Таразда сыр мен сымбат, сән мен салтанат тоғысқан «Aspara Fashion week TARAZ – 2019» шарасы өтті. Сән серкелері көптен күткен күздің басты шарасына Еуропа мен Азиядан 15-тен астам сала сарапшылары мен әлемнің 10 мемлекетінен танымал дизайнерлер қатысты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

«Адам көркі – шүберек» дейді қазақ. Сән десе санамызға сілкініс жасайтын да осы сөз. Қазақстандағы сән индустриясында бүгінде «ASPARA» брендінің алар орны айрықша. Екі ғасырды алқымдаған Әулиеатадағы аядай ғана ауылдың тарихи атауы бүтін бір оқу орны мен әлемдік сән апталығының тұмарына айналып кетті. Расында, «Aspara» сән мен сапаны, сыр мен сұлулықты тоғыстырып, Таразға тамаша тарту жасады. Бұл «Aspara fashion week» сән апталығының төртінші кезеңі, бірінші кезең 2018 жылдың мамырында Шымкент қаласында, сол жылы қазанда осы Таразда, биыл сәуірде Ташкентте ұйымдастырылды. Мұндай ауқымды сән мерекесін бірнеше жылдан бері ұйымдастыруға елімізге, күллі Еуропаға танымал дизайнер, «Асыл-Дизайн» сән үйі мен «Аспара» модельдік өнер және бизнес колледжінің негізін қалаушы Айдархан Қалиев мұрындық болып келеді.
Әлем таныған дизайнерлердің басын осымен екінші рет Таразда тоғыстырған атаулы шара отандық сән индустриясына ширек ғасырға жақын уақытта бірқатар таланттарды ұсынған «Аспара» колледжінің 20 жылдық мерейтойымен басталды. «Баласағұн» орталық концерт залында аталып өткен шарада облыстық қолөнер бұйымдарының байқауында оқ бойы оза шапқан таланттар марапатталды. Байқау барысында түрлі табиғи және жасанды заттармен халқымыздың ежелгі дәстүрлерін дәріптейтін бұйымдар қазылар алқасының қызығушылығын тудырды.
– Біз жастарды мәдени және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақыру жолында қызмет етіп келеміз. 20 жыл ішінде біз 1500-ге жуық талантты дизайнерлерді, шаштараздарды, визажистерді, стилистер мен модельерлерді тәрбиеледік. Олардың барлығы бүгінде Таразды республикалық және халықаралық деңгейде танытып келеді. Мерейтой аясында ұйымдастырылған байқаудың ерекшелігі – ұлттық болмысымыз арқылы келер ұрпаққа танымды тәлім беріп, әлемге қазақ елінің өзгеге ұқсамайтын өзіндік дүниетанымын дәріптеу. Бұл ретте мақсатымызға жете алдық, әлі де жете береміз деген ойдамын, – деді колледждің негізін салушы Айдархан Қалиев.
«Arai Plaza» бизнес орталығының салтанат сарайында өткен сән апталығының бірінші күнінде дизайнерлер неофольклор стилінде әзірлеген топтамаларын сән сарапшыларының назарына ұсынып, конкурсқа қатысты. Бұл бағыттың мақсаты – әр жас дизайнердің өзінің бай тарихы мен креативті ойлау қабілетін ұштастырып, күнделікті өмірде киетін ұлттық стильдегі ыңғайлы киімдер топтамасын ұсыну. Аталмыш сыннан сүрінбей өткендер ұлттық нақыштағы киімдерді әлемге ашық экспорттауға үлкен мүмкіндік алады.
