Қалалық қоғамдық-саяси газет

Келешектің тұтқасы – білімді ұрпақ

0 511

Жамбыл облыстық соқыр және нашар көретін балаларға арналған «Болашақ» мектеп-интернатында «Келешектің тұтқасы – білімді ұрпақ» атты байқау өтті. Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы ұйымдастырған жарысқа «Зағип және компьютер» үйірмесінде компьютерлік техникада еркін жұмыс істеуді үйренген зағип оқырмандар қатысты.

Байқауға 5 білім алушы қатысты. Үш кезеңнен тұрған жарыстың  алғашқы кезеңі компьютердің құрамын негізгі және қосымша бөлігін, жұмыс істеу принципін теория жүзінде ашуға арналды. Қатысушылардың компьютерлік техникада жұмыс істеуді тәжірибе жүзінде көрсете білу дәрежесі екінші кезеңде анықталды. Үшінші кезең викториналық сұрақ-жауаптан тұрды.

Қатысушылардың біліктілігін Жамбыл облыстық «Қазақ соқырлар қоғамы»Тараз қаласы филиалының төрайымы Гүлнұр Нұрмашева, «Болашақ» мектеп-интернатының тифлопедагогы Жазира Жолдыбекова және Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының кітапханашысы Ербол Бегимов бағалады. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Мәдениет және өнер» бөлімінің бас маманы Жадыра Құттыбаева қонақ ретінде шақырылды.

Әділ қазылардың шешімімен І орынды Айсана Сағындық, ІІ орынды Қанат Шералиев иеленсе, ІІІ орынды Балнұр Қойшыбай мен Шархат Бағұбек бөлісті. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарды кітапхана директоры Жанна Алшинбаева табыстап, жылы лебізін білдірді. Өз кезегінде «Болашақ» мектеп-интернаттың директоры Гүлзира Тойшыманова кітапхана ұжымына алғыс білдірді.

Шара барысында «Болашақ» мектеп-интернаттың білім алушылары Жанель Медетқызы би билеп, Еламан Қыдырбаев пен Алмат Жұматаевтар көрермендерді тамаша әндерімен сүйсіндірді.

Кеш соңында Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Балалардан балаларға» жобасы аясында мерейтой иелері мен жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын зағип балаларға насихаттау және қазақ әдебиетін сүйіп оқуға баулу мақсатында Мұхтар Шаханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Төлеген Айбергенов, Ескен Елубаевтың өлеңдерін аудиокітап ретінде дыбыстап, Жамбыл облыстық соқыр және нашар көретін балаларға арналған «Болашақ» мектеп-интернатында білім алып жатқан балаларға тарту етті. Бұл жоба ағымды жылдың барысында балалалар жылына орай жүзеге асырылып келеді. Дыбыстық кітаптарды табыстау сәтінде Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушылары жоғарыдағы жазушылардың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.