Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кадрдың қадірін білсек…

0 236

Қазіргі уақытта қазақстандықтардың шетелге жұмыс іздеп кетіп жатқанын баршамыз білеміз.

Біреулер батпан құйрыққа бата қаламын деген оймен кетсе, енді біреулері өзінің таңдаған саласын дамытып, сол жақтағы білікті мамандармен тәжірибе алмасу мақсатында кетіп жатады. Түйені түгімен жұтып бас сауғалап кеткендерден басқасын айтып отырмын. Жалпы әркімнің шетел асып кетуінің себебі әртүрлі. Бірақ себеп әртүрлі болғанымен, түпкілікті мақсаты біреу. Ол – қомақты қаржы тауып келіп, өз елінде өзі қалаған деңгейде өмір сүру.

Интернет деген жедел байланыс құралының арқасында үйде отырып та шетелдік студия немесе әртүрлі ойын, анимациялық фильмдер жасайтын компаниялардан тапсырыстар алып, соларды орындап, фрилансер ретінде жұмыс жасауға болады. Осындай мақсатта Күншығыс елінде IT-мамандары мен дизайнер және 3D суретшілерге арналған жұмыстар бар деген жарнаманы байқап қалдым. Ең қызығы, бұл жарнаманы жариялағандар жапондықтар емес, өз еліміздегі компания болып шықты. Айлығы 5000 доллар екен. Бірақ ол елдің компанияларымен бірігіп жұмыс жасау үшін міндетті түрде жапон тілін білуің керек екен. Ол сенің жұмыс өтіліңнен де, іскерлігіңнен де маңызды бірінші қойылатын талап болып шықты. Егер сен жапон тілін білмесең, онда барлық білген білімің мен жылдар бойы жинаған тәжірибең әдірем қалады. Ал біздің елде шетелден мыңдаған адамдар келіп жұмыс жасап жатыр. Оларға қазақ тілін білуді міндеттеп жатқан біреу бар ма екен осы?! Бала кезімізде әлі есімде. «Ойбай, ол қаладан келген кәмиссия, анау қаладан келген пәленше» деп талай көкелеріміз қаладан келгендердің шашбауын көтеріп, соның о жақ, бұ жағында жалпақтап жүгіріп жүруші еді. Тура сол секілді болдық біз де. «Ойбай, олар шетелден келген мамандар» деп барымызды аузына тосып, көп айлықты солардың қалтасына басып, өз қандастарымыз бен жерлестерімізді місе тұтпайтын халге жеттік. Қазақ баласының ойы ешбір шетелдің баласының ойынан қалыс қалған емес. Керісінше, миының әр қатпары алуан түрлі өнер мен идеяларға толы емес пе еді?!

Өз елінде тиесілі бағасын ала алмаған көптеген білікті азаматтарымыз мұхиттың арғы жағында және Еуропаның өзге елдерінде аты шулы маманға айналып жатқаны осының айғағы болар. Айтпақшы, шетел асып кеткен мамандардың көпшілігінің қайта елге оралуға құлқы жоқ екен. Ол туралы мақалалар интернет беттерінде аз жарияланған жоқ. Олардан туған бала кейін өзін қазақ баласы сезіне алады ма?! Мұхтар Шаханов ағамыз айтпақшы: «Орысша түс көретін адам қазақша ойлай алмайды». Ал қазақша ойлай алмайтын адам қазақтың қуанышын сезініп, қайғысына езіле алмайды. Мәселен, «Apple» компаниясының іргетасын қалаушы Стив Джобстың негізгі ұлтының араб екенін біреу білсе, біреу білмес. Бірақ оның басындағы жағдай басқа. Себебі ол некесіз туылған бала болғандықтан, әкесі одан бас тартып, Пол Джобс деген досының бауырына басқан екен. Егер ол кісі өз әкесінің бауырында болғанда, қазіргі ең мықты техникалар мен заманауи үлгідегі құрылғылардың барлығы мұсылмандардың қолында болар ма еді, кім білсін?! Сол Стив Джобс өз компаниясынан қуылып, өмірден баз кешіп жүрген замандарда банкрот болудың сәл-ақ алдында тұрған PIXAR студиясын 5 миллион долларға сатып алып, оларға әлемдегі ең бірінші «Ойыншықтар тарихы» деп аталатын 3D мультфильмді жасатты. Ал кейін бұл студияны Диснейге 7 миллиард долларға сатып жіберген екен. Себебі Стив кішкентай ғана студияны әлемдік деңгейге көтерді. Сол секілді біздің арамыздан да ойы озық азаматтар көптеп шығарына мен сенемін. Тек олардың тамырына өзіміз балта шаппасақ болды.
«Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген кекесін мақал бекерден-бекер айтылмаған болар. Іштарлыққа деген құштарлықты тоқтататын уақыт жетті. Өзімізден туғандар шетел асып, өзгенің игілігіне еңбек етіп кетсе, «ол қазақтан шыққан» деп құр бөсіп мақтанудан артық ештеңе қалмайды бізге. Және солай болып та жүр. Қазақтан шыққан асыл азаматтарымызбен алыстан көріп емес, қасында жүріп мақтанғанға не жетсін!

Сәбит ЖАМБАЙ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.