирусқа және де басқа ауруларға қарсыласу күшін арттырады екен» деген сөзге сеніп, базар мен дүкендерден құйрық іздеп кеткендер аз болмады. Құйрықты қойлардың бағасы базарда бірден шырқап кетті. Қой етінің сорпасы да көптің есінен шықпады. Интернет пен әлеуметтік желілерде, газеттер мен телевидениеде коронавируспен қалай күресу керек туралы мәліметтер, дәрігерлік кеңестер күн құрғатпай жарыса жарияланып жатты. Қандай кеңес болмады, шіркін! Қалай дұрыс демалу керек туралы, дене шынықтыру гимнастикаларының бірнеше түрі, бетперде (маска) астына дәкеге спирт құйып демалу, арақты түтікше арқылы үрлеу, тамақты сода ерітіндісімен немесе сарымсақ (чеснок) тұнбасымен шаю, коньякты үш мезгіл 50 мл-ден ішу және т.б. Халық олардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажырата алмай, «Суға кеткен тал қармайды» дегендей қолда барын жасап көруде. Бірақ, өкінішке қарай, олардың арасынан да КВИ-ге шалдыққандар табылып жатыр. Қатерлі мына вирус адам, оның жасын, қызметін, байлығын таңдамайтынын көрсетті.

Таяуда «Түркістан» (23.07.2020) газетінде журналист Арайлым Бимендиеваның академик Төрегелді Шармановпен сұхбаты шықты. Көп жылдардан бері тамақтану проблемасымен айналысып, сол проблемалармен айналысатын академияны басқарып жүрген беделді ақсақалымыз газет оқушыларына біраз орынды мәлімет беріпті. «…Бұл вирус былай қарасаң, баяғы инфекциялық аурулардың бірі сияқты, ал шын мәнісінде, бұрынғы вирустардан күрделі, өзгеше, бөлек болып отыр. Тез өзгеріске ұшырайтын вирус болғандықтан да еліміздің медицина саласы беймәлім дүниеге дайын болмады. Сондықтан да күрделілігімен, тез өзгеруімен ерекшеленетін, өмірімізге кездейсоқ келген вирусқа «жауап беру», тосын жағдайға білек сыбанып кірісу оңай болмады. Медицина саласына әлі қаншама құрал-жабдықтар қажет екені білінді. Болашақта осы мәселені шешуді ойлау керек. Кездейсоқ келген вирустан дәрігерлер көп зардап шекті. Бұл соғыста дайындықсыз ұрысқа кірген олар бірінші болып «оққа ұшты». Олар нағыз батырлықтың үлгісін көрсетіп, өздерін құрбандыққа шалып жіберді деп айтуға болады. Оны жұрт бағалай бермейді. Денсаулық сақтау саласында іс-шараларды ұйымдастыру жағы кемшін түскен болуы мүмкін. Біздің оқу жүйемізде осындай тез болатын вирус жағдайына дайындық керек екені де білінді», – деп бастапты сөзін сұңғыла ғалым. «Тосыннан келген бейтаныс вирусты жұқтырсаңыз, дәрігердің көмегіне жүгінген дұрыс. Бірақ біздің еліміздегі жағдай оған мүмкіндік бермеді. Бұл дәрігердің осалдығынан емес, әбіргерге түскен халықтың қарусыз соғыста амалсыз жасаған әрекеті дер едім. Бұл жерде халықты да, дәрігерлерді де кінәлай алмаймын. Қазір бәрі өз орнына келе бастады. Медицина саласында ауру, дәрігер, науқас адам үштігі ұғымы бар. Егер дәрігер мен науқас адам күш біріктірсе, олар ауруды жеңеді. Ал егер науқас аурумен бірігіп кетсе, онда дәрігер науқаспен және аурумен бетпе-бет қалады. Бұл дәрігерге оңайға түспейді. Сондықтан ауырған адам аурумен емес, дәрігермен бірге болуы керек».

«Коронавирус халықты не нәрсеге үйретті?» деген сұраққа академик: «Вирус бейқам қалмауға үйретті. Біздің қазақ далада өскендіктен, менталитетінде «ештеңе етпейді» деген түсінік бар. Бейқам қалып, дәрігерлер емдеп алады демей, дәрігермен бірге болу үшін оларға көмекші болыңыздар.

– Ауруды құнарлылығы күшті, пайдалы тағамдар арқылы жеңу мүмкін бе?

– Қандай ауру болмасын тамақтану бірінші орында тұру керек. Ақуызы жеткілікті, сұйықтығы мол тамақтарды молырақ пайдаланған жөн. Коронавирусты жеңуде қымыз бен жылқы етінің алар орны ерекше. Тамағы дұрыс адамға вирус жолай алмайды. Ауруды тек тамақпен емдей алмассың, бірақ негізгі күресте оның маңызы өте зор. Тамақтың төресі – жылқы еті мен қымыз. Түсінетін қазақ жылқының етінің пайасын жақсы біледі. Қазақта «Кешке жеген қойдың еті ертеңгі күн батқанша, сиырдың еті таң сарғайып атқанша, жылқы еті төсек салып жатқанша сіңеді» деген сөз бар. Жылқы еті үш есе тез қорытылады, ағзаға бекіре балықпен бірдей уақытта сіңеді. Мүмкіншілік болса, жылқы етін жеп, қымызы мен саумалын ішкенге не жетсін! Кез келген ауруда оптимистік көзқарас – жеңістің жартысы. Адамның ұзақ өмір сүруі де оптимистік көзқарасына байланысты. Дәрігер кіріп келген кезде ауруыңа жеңілдік сезінбесең, аурудың сені жеңгені. Ал дәрігерге сеніммен қарасаң, ауруың кейін шегінеді. Адамда ауруды жеңемін деген жақсы ой, сенім болуы керек», – деп аяқтайды сұхбатын Төрегелді Шарманов (Құдай қаласа, биыл ғалым ағамыз 90-ға келеді, ғұмырлы болсын!).

