Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әкіммен ашық диалог

Бес айда тұрғындардың қандай мәселесі шешілді?

0 226

Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев округтерде қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Шаһар басшысы ықшам аудандармен шектеліп қалмай, қала шетіндегі ауылдарға да ат ізін салды. Бес айда бұқараның базынасына қаныққан қала басшысы қандай мәселелерді шеше алды? Тұрғындардан қанша түйткілді сауал түсіп, оның қаншасының түйіні тарқатылды? Міне, осыған зер салып, зерделеп көрсек,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

 

Жалпы қала әкімінің №1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10 округтерде және «Барысхан» тұрғын алқабында өткен қабылдауларына 296 адам келіп, 496 сұрақ түскен. Оның 44 сауалына әкімдіктің бөлім басшылары тарапынан сол жерде-ақ түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, өзге мәселелер бойынша Жол картасы дайындалып, бөлімдер тарапынан өтініш иелеріне жазбаша жауаптар берілген. Оның ішінде 262 сауалға заң аясында түсініктеме берілсе, 5-і негізді себептермен қанағаттандырудан бас тартылып, 28-і қанағаттандырылған. Ал 166 мәселе қаралу үстінде. Енді нақтырақ тоқталар болсақ, Айгүл Бештаеваның «Ақжол» алқабындағы көшелерге аншлаг ілу бойынша көтерген мәселесі толығымен қанағаттандырылып, Несібе, Балқарағай, Меруерт, Ақбұлақ көшелеріне жаңа үлгідегі аншлагтар ілінген. Нәтижесінде халық санағын жүргізу кезінде мамандардың жұмысы жеңілдей түскен. Сонымен қатар жедел жәрдем қызметінің де дер кезінде мекенжайды тауып, алғашқы көмек көрсетуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ Несібе көшесінде орналасқан 4 үйдің маңындағы істен шыққан жарық шамдары қалпына келтіріліп, көшенің 198 тұрғынының түнгі уақытта жүру қауіпсіздігіне қатысты мәселесі шешіліп отыр. Ал Бейбіт Байболовтың №12 автобус маршруты туралы көтерген түйткілі бойынша А.Асқаров көшесіндегі Орталық базарға дейін қатынайтын бағыттың қозғалыс сызбасы «Қайнар», «Родничок» алқаптарына дейін созылып, таңғы және кешкі уақыттарда саяжайларға қатынауына жол ашылды. Бұл өз кезегінде осы маңдағы 4600 тұрғынның қала ішінде жүріп-тұруына оң әсерін тигізуде. Сонымен қоса Оразбек Өскембаевтың кіші футбол алаңшасын теңгерімге алу мәселесі де шешімін тауып, жастар мен жасөспірімдердің бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысуына зор мүмкіндік тууда. Бұдан бөлек, қала тұрғыны Темурлан Турдалин тілге тиек еткен Автомобиль көшесін түнгі жарықтандыру мәселесі де дер кезінде қолға алынып, қазіргі таңда 30 көше шамы іске қосылып тұр.

Көшпелі қабылдау барысында Ақерке Рахымберді «Родничок» алқабына қатынайтын қоғамдық көліктердің бағытын реттеуді сұранса, аталған мәселе бірден назарға алынып, №12, №34 автобус бағыттарының қозғалыс сызбасы ұзартылып, тұрғындардың қала ішінде қатынауы жақсартылған. Сондай-ақ Үртай Сапақованың «Әуендер әлемі» скверінің тазалығы мен ит қыдыртуға тыйым салу туралы өтініші де қанағаттандырылып, қазіргі таңда саябақта тазалық жұмыстары жүргізіліп, «Ит қыдыртуға тыйым салынады!» деген белгі орнатылған.
Қала әкімінің шалғайда орналасқан №11 аумақтық округ пен «Қайнар», «Шөлдала» алқаптарында тұрмыс кешетін тұрғындармен де тілдесіп, талап-тілектерін тыңдағаны көпке мәлім. Бұл жақта да шешілуі тиіс мәселелер жетерлік. Қолда бар деректерге сүйенсек, мұндағы қабылдауларға 352 адам келіп, 582 сұрақ жолданған. Олардың 62-сіне ауызша, 420-сына жазбаша жауап берілсе, 39 мәселе қанағаттандырылып, 54-і шешілу үстінде екен. Айталық, қайнарлық Алтын Омарованың көше жолын жөндеу туралы мәселесі қаралып, «Вега» ЖШС-мен алқап көшелеріне шағал төселген. Ал барысхандық Құралай Самиеваның №9 қоғамдық көліктің маршрутын созып беру туралы өтініші де оң шешімін тапқан. Тағы бір айта кетерлігі, осы жылдың 6 қыркүйегінен бастап №23 автобус бағытына қосымша 2 кесте қосылып, тұрғындардың жұмыс пен мектепке кешікпей, уақытында баруына оң ықпал етуде. Жалпы көшпелі қабылдауда тұрғындар тарапынан қоғамдық көлік маршруттарын ұзарту, қосу бойынша көтерілген мәселелерді қарау нәтижесінде шаһар территориясында қатынайтын автобустардың жүру кестесі қайта жасалып, олардың санын көбейту және маршруттардың жүру уақытын ұзарту туралы тапсырма берілген. Нәтижесінде 15 қыркүйектен бастап №40, 32, 27, 55, 38, 29, 27, 12, 8, 46 автобустардың жүру уақыты күнделікті сағат 22.00-ге дейін ұзартылып, жүру кестесі бекітілген. Ал тоқтап қалған №54, 57, 9, 56 автобус бағыттарының жұмысы қайта жанданып отыр. Ақтөбе мен Беделбаев көшелері қиылысындағы талдарды кесу нәтижесінде апатты жағдайдың алды алынғанын да айта кеткен жөн.
Бұл шешімін тапқан мәселелердің бір парасы ғана. Кемшіліктердің дер кезінде түзетіліп, олқылықтардың орны толғанына шаһар тұрғындары да дән риза. Біз жоғарыда келтірген деректер бұқараның базынасы ескерусіз қалмайтынын тағы бір мәрте айғақтай түскендей.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген осы болса керек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.