Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көз жұмғандар жайлы көзбояу дерек кімге керек?

0 25

Елдегі коронавирус індетіне байланысты жағдай біршама тұрақтанғанымен, инфекцияның таралу динамикасы ұлғайған шақта көптеген мәселе су бетіне қалқып шыға келді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Небір арыстарымыздан айырылып, кей отбасы тіпті 2-3 туғанын бір мезетте жоғалтып, қара жамылып жатты. Бұл тәжтажалдың әлі қанша уақыт дегбірімізді алатыны жұмбақ. Тіпті билік өкілдері ахуалға «кәдімгі соғыс» деген баға берді. Қазір жағдай реттеліп келеді. Алайда әуелде «біз бәріне дайынбыз» деген медицина саласының мамандары дерт дендеген тұста жыртықтарына жамау таппай қалды. Ауруханада орын жоқ, тыныс алу аппараттары жеткіліксіз, мамандардың өздері дәріханалардан қажетті препараттарды таба алмай, қапелімде қайда барып ем іздерін білмей әбден сабылды. Осындай тығырыққа тіреген жағдайды болдырмау мақсатында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы мен партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша аймақтық комиссияның бірлескен отырысы өтті. Ең алдымен мінберге Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов көтеріліп, «Еліміздегі төтенше жағдай мен карантин кезінде жұмыс жасаған медицина қызметкерлеріне қосымша үстемақы төлеу мәселелерінің жай-күйінің барысы туралы» есеп берді. Есепті бастан-аяқ тыңдаған комиссия мүшелері, шын мәнісінде, жағдайдың дәл есептегідей емес екенін, салада індет өршіген тұста көптеген кемшіліктер мен заңсыздықтар орын алғанын айтты. «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев, ең бірінші кезекте, аруханалардағы науқастардың кірлерін жуатын қызметкерлердің COVID-19-бен күресте «лас аумақта» жұмыс істеген медицина қызметкерлерімен қатар үстемақы алмауының себебін сұрады.

– Бізге күн сайын осы індетпен күресіп жатқан дәрігерлерден, олардың жақындарынан түрлі шағымдар түседі. Сонымен қатар қаладағы провизорлық орталықтарда қызмет ететін кір жуушы қызметкерлер де індет өршіген шақта медицина қызметкерлерімен бірге аяқтарынан тік тұрды. Алайда оларға үстемақы төленбепті. Басшылар, осы кісілердің еңбегіне назар аударасыздар ма? Осы мәселеге байланысты қандай да бір мекемеге хат жазып көрдіңіздер ме? – деп сұрады Балабек Нарбаев.

Өз кезегінде Хамит Мырзақасымов бұл мамандардың науқастармен тікелей байланыста болмайтынын, олардың жанында тек дәрігерлер мен санитарлардың жүретінін, үстемақы берілуі тиіс мамандар тізімінде кір жуушылардың жоқ екенін айтты.

– Провизорлық станционарларда екі аумақ бар. Бірі – таза аумақ, екіншісі – лас аумақ. Лас аумақтан таза аумаққа өткізуге арналған шлюз бар. Шлюзде заттарды барлық вирустардан тазартатын арнайы сұйықтық болады. Барлық лас киімдер, өзге де бұйымдар инфекциядан тазарып барып кір жуатын бөлмеге жіберіледі. Сондықтан кір жуушы мамандар індетпен бетпе-бет күресіп жатқан дәрігерлерге теңестірілмейді. Бұл – министрлік тарапынан да қарастырылған мәселе, – деді Хамит Саттарқұлұлы.

Сонымен қатар Хамит Мырзақасымов өңірдегі медицина мамандарының жоғары буын, орта буын, төменгі буын бойынша індет жұқтырғандар статистикасын ортаға салды.

– Бүгінгі таңда 324 медициналық қызметкер індетке шалдыққан. Оның ішінде дәрігерлер саны – 93. Орта буын медицина қызметкерлерінің саны – 150. Кіші буын медициналық қызметкерлерінің саны – 34. Әкімшілік-техникалық бөлімдерде жұмыс істейтін мамандар саны – 51. Бұл кісілердің дені тұрмыстық жағдайда, сыртта, көп адам шоғырланған жерлерде, тек 10 пайызы ғана жұмыс орнында індет жұқтырған. Ал облыс бойынша COVID-тен барлығы 53 адам көз жұмса, оның 6-ы медициналық қызметкер, – деп хабарлады өңірдің бас дәрігерінің міндетін атқарушы.