Көпті көрген, көпті білген, парасатты, тәжірибесі мол ғалым Т.Шарманов дұрыс айтады. Пандемия кезінде тамаққа орынды көңіл бөліп, дәрігерлердің кеңесіне құлақ асқан артық емес. Әйтпесе, кім не айтпайды: имам көбірек Аллаға жалынып, құран оқы десе, емші мына шөп дәріні іш, ал дәрігер ақуызы құрамында мол тағамдарды пайдаланыңыз дейді. Түсіну, ұғу, илану қиын болып тұр емес пе дәл қазіргі «жау етектен алып» тұрған сәттерде. Кеңес берушілер аз емес. Әйтеуір, бұл тажал індеттен аман-есен құтылайықшы, ағайын!

Жаңа сөз ретінде қымыз, шұбат, саумал адам бойындағы ауруға қарсыласу күшін (иммунитетті) арттырады екен дедік. Оны академик Төрегелді Шарманов мырза да растады. Шынында, қазір халық аузында «саумал ішіп жүрмін», «елден қымыз, шұбат алдырдым, бірақ бағалары аспандап барады, тұрлаусыз өмір басталып кеткендей» дейтіндерін естіп жүрміз. Әйтеуір, бағасына қарамай, індеттен пана болып, ем болса жарады да! Осы жерде еріксіз мына бір әңгіме еске түсті. Қымыз сататын үйге келіп бір кісі қымыз сұрапты. Үйінде ересектер болмай, кішкентай жас бала шығыпты. Үйінде бір мес қымыз тұрса да, әлгі бала қымыз сатпайтынын айтыпты. Сатып аулға келген кісі себебін сұраса, әлгі балақай: «Өйткені мен оған қанша су құйып сату керектігін білмеймін», – депті.

Міне, бұл – қазіргі өмірден алынған ащы шындық. Қымызға, саумалға, шұбатқа ел-жұрттың сұранысы артқанын білген арсыз, ұятсыз қымызхана иелері, бие сауып отырғандар олардың бағасын көтеріп, оған су, сүт, айран, ұн және де басқа заттарды қосып, көлемін көбейтіп жатқанын мына беймаза өмірден байқап жүрміз. Олардың әлгідей сусындарының адам денсаулығына пайдасынан гөрі, зияны көп екенін білмейтіндеріне таңғалыс білдіресің. Ақша үшін арын сатуға дайын, адамгершілігін жоғалтқан, теріс пейілді пайдакүнем жандар әлі де ортамызда қаптап жүргеніне налисың. Сірә, содан тапқан ақшалары бойына жұғады ма екен әлгілердің? Көсегесі көгерер ме екен олардың?

Қазіргідей сын сағатында, еліміздің әр өңірінде қымыз бен саумал жиып (мысалы, Қарағанды өңіріндегі Жаңарқа ауданының тұрғындары және басқалар), арнайы ас пісіріп, ауруханалардағы науқастарға, дәрігерлерге жеткізіліп жатқанын естіп, теледидардан көріп жүрегіміз жылып, бойда қуат, сенімдік пайда болады. «Бір жеңнен қол, бір иықтан бас шығырып», түсіністікпен қарап жатқан саналы, түйсігі мол, қолдары ашық, пейілдері кең, жомарт, елжанды, өресі биік абзал азаматтарға көпшіліктің алғыстан басқа айтары жоқ. Алла оларға жар болып, жасаған жәрдем-көмектері дерт шалған жандарға қуат беріп, қабылдап жатқан емдері шипа болып, иманы бар жандардың атқарып жүрген қайырымды тіршіліктеріне береке берсін!

Сөз соңында айтарымыз, коронавирустан емделу үшін дәрігерлердің нұсқауы бойынша ем-дом қабылдаған жөн. Өзін-өзі емдеуден бас тартып, ғаламтордағы түрлі кеңестерге жүгінбегеніңіз орынды. Коронавирустың белгілері білінсе, емханаға барып әуре болып, басқаларға қатерлі инфекцияны жұқтыруға себепкер болмаңыз. Дәрігерді «103» арқылы үйге шақыртып, оның айтқан кеңесіне құлақ асып, жөнді ем-дом қабылдаңыз. Өзімбілемдікке салынып, артық қыламын деп тыртық қылып алма, яғни дертті асқындырып, ертең бармақ шайнап, өкінішке ұрынып қалмағанымыз орынды.

Дана қазақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Ендеше, көпшілік болып жауапкершілікті сезініп, бұл қасіреті мол індеттің тезірек ортамыздан аластануына, дертке шалдыққандардың ауруынан тез айығып кетуін тілейік. Пандемия кезінде бірге болып, барлығымыз карантиндік талаптарды бұлжытпай орындасақ, бұл індеттен тезірек құтыламыз, КВИ-ді жеңеміз. Ел-жұрт аман болсын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Нью-Йорк академиясының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.