Қалалық қоғамдық-саяси газет

Келелі мәселелер – назарда

0 181

Қалалық мәслихаттың кезекті қырық алтыншы сессиясында шаһардың бюджеті және әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі қаралды.

Толғанай АТАБАЙ

Тұрақты комиссия төрағасы Жақып Жексембиев өткен жылғы қала бюджетінің атқарылу барысын баяндап, бірқатар мәселелерге тоқталды.

– Бюджет үнемі нақтыланып, түзетіліп жатады. Былтыр қалалық бюджетке 6 рет нақтылау жасалып, көрсеткіштер біресе ұлғайып, біресе азайып, едәуір өзгерістерге ұшыраған. Бюджетті жоспарлау мен атқару барысында тиісті уәкілетті органдар тарапынан бюджет кірісін болжау және орындау барысында салық салу көздерін зерттеу жұмыстарын жан-жақты жүргізбегендіктен, салықтық түсімдер бойынша жоспарланған сомадан едәуір артық төлемдер түскендігі туралы тексеру комиссиясы тарапынан айтылды. Осы мәселе жыл сайын қайталанып отырғанын айтқым келеді. Сонымен қатар мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган қалыптастырған есеп бойынша 2018 жылы іске асырылуы қажет деп жоспарланған 19 мақсаттың үшеуі толық орындалмады. Жоспарланған 68 нысаналы индикатордың 65 индикаторы орындалып, 3 индикаторы орындалмаған. Мәселен, қаладағы алқаптардың кейбірінде ауыз су кіргізілген. Алайда сол пайдаланылған суды ағызып жіберетін орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ. Тұрғындар санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін уақытша септиктер салу арқылы мәселелерін шешіп отыр. Осы мәселені оңтайлы ету үшін қаладағы алқаптарға орталықтандырылған кәріз жүйесін жеткізуге тиісті қаржы қарастыруды сұраймыз. Бұл өте маңызды мәселенің бірі, немқұрайлылық танытпау керек, – деді Жақып Түзелбайұлы.

Сондай-ақ жиында бюджетті жоспарлау кезінде жобалау-сметалық құжаттамаға бөлінген қаржының мақсатты жұмсалмайтындығы айтылып, бюджет қаражатын пайдаланудағы бұзушылықтар қатары артып, халық қалаулыларының өтініштері бойынша қала көшелерін асфальттау мәселесіне тиісті органдардың немқұрайлылық танытатындықтары ескерілді. Ал баяндамашының айтуынша, бюджеттің жүйелі атқарылуы мемлекеттік мекемелердегі бюджетті жоспарлау сапасының төмендігі, стратегиялық жоспарлар жасауға және олардың іске асырылуын бағалауға деген пәрменді тәсілдердің жоқтығы, салықтық әкімшілік етудің әлсіздігі, инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінетін бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, бюджет процесіндегі ашықтықтың және жіберілген қателіктер үшін нақты жауапкершіліктің болмауы секілді кемшіліктердің салдарынан орын алып отыр екен. Комиссия төрағасының баяндамасын назарға алған жиын қатысушылары қала қазынасының қайта-қайта қаралуының жөнсіз екендігін алға тартып, өзге де кемшіліктерді атап өтті.

Сонымен қатар келелі жиында «Коммуналдық-шаруашылық, көркейту, қоршаған ортаны сақтау және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі», «Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2017 жылғы 28 қарашадағы №25-4 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және өзге де мәселелер қаралды.

Сессия соңында қалалық мәслихаттың кезекті қырық жетінші сессиясының төрайымы етіп №24 сайлау округінің депутаты Әмина Қайназарованы сайлады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.