Рас, медицина мамандарының күн демей, түн демей, індет жұқтырған науқастардың аяқтарынан тік тұрып кетуі үшін жасап жатқан қажырлы еңбектерін жоққа шығару мүмкін емес. Алайда саладағы жүйенің шын дауыл соққанда шыдас бере алмағанын билік өкілдерінен бөлек, қарапайым халық та өз көзімен көрді, сезінді, тіпті алаңсыз сенім артудан қалып, өз үйлерінде емделуге көшті. Індет белгілері бар науқастар жәдел жәрдем шақыра алмай, тіпті коронавирусқа тестті қалай тапсырарларын, өкпені компьютерлік томографиядан қайдан өткізуге болатынын білмей сандалды. Сандалып жүріп дертін асқындырып, ажал құшқандары қаншама?! Халыққа қажетті ақпарат дұрыс берілген жоқ.

Қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, елдің Денсаулық сақтау министрлігі де індеттің екінші толқыны келе жатқанын ескертіп жатыр. Өңірде 1 миллион 130 мың адам тұрады. Комиссия мүшелері жауапты мекеме өкілінен өңірдегі емханалардың осы екінші толқынға дайындығы туралы сауал тастап, бірқатар сын-ескертпелер айтты.
– Халықтың коронавирусқа тест тапсыруы неге жолға қойылмаған? Жедел жәрдем шақырудың да өз санаттары бар екен. Оны біз тексеру барысында анықтадық. Сондай-ақ төрт күн бойы жедел жәрдем мен емхана дәрігерін келтіре алмай отырған науқаспен де тілдестік. Ал жедел жәрдем станциясындағы мамандар ешқандай қауырт шақырулар жоғын алға тартады. Сонда кімге сенеміз? Бұл жұмыста нақты жүйе, алгоритм жоғын айғақтайды. Күрделі жағдайға арналған іс-жоспар бар ма сіздерде? – деп сауал қойды Балабек Жанбекұлы.

Мекеме басшысының міндетін атқарушы аталған проблемаларды жоққа шығармайтынын айтты. Дегенмен қазір провизорлық станционарлардың науқастарды қабылдауға толық әзір екенін, сондай-ақ індеттен жазылып шыққан науқастарды оңалтуға арналған орталықтың ашылғанын тілге тиек етті. Медициналық ұйымдар кәсіпкерлер мен жомарт жандар жинаған қаржыға алынған ИВЛ аппараттары және оттегі концентраторларымен толықтырылған. Алдағы уақытта бюджет тарапынан бөлінген қаражатқа да қажетті медициналық жабдықтар сатып алынбақ. Ал тұрғындар коронавирусты анықтайтын тестті «Олимп», «Invivo» зертханаларында тапсыра алады. Сонымен қатар маманның айтуынша, бұқара әлеуметтік қашықтықты сақтап, барлық сақтық ережелерін қатаң ұстанатын болса, індеттің екінші толқынында оңай еңсеруіміз мүмкін. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев өз сауалдарына жауап алған соң, сөз кезегін қалалық мәслихаттың депутаты, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғалиға ұсынды. Халық қалаулысы өз сөзінде қиын кезеңде сын тезінен сынбай өткен медицина қызметкерлеріне алғыс білдіріп, тағы да бірнеше мәселеге арнайы тоқталды.

– Осы пандемия басталғанда Үкімет басынан «біз дайынбыз, бізде барлығы сақадай сай» деген сөздер естігенбіз. Алайда басымызға шын сынақ түскенде, біз медицинамыздың қауқарсыз екеніне көз жеткіздік, қанша жан жақынынан айырылды. «Әр қазақ – менің жалғызым» дейтін әрбір азаматтың жаны ауырды бұл жағдайға. Іші-бауырымыз езіліп кетті. Сіздер, мысалы, қаржы жұмсауға келгенде төтенше жағдайда мемлекеттік сатып алу процестерін бір көзден жүргізіп, амалын тауып жаттыңыздар. Ондай күн туса, сіздер бір амалын табасыздар. Ал төменгі буында қызмет ететін мамандардың жағдайын жасауға келгенде тартыншақтайсыздар. Осындай кезде заңға жүгінгішсіздер, шеңберден шықпай қаласыздар. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғанда, ұстаздардың жалақысы жоғарылап, мектептегі лаборанттардың, кітапханашылардың айлық мәселесі шетке ысырылып қалған болатын. Осындай сәтте білім беру саласының кәсіподақ ұйымдары мәселені жеткізетін жерге жеткізіп, әрекет ете білді. Сіздердің өз кәсіподақтарыңыз бар. Олар неге осы жағдайды қолға алмайды? Неге сіздер өз қызметкерлеріңіздің жағдайын жасай алмайсыздар? – деп сауал жолдады Эльмира Иниятқызы.