Сән апталығына осымен екінші рет «Milano fashion week» президенті Марианна Мичели, миландық танымал фэшн-фотосуретші Даглас Бассет, амстердамдық этникалық сән апталықтарының ұйымдастырушысы, «Asia fashion week» және «Africa fashion week» сән апталықтарының президенті Айдын Ачик, Бішкек қаласынан келген сән сарапшысы, «Костюм дизайны» кафедрасының меңгерушісі Наталья Султанова, Қырғызстанның «Podium» журналының басшысы Назира Бегім, этнодизайнерлердің еуразиялық қауымдастығының төрайымы Роза Халтуева, «Libos» дизайн орталығының басшысы, Өзбекстан сән апталығының серіктесі Камола Гулямова, украиналық дизайнер Оксана Хенда, «Мисс Болгария – 2017», модель, блогер Вероника Стефанова арнайы келіп, мұндай сапалы сән шаралары шеберлердің шығармашылығын шыңдап, әр дизайнерді жаңа идеяларға шабыттандыратынын айтты.
– Мен Қазақстанға жиі келемін. Өйткені мұндағы дизайнерлермен тығыз қарым-қатынастамын. Өзара тәжірибе алмасып отырамыз. Қазақтың ұлттық киімдеріне қызығушылығымыз бар. Онда ұлттық нақыштағы оюлар ерекше әсер беріп тұрады, – дейді Италиядан арнайы келген «Милано» сән үйінің директоры Марианна Мичели.
Ал миландық фэшн-фотосуретші Даглас Бассет Таразға әр келген сайын шаһардың табиғаты, таза ауасы тамсандыратынын айтады.
– Тараз – мен үшін шабыттың қаласы. Мұнда әр келген сайын миым тынығады. Мені Тараздағы тыныштық, жайлылық, тұрғындардың жайдары әрі қонақжай қалпы таңдандырады. Мұнымен қоса 2000 жылдан аса тарихы барын естігенде таңданысымды жасырмадым. Тарихқа деген тағзымдарыңызға еріксіз басымды идім. Жер бетінде өткенін білмейтін қаншама қала бар. Сән апталығы сынды шаралар арқылы сіздер өздеріңіздің өткендеріңізге көптеген туристерді қызықтыра аласыздар. Бұл – сіздер үшін керемет мүмкіндік. Шетелдік меймандарды әрдайым шағын көшелер, жайлы атмосфера сыйлайтын дәмханалар қызықтырады. Мұны сіздердің туған жерлеріңізге бірнеше рет келіп, кішігірім зерттеу жүргізген шетелдіктің көзқарасымен айтып отырмын, – деді фотосуретші.
Сән апталығы аталмыш шараның бас ұйымдастырушысы Айдархан Қалиевтің «Тараз перілері» топтамасының таныстырылымынан басталды. Топтаманың басты нышаны ретінде қазақ халқы қасиет тұтқан кимешек ұсынылды. Неофольклор бағытын тек Орта Азияға ғана емес, күллі әлемге танытқан дизайнердің туындыларына меймандар ерекше назар аударды. Себебі сарғыш қоңыр, сұр реңкті матадан тігілген көйлектер ұлттық нақыштағы көйлектердің сән әлемінде ойып орын ала алатынын дәлелдеді. «Асыл-Дизайн» сән үйінің басшысы Айдархан Қалиев бұл топтаманы әзірлеуде қазақ әйелдерінің, оның ішінде өз анасының киім үлгілерінен шабыт алғанын айтады.
– «Асыл-Дизайн» сән үйінің бұлай аталуы бекер емес. Асыл – менің анамның есімі. Ал кимешек – қазақ аналарының бас киімі. Кимешек киюдің өз жоралғысы, өзіне тән ерекшелігі, киесі бар. Бұл біздің ұлтымыздың дүниетанымы өте терең екенін аңғартады. Келешекте, алдағы 5-6 жылдың ішінде заманауи стильдегі кимешектер Еуропада трендке айналса, мен әу бастағы мақсатыма жеттім деп білемін, – деді Айдархан Қалиев.
