Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әкелері ардақты, аналары асыл

0 161

«Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде 3-орын биігінен көрінген Заурбековтер мен ынталандыру сыйлығының иегері Жазыбаевтар отбасымен тілдескен едік.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Ю.КИМ

Бала – талшыбық. Ата-анасы оның көктегі күні, салқын самалы іспетті. Аспан түнеріп, дауыл соғып, найзағай ойнап тұрар болса, жас шыбық әсте дұрыс өспейді. Ал бұлтсыз аспанда үнемі күннің сәулесі жарқырап, шұғыласы төгіліп тұрса, сол жерден нәр алған талшыбықтың да көктеп, көгере түсері анық. Яғни баланы қалай исең, солай өсіп-өркендеп, жайнап-жадырап, жетілері сөзсіз.
Заурбековтер отбасының тірегі болған Тұрғымбек ақсақал 30 жыл құрылыс саласында еңбек етіпті. Тұрғымбек ақсақал жұбайы Саракүл екеуі 51 жыл отасып, 2010 жылы дүниеден өтіпті. Бүгінде осы қара шаңырақтың ұйытқысы болған Саракүл әжей болса, Жамбыл резина бұйымдарын шығаратын цехта қарапайым жұмысшы болып 20 жыл еңбек еткен. 16 жасында Заурбековтер отбасына келін болып түсіп, 31 жасында 11 баланы дүниеге алып келген батыр ана бүгінде 10 бала, 30 немере, 6 шөбере тәрбиелеп отыр. Бұл шаңырақта бала тәрбиесі бәрінен маңызды, ал көңілі бәрінен қымбат. Оған дәлел – Саракүл әжейдің салт-дәстүрді берік тұтынып, кейінгі ұрпағына үйретуден танбағаны. Бұрын ұл-қызын бөлеген бесікке әжейдің бүгінде немере-шөберелерін тербетіп отырғанына 60 жылға жуықтапты. Ата-енесінің алғысын алған ақ әже жас күнін асқан қимастықпен еске алып: «Ақ сақалды қария, ақ жаулықты ана көрсек, иіліп сәлем салып, ізетпен жол беретінбіз. Кешқұрым көлеңке саялап отағасының қасына ер азаматтар жинала қалса, лезде жылы жұмсақ ас дайындап, самаурын қайнатып, дәрет суын жылытып тосып отырасың. Ешқашан қабақ шытуға болмайды», – дейді қарт ана. Иә, бұл– қазақ келінінің міндеті. Әсіресе, күнұзақ жұмыста жүре тұра 11 баласының мектеп жиналысынан бір рет те қалмаған әжей әр баласына ерекше көңіл бөліп, еркелете де білген. Отағасы да балалардың білімін қадағалап, сауаттылығына аса мән беретін болған.
– Ата-ененің көңілін тауып, жолдасыңның қас-қабағын бағып, шиеттей бала-шағаның да жағдайын жасай жүріп, қонақжай қалпыңнан танбау – қазақ келінінің озық үлгісі. Тәрбие ана сүті мен әке қанымен ғана емес, балаға қалай көңіл бөлгендігіңе, үйреткеніңе, үлгі бола білгеніңе орай қалыптасып, дамиды,– дейді ақ жаулықты ана.
Рас, бұл күнде ұлын ұяға ұшырып, қызын қияға қондырып, саналы ғұмыр кешкен Заурбековтер жанұясының жылылығы Тұрғымбек ақсақал мен Саракүл әжейдің берген тәрбиесінен тарағаны анық.
Ал «Мерейлі отбасы» байқауында ынталандыру сыйлығына ие болған Жазыбаев Айдар мен Салтанаттың отбасын құрғанына 17 жыл толыпты. Бұл жанұяның да өзіне тән отының қызуы, сезімінің шуағы бар. Ә дегеннен Айдардың анасы Майдаш келінін сырттай оқуға ауыстырмай-ақ 1-курстан 4-курсқа дейін емін-еркін білім алуына жағдай жасады. 2-курста ана атанған жас келінінің сабағына күнделікті құндақтаулы немересін апарып емізіп қайтатыны келін мен ененің арасындағы қатынастың бекіп, нығайып, зор құрметке ұласуына ықпал еткен. Бүгінде бұл отбасы 7 бала тәрбиелеп отыр.
– Біздің отбасы қазақы дәстүр-салтқа қатты көңіл бөледі. Менің ең бірінші көңілім толатыны – әсіресе, анам мен келіншегімнің ортасындағы сыйластық. Екеуінің жадырап, жайнап жүргені үйдің берекесі екені анық. Біздің үйдегі тағы бір қағида – «әкең біледі», «әкең жіберсе, бар», «әкеңнен сұран» деген түсінік. Қазақ отбасындағы ең үлкен тәрбие, әкеге деген құрмет осылай туындайды. Асханаға кірмеймін, бала жұбатпаймын, бұл істің барлығы әйелімнің еншісінде. Ұл-қызымның жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауына қатты мән беремін. Ұлдарым Отанын қорғайтын, адал азамат болып өссе деймін. Ал тәрбиенің ең ұлысы имани жолмен келеді. Сондықтан ұлдарымды медресеге бердім. «Қыз – қонақ» демекші, қыздарыма деген ықыласым тіпті ерекше, – дейді отағасы Айдар.
Айдар – №20/35 әскери бөлімінде әскери оркестрдің аға нұсқаушысы. Құқық қорғау саласында 20 жыл абыройлы қызмет етіп келеді. Бұл отбасы 2018 жылы «Мерейлі әскери отбасы» байқауына қатысып, «Берік отбасы – бақытты балалық шақ» номинациясын иеленген. Ал отанасы Салтанат – «Тілдерді оқыту орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының бас есепшісі, «Алтын алқа» иегері. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін мықтап түйсінген Салтанат балаларының дастарқан басындағы әдебіне қатты мән береді.
– Ас қойылып, дастарқан жайылғанда, төрт көзіміз түгел отыруды әдетке айналдырғанбыз. Дастарқанды сыйлаған үйде ырзық-несібе бар, – дейді Салтанат.
Жылуы мен шуағы төгілген қос отбасының шаңырағына да шаттық ұялап, жақсылық дарыған. Оның себебі, мұнда аналары әкелерін құрмет тұтады. Ал баланы бақыт деп таниды. Ендеше, бақыттарыңыз баянды болсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.