Депутаттың қойған сұрағына Хамит Саттарқұлұлы толыққанды жауап бере алмады. Әдеттегідей министрлік берген бұйрық шеңберінде ғана үн қатты.
Одан әрі сөз кезегі жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру мекемесінің директоры, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, Тараз қаласының құрметті азаматы Қадірхан Абдуллаевқа берілді. Мәселені төтесінен қойған ол Денсаулық сақтау министрі COVID пен пневмонияны теңестіргенімен, провизорлық стационарлардың қайтыс болғандарға анықтама бергенде керісінше жазып отырғаны жұмысқа кедергі келтіретінін айтты.
– Бақилық болғандардың туыстары «марқұм коронавирустан емес, пневмониядан көз жұмды» деп, жерлеу барысында қорғаныш құралдарын пайдаланудан бас тартады. Нәтижесінде біздің мекеменің қызметкерлері жұмыстан шыға бастады. Бұған қатысты денсаулық сақтау басқармасына хат жаздым. Әлі жауап келген жоқ, – деді Қадірхан Абдуллаев.

Жауап беру барысында Хамит Мырзақасымов пневмонияға шалдыққан науқастың коронавирус-пен теңестірілетінін нақтылап өтті. Сондай-ақ ол жерлеу рәсімдерін ұйымдастыратын мекеменің денсаулық сақтау басқармасынан бөлінген қаражатты дұрыс жұмсамағанын бетке басты.

Өз кезегінде Қадірхан Абдуллаев: «Осы комиссияның мүшелерінің көзінше айтамын, санитарлық-эпидемологиялық станцияның қызметкерлері жерлеу рәсімдерін қадағалауы тиіс. Бірақ олар мүлде келмейді. Мен сіздерден кінә тақпастан бұрын нақты дәлел ұсынуларыңызды талап етемін. Әрі қарай тиісті шараларды қолданамын. Сіз осы жерде мен басқаратын мекеменің денсаулық сақтау басқармасынан қаражат алатынын ресми мәлімдеп отырсыз. Бірақ біз ешкімнен ешқандай қаражат алмаймыз. Марқұмды жерлеуге алып келеді. Коронавирустан қайтқан болса, төрт арнайы киім алғызамыз. Антисептик, екі литр спирт қолданып жерлейміз. Біз сізге барлық деректерді ұсына аламыз. Мен тіпті сізге коронавируспен қанша адамды жерлегенімізді, пневмониядан қайтыс болғандар санын да бере аламын», – деп жауап берді.

Біз дәл осы сәтте бір кілтипанның барын сездік. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру мекемесінің басшысымен жиыннан соң тілдескенімізде, ол коронавирустық инфекциядан көз жұмғандар саны Тараз қаласы бойынша 134 адам екенін айтты. Мәйіттерді әкелушілер көрсеткен құжатта марқұмдардың коронавирустық инфекциядан көз жұмғаны жазылған. Ал денсаулық сақтау басқармасы көрсеткен дерекке сәйкес өңірде 53 адам коронавирустық инфекциядан көз жұмған. Қос мекеме берген мәліметтердің арасындағы айырмашылық көзге ұрып тұр. Көрсеткіштердің бір-бірімен сәйкес келмеуі сезік тудырды. Көз жұмғандар жайлы көзбояу дерек кімге керегін түсіне алмадық.

Денсаулық сақтау саласының сын кезеңдегі әрекеттері сөз болған жиында бірқатар мәселелер көтеріліп, арнайы қаулы бекітілді. Қаулыда індеттің екінші толқынына әзірлік, дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау, медицина қызметкерлеріне төленетін үстемақылар мен өтемақылардың төленуін бақылауға алу турасында ұсыныстар берілді. Сонымен қатар жуырда ғана дәрі-дәрмек бағаларына зерделеу жұмыстарын жүргізу кезінде келеңсіз жағдай орын алып, облыс орталығындағы дәріханалардың бірінде журналистерге күш қолданылған болатын. Осы оқиғаға байланысты Жамбыл облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мәдина Шынәлиева орынсыз пікір білдіріп, мемлекеттік қызметшіге сай емес әрекет жасаған еді. Партиялық бақылау комиссиясының отырысында аталған мемлекеттік қызметшінің әдебін Әдеп кеңесінде қарау мәселесі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаевқа тапсырылды.

Қаулының орындалуын қадағалау Партиялық бақылау комиссиясы мен партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша аймақтық комиссияның мүшелеріне тапсырылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.