Көршілес қырғыз елінен келген дизайнер Татьяна Воротникова көпшілікті ерекше бас киімдерімен таңғалдырды. Түрлі қатты металдардан жасалған қалпақтар шотландиялықтардың түрлі мерекеде киетін бас киімдерін еске түсірді. Сарапшылар бұл батыл қадамға сән әлеміндегі жаңалық деп баға берді. Ал астаналық модельер Әлия Сағдидің топтамасында қанық түстер мен флористикалық элементтер көрініс тапты. Сондай-ақ бұл топтамадағы сәукелелер меймандардың зор қошеметіне ие болды. Ұлттық нақыштағы бас киімдер топтамаға ерекше нәзіктік сыйлады. Украинаның Львов қаласынан келген Наталья Яруш есімді мейман өз топтамасында славян халқының қарапайым әрі үйлесімді өрнектерін қолданған. Нәзік көк түсті киім үлгілерінің көп болуы топтаманы өзге киім үлгілерінен айшықтап тұрғандай. Ал Варшавадан арнайы ат басын бұрған Барбара Салидің топтамасында теріден тігілген киімдер мен шілтер басым орын алған. Топтамадағы көйлектер арулардың нәзік дене бітімін көркемдей түседі. Ал тараздықтарға танымал жергілікті «Bakonya» бренді әуелде аталған неофольклор стилінен ауытқыған жоқ. Подиумға ерекше құрақ түрінде тігілген отбасылық киім үлгісімен шыққан модельдерге сән сүйер қауымның ықыласы ерекше болды. Топтамада нәзік түстер мен күнделікті тіршілікке ыңғайлы болуы басты назарға алынғаны аңғарылады. Ал әлемдік сәннің алғашқы туындылары дүниеге келген Италиядан Тараз топырағына арнайы ат басын бұрған Кармен Клеменконың топтамасында көпшіліктің көзі үйренбеген қара түс басым болды. Ал подиумға көгілдір, қызғылт түсті кешкі көйлек киген модельдер көтерілгенде, көпшілік қошеметін аяған жоқ.
Биылғы шараны дәл өткен жылғы әдеттен жаңылмай «FNL Network» сән арнасы насихаттап, күллі Еуропа мен Азияға паш етті. Ал сән апталығының екінші күні сәнгерлер әу бастағы бағыттан айнымай, неофольклор стиліндегі топтамаларын ел алдына шығарды. Есімі тараздықтарға етене таныс Ирина Набоко бұл жолы күлгін түсті жеңіл шифон материалдан тігілген ұлттық нақыштағы, нәзіктік пен жинақылық үйлесім тапқан көйлектер мен күнделікті өмірге арналған киімдер топтамасын ұсынды. Сәнбикелерге тағылған жылтыр түсті жіңішке диадемалар топтамаға ерекше сұлулық берді. Айта кету керек, киім үлгілерінің қатарында жеңіл шапан мен сәукеле киген арулар да төбе көрсетті. Ал халықаралық сән шарасына Өзбекстанның Бұхара қаласынан қатысқан Ирина Шарипова өз топтамасына қара ала түсті, өзбек ұлтының брендіне айналған элементтері бар матадан этностильдегі көйлектер мен шапандар, нәзік оюлары бар белдемше, бірнеше сұр түсті костюмдер ұсынды. Ал Тәжікстаннан келген Мехрафрус Мухитдинованың топтамасында ақ және қара түс басым болды. Тоқылған дөңгелек пішінді қол сөмкелері топтаманы күнделікті өмірге арналған образға икемдей түскендей. Тюрбан мен сәнді кешкі көйлектер де подиумға шыққан арулардың бітіміне сән берді. Әлемдік сәннің астанасы атанған Париждің сәнгерлері Джордже Бэдран мен Мона Иола өздерінің әдеттегі стильдерінен танған жоқ. Топтамада орталық көбіне ашық киімдер, қысқа белдемше мен топтар, жылтыр комбинезондар, шілтерлі жейделер ұсынылды. Бұл сәнгерлердің әйгілі сән ханшайымы Коко Шанельдің «Әрбір арудың гардеробында кішкентай қара көйлек болуы тиіс» деген афоризмін басшылыққа алғаны көрініп-ақ қалды. Себебі топтамадан көбіне шағын әрі көзге сүйкімді қара көйлектердің түрлі моделі табылды. Отандық дизайнер Раушан Әнуарбекованың ұсынған киім үлгілерінде қоңыр түске басымдық берілген. Сонымен қатар қоңыр түсті былғары жейдеге (кофтаға) жеңіл капрон матадан кең етек пен жең жалғанып, үстіне ертедегі түркі жазбаларындағы руна таңбалары әдіптелген. Осы бір этностильді топтаманың негізгі өзегі ретінде ұсынған жас дизайнердің тапқырлығына шетелден келген меймандар ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті. Сән апталығына еліміздің атынан қатысқан қос бірдей сәнгерлер Аида Керімқұлова мен астаналық «Зекен Мода» сән үйі көбіне ерлер киімі мен ұлттық нақыштағы ұзатуға арналып тігілген қалыңдық көйлектерін ұсынды.
Сән әлемі саңлақтарының назарын Таразға аударған халықаралық шараның қорытынды бөлімінде «Neo folklore» байқауында үздік деп танылған дизайнерлерге қазылар алқасының мүшелері әлемнің ең үздік саналатын сән апталықтарына арнайы жолдама табыстады. Атап айтқанда, алматылық Раушан Әнуарбекова Миландағы, Сыр бойынан арнайы келген Аида Керімқұлова Сербия, тараздық Қарлығаш Есболғанова мен Әсем Мусралиева Амстердамға, көршілес Қырғызстаннан келген Мақсат Сманов пен Болотбек Алишеров Каппадокияға, бас қаладан ат басын бұрған Дана Ашимова Делиге, сонау Болгариядан жеткен Таня Ян есімді жас сәнгер келесі жылғы «Aspara fashion week» сән апталығына тегін қатысуға мүмкіндік алды. Өз кезегінде қорытынды сөз алған шараның бас ұйымдастырушысы Айдархан Қалиев мұндай сән апталығын елімізде әрі қарай да дәстүрлі түрде ұйымдастыра беретінін қуана жеткізді.
– Мен осы бір 2000 жылдық тарихы тереңге тамыр тартқан Таразды ерекше сүйемін. Өз халқымның ұлттың негізін сақтау жолында осы кәсіпті қолға алып, сән саласында белгілі дәрежеде абыройға ие болдым. Бұл – тек менің ғана емес, «Асыл-Дизайн» сән үйінің, «Аспара» колледжі қызметкерлерінің ерен еңбегі. Сән әлеміне мен өте кеш келдім. Ол кезде жасым 40-та болатын. Менің жастық шағымда бүгінгідей мүмкіндік болған жоқ. Күні кеше ел тарихында алғаш рет әлемдік сән астанасы саналатын Париждегі сән апталығына қатысу бақытына ие болдым. Осындай мүмкіндіктер арқылы мен қолына ине мен қайшыны, ерекше креативті көзқарасты сенімді серігі еткен жас дизайнерлерге даңғыл жол салуды мақсат тұттым. Бұл мақсатыма жеткенімді сіздер көріп тұрсыздар. Ал келешекте қазақтың ұлттық киімдері Еуропада трендке айнала бастаса, бұл менің әу бастағы арманымның орындалғаны. Келесі сән апталықтарында жүздескенше, – деп сөзін түйіндеген Айдархан Қалиев барша тараздықтарға, шараға қатысқан меймандарға алғысын жеткізді.
Сән еш уақытта бір орнында тұрмайды. Өткен ғасырдың ең сұлу сәнбикелерінің бірі, теңдессіз талантты әртіс Одри Хепбёрн «Сәндік, кербездік – адамды семдірмейтін бірден-бір сұлулық» деп бекер айтпаса керек. Әлемді сұлулыққа бастаған осы бір кербез саланың саңлақтары осылайша тарихи Таразға табан тіреп, «Aspara» брендінің беделін аспандатты.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған