Тамыз айының үшінші жексенбісі – дене шынықтыру саласы мамандарының кәсіби мерекесі

Толғанай АТАБАЙ

Атаулы дата қарсаңында сала мамандары «Тараз-Арена» спорт сарайында түрлі спорттық сайыстардан бақ сынап, кім мықтыны анықтады. Мерекелік шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, бүгінгі таңда Мемлекет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен кәсіби спортқа да, бұқаралық спортқа да кең қолдау көрсетіліп отырғанын айта келіп, жарысқа сәттілік тіледі.

Кәсіби мерекеде бірқатар спорт саласы қызметкерлері марапат төрінен де табылды.

Бұл спорт додасына өңіріміздегі 22 спорт мекемесінен 500-ге жуық қызметкер қатысты. Спартакиада спорттың кіші футбол, жеңіл атлетика, арқан тарту, жүзу, қол күресі, гір тасын көтеру түрлері бойынша өтіп, қас қарайғанша спорт кешенін мереке алаңына айналдырды. Нәтижесінде ерлер арасында қол күресінен жоғарғы спорт мектебінің өкілі Жандос Талғат жеңімпаз атанса, №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен қатысушы Александр Радченко екінші, меркілік Аман Садықов үшінші орыннан көрінді. Әйелдер арасында жоғарғы спорт мектебінің қызметкері Диана Трубина білек күшінің мықтылығын байқатып, барлық қарсыласын қапыда қалдырды. №2 спорт мектебінің өкілі Оксана Письменнаяға екінші, «Жекпе-жек» кәсіпқой клубының маманы Зухра Бейсейтоваға үшінші жүлде бұйырды. Гір тасын көтеруде №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің маманы Виталий Трубинге қарсылас шақ келген жоқ. «Әулие-Ата» спорт клубынан Данияр Смайлов екінші жүлдеге қол жеткізсе, қордайлық Ирза Алиев үшінші жүлдені қанағат тұтты. Арқан тарту кезеңінде де жоғарғы спорт шеберлігі мектебі шын мықты екенін дәлелдеді. Олар шешуші кезеңде байзақтықтарды ұтса, «Әулие-Ата» спорт клубы үздік үштікті түйіндеді. Жүзу спорты бойынша ерлер арасында №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің өкілі Егор Рянзин чемпион атанса, «Тараз-Арена» спорт кешенінің қызметкері Ерік Мелдешов екінші, жуалылық Асхат Артықов үшінші орыннан көріне білді. Әйелдер арасында №4 спорт мектебінен қатысушы Кристина Рябичева жеңістің биік тұғырына көтерілсе, Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының маманы Алуа Дүйсемановаға екінші, құландық Светлана Скребецке үшінші жүлде бұйырды. Кіші футбол аламанында Жуалы ауданы шеберліктерімен танылды. Олар финалда байзақтықтарды ұтып, чемпион атанды. Жүлделі үшінші орын Жамбыл ауданының құрамасына берілді. Жеңіл атлетика (эстафета) спорты бойынша «Жекпе-жек» кәсіпқой клубы жеңімпаз атанса, екінші жүлде №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлеріне бұйырды. №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі желаяқтары үшінші жүлдені қанағат тұтты.

Командалық есепте облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің ұжымы спартакиада жеңімпазы атанса, №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі екінші, №2 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі үшінші жүлдеге қол жеткізді. Спартакиаданы облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, спорт саласы бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаныс Әшімов қорытындылап, жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған