Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кемел келешекті көздеген кадрлық резерв

0 241

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Президенттік жастар кадр резервін жасақтап, оның тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін баса айтқан болатын. Расында, бұл жоба ел дамуына үлес қосуға ниетті жастарға зор мүмкіндік беруде.

Резервке алынған азаматтар «А» корпусының әкімшілік, «Б» корпусының басшы және «Б» корпусының «А» санаты тобының лауазымдарына тағайындала алады. Сонымен қатар жоба талап етілетін білімді, дағдыларды анықтауға ғана емес, кандидаттардың шынайы мотивтері мен құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған. Яғни ең алдымен қоғамдық мүддені назарға алатын жастарға айрықша екпін түсірілуде. Осыған байланысты іріктеу кезеңдерінде ахуалдық міндеттерді шешу және құрылымдалған мінез-құлық сұхбатын бағалаудың жаңа құралдары енгізіледі. Өз кезегінде іріктеуге қатысуға Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған шенділер, саяси және «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жіберілмейтінін айта кету керек. Сондай-ақ резерв мерзімі 3 жылды құрайды. Бұл ретте резервке қабылдану лауазымға міндетті түрде тағайындалу болып табылмайтынын да ескерген жөн. Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу тәртібіне сәйкес құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін және талаптарға сәйкес болған жағдайда кандидаттар іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.
Резервке іріктеу кезеңдерін өткізу мерзімдерін Ұлттық комиссия айқындайды әрі ол ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін. Іріктеуді жүргізу туралы хабарландыру мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уəкілетті органның интернет-ресурсында, сондай-ақ республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттардың құжаттарын қабылдау басталғанға дейін 10 жұмыс күні ішінде жарияланады. Іріктеуге қатысу үшін жеке басты куəландыратын, білім туралы, еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмелері және мемлекеттік тіл бойынша емтиханды тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификаты болуы шарт.
Кандидат құжаттарды тапсыру кезінде Резервті қалыптастыру тәртібімен танысады және осы Қағидаларды қатаң сақтауға, сондай-ақ дербес деректерді жинау мен өңдеуге өз келісімін береді. Іріктеудің әрбір кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары нəтижелерді жинаған үміткерлер келесі кезеңге жіберіледі. Резервке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ситуациялық тапсырмаларды шешу және құзыреттерді бағалау кезеңдерінде сарапшылар қоғамдастығының өкілдері тартылады. Бұл екеуінің қорытындылары бойынша кандидаттарға қойылған бағаларды негіздей отырып, әрбір кезең бойынша нәтижелер беріледі. Сарапшылық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігі, соның ішінде мемлекеттік органдардың басшылары айқындайды.
Айталық, 1 кезең бойынша іріктелген 300 кадрлық резервтің 24-і жамбылдық болса, 2-кезеңде сұрыпталған 50 адамның 3-і жерлесіміз. Биыл да жалғасын табатын Президенттік жастар кадр резервіне тіркелу ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бас- тап – 30 қыркүйегіне дейін pkrezerv.gov.kz цифрлық платформада жүргізіледі.
Егемендік жылдарында мемлекетіміз жастарға зор мүмкіндіктерге жол ашып берді. Жасақталған кадр резерві де – соның жарқын мысалы. Осы арқылы басқару қабілеті бар дарынды жастар бос тұрған лауазымдардың тізгінін ұстап, өздерін көрсете алады. Бұл, бір жағынан, жаңаша дамуға бастайтын жастардың қалыптасуына да септігін тигізуде.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.