Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кітапхана адамзатты асыл құндылыққа жетелейді

0 323

Кітапхана – адамзат баласын асыл құндылықтарға жетелейтін, білім мен біліктілікті арттыратын, адам бойындағы рухани танымды байытатын алтын орда. Мұндай орталықтардың мектеп қабырғасынан орын табуы білімпаздардың болашағының жарқын болуына өз септігін тигізеді деген сөз. Ендеше назарларыңызға Тараз қаласы № 63 орта мектеп кітапханасының 2024-2025 оқу жылында атқарған жұмыстарын ұсынамыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында электронды дәуірдегі дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөліне тоқталып, мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалап, толықтырудың аса маңызды міндет екендігін атап көрсете отырып, «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасын іске асыру мақсатында мектеп оқушыларының оқу мәртебесін, оқу белсенділігі және оқу сапасын арттыру, балалар мен жастардың мәдени және оқу құзыреттілігін дамыту, сондай-ақ жас ұрпақ бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін атап айтты. Осыған орай мектеп әкімшілігі оқушыларға әдеби шығармаларды оқыту мақсатында мектепте 20 минуттық кітап оқу дағдысын қалыптастыру үшін 5-8 сынып оқушылары әр күн сайын үзілісте кітап оқулары керек екені ескеріліп, жоспар бойынша өткізілуде. Оқылатын кітаптар тізімі «100 кітап оқу» тізіміне сай жасалып, оқушыларды кітаппен қамтамасыз ету кітапханашыларға жүктеліп, оқушылардың кітап оқуын сынып жетекшілері қадағалауда. Сонымен қатар 5 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдер күніне орай балалардың тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу, ана тіліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында «Тілім – менің тірегім» атты кітап көрмесі өткізілсе, жаңадан келіп түскен кітаптармен таныстыру, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Жаңа кітап – жаңа әлем» библиофреш кітап көрмесі ұйымдастырылды.
«Кел, балалар, оқылық» атты 1 сынып оқушыларымен кітапханаға саяхат ұйымдастырылды. Кітапханашылар оқушыларды абонемент, оқу залымен, оқушыларға кітапханада кітап қалай берлетіні туралы және қысқаша кітапхана ережесімен таныстырып өтті. Оқушылар «Кітап – біздің досымыз», «Ертегілер елінде» атты кітап көрмелерімен танысты.
Іс-шаралар жоспары мұнымен тоқтап қалған жоқ. Кітапхана ұжымы балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевты да естен шығармай, жазушының шығармаларын кітапхана оқырмандарына кеңінен насихаттады. Сондай-ақ мектеп қабырғасында «Бейімбет мұралары» атты оқырмандар конференциясы өткізілді. Конференцияға мектептің 7-8 сынып оқушылары қатысып, жазушының өмірімен танысты. Оқырмандар конферециясына қатысушылар жазушының «Шұғаның белгісі», «Күлпаш», «Түйебай», «Құла ат», «Аштық құрбаны», «Баянсыз бақ», «Тасболат», «Жол кеңесі» атты шығармаларына талдау жасап, шығармалар бойынша өз ойларын айтты. Кітапханашы Д.Қартабаева қатысушыларды «Бейімбет мұралары» атты презентация арқылы жазушының шығармаларымен таныстырды. Кітапханада ұйымдастырылған кітап көрмесіне жазушы шығармаларымен қатар естеліктер, портрет, нақыл сөздер жазылды. Қазақтың көрнекті жазушылары айтылған жерде, қоғам қайраткерлері де естен шықпауға тиіс. Осы сөзді желеу еткен кітапханашылар қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туылғанына 130 жыл толуына орай «Алаштың қайсар ұлы» атты ақпараттық-танымдық сағат ұйымдастырды.
Кітапхана ұжымының мұндай шаралары таусылған емес. Демек, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалардың еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында бірнеше іс-шара ұйымдастырып, оқушыларды олардың еңбектерімен таныстырып өту жолында тынымсыз еңбек етуде.
Сондай-ақ «Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Балалар кітапханасы» бағдарламасын іске асыру аясында 8 наурыз – Халықаралық аналар мерекесіне орай №4 қалалық Абай кітапханасында өткен «Аңызға айналған арулар» тақырыбындағы шараға 8 сынып оқушылары қатысып, өз аналарына шынайы лебіздерін жазып, арнайы тақтайшаға іліп, «Ана – тіршіліктің тірегі» атты көрмеге шолу жасаған.
Дәл осы бағдарлама аясында 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күніне орай №4 қалалық Абай кітапханасымен бірлесе отырып, «Бақ берекем, құт мерекем – әз Наурыз» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты – наурыз мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт – дәстүрін көрсету және оны құрметтей білуге тәрбиелеу.
Өткен оқу жылына берілген сұраныс бойынша барлық оқушылар жүз пайыз оқулықпен қамтылған. 2024-2025 оқу жылында кітапхана тарапынан 9 606 кітап оқырмандарға беріліп, 7 702 азамат кітапхана көмегіне жүгінген. Ал тұрақты 577 оқырман кітап оқу жүйесін жалғастырып келеді.
Міне, кітапхана ұжымының атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасадық. Келесі оқу жылында да кітапханашылардың табысты еңбек етіп, оқушыларды білім нәрімен сусындату жолында жұмыстарына сәттілік тілейміз.

Дина ҚАРТАБАЕВА,
№63 орта мектептің кітапхана меңгерушісі.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.