Жас өреннің тұлға болып қалыптасып, қоғамға белгілі бір деңгейде қызмет ете алуы, бірінші кезекте, оның таңдаған мамандығына байланысты екені рас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әр жылғы Жолдауында балалардың мамандық таңдауына үлкен көңіл бөліну қажеттігін айтып келеді.
Айталық, Президент 2019 жыл 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты өзінің алғашқы Жолдауында оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет екенін ерекше атап өткен болатын.
«Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуға тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек. Бірінші – білім беру сапасын жақсарту», – деп шегелеп айтқан болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президентінің айтуынша, елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ. Шын мәнінде мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.
«Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түседі. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуға тиіс», – деген Мемлекет басшысы елімізде техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары екеніне тоқталған болатын.
Мемлекет басшысы осы Жолдауда атап көрсеткен мәселелер бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Әрине, өмірде таңдау мүмкіндігі туғанда мейлінше мүлт кетпеуге мән беретін маңызды нәрсенің бірі – мамандық. Өкінішке қарай, бұл таңдауға келгенде шалыс басып, басқа шаруаның құлағынан ұстаған немесе мүлдем шарасыз жүрген азамат көп.
Зерттеу деректері бойынша, елімізде еңбекке қабілетті халықтың 60 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жыл сайын 70 мыңнан аса түлек жұмысқа орналаса алмайды. Бұған қоса NEET санатындағы жастар да аз емес. Еңбек нарығындағы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін, жалпы адам капиталын тиімді дамыту үшін қазіргі кезде сапалы кәсіптік бағдарлауға барынша көңіл бөліне бастады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қыр¬күйегіндегі халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жол¬дауын¬да: «Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі армияда берілуге тиіс. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың экономикадағы нақты сектор үшін қажетті жұмысшы мамандығын игеру мәселесін пысықтаған жөн. Құзырлы министрлік жоғары білім беру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті. Балаларды ерте жастан ма¬мандыққа бейімдеу айрықша ма¬ңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түр¬де таңдай білуге тиіс.
Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек», – деп Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Жыл өткен сайын оң нәтижесі көрініп келеді.
Расында, кейінгі кезде қоғамда кәсіптік бағдар беру туралы түсінік кеңінен өріс ала бастады және ерте жастан мамандық таңдауға мән беретін жұрттың қатары көбейіп келеді. Бүгінде көптеген ортада аталған бағыттағы жұмыстар айтарлықтай жүйеленіп, кәсіптік бағдарлау бойынша арнайы орталықтар, кеңесші мамандар белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл бетбұрыс, әрине, қуантады. Өйткені мамандық таңдауды оқуға түсер сәт таяғанда ғана ойламай, ерте бастан қамданған жөн. Осы орайда мемлекет те бұл мәселеге баса назар аударып отырғанын айта кеткеніміз жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында еліміздегі техникалық-кәсіптік білім беретін колледждерді реформалаудың жолдарын атаған болатын.
«Техникалық-кәсіптік білімді ары қарай дамыту керек. «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартып жатырмыз. Тегін техникалық білім беру бағдарламасымен жыл сайын 100 мың студент қамтылады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар жеке назарды қажет етеді. Үкімет техникалық-кәсіптік білімі бар кадрларды дайындау үшін (аталған санаттағы жастар үшін де) мемлекеттік тапсырысты арттыру мәселесін жетілдіруі керек», – деген болатын.
Мемлекет басшысы сонымен қатар техникалық-кәсіптік білім беретін колледждерде академиялық еріктілікті енгізу, несиелік жүйеге көшу, жас басына есептеп қаржыландыру маңызды реформаларға айналуы керектігін мәлім етіп: «Біздің кәсіптік бағдар еңбек нарығындағы алдағы 10-15 жыл ішіндегі қажеттілікті ескеруі керек. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі «Жаңа мамандықтар мен құзыреттіліктердің атласын» енгізуге тиіс», – деген еді.
Бәрімізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», – деп, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялаған болатын.
Осы бастамаға орай, биылғы жылдың басындағы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылына» сәйкес іс-шаралар мен жоспары әзірленгенін жеткізген болатын.
Ол Үкімет жанынан комиссия құрылғанын, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың жол картасы қабылданғанын, барлық 20 өңірде жұмысшы кәсіптерінің беделін және кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған жоспарлар бекітілгенін атап өткен министр сонымен қатар осы жұмыс аясында кәсіби бағдар берудің жаңа тұжырымдамасы іске қосылатынын айтып, осы бағыттағы жұмысты жүйелі дамыту үшін өңірлердің кадрларға деген қажеттілігін ескере отырып, барлық облыста «Жаңа мамандықтар атласы» әзірленетінін айтқан еді.
– Кәсіптік бағдар берудің жаңа тәсілдері оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, осы арқылы оқушыларды толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады, – деген болатын министр.
Жоспар аясында кәсіпорындар мен колледждердің ынтымақтастығы арқылы 1 мың мектепте бейіндік сыныптар ашылатыны атап өтілді. Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіледі.
Осы орайда, М.Х.Дудати атындағы Тараз университетінде кәсіптік бағдар беру жұмысы жоспарлы түрде жыл бойы жүргізіледі. Оқу жылының басында кәсіптік бағдар беру жұмысының жоспары құрылып, бекітіледі. Мектеп бітіретін түлектермен кездесулер өтеді. Соның нәтижесінде оқу ошағына түсуге ниетті жастардың саны жылдан жылға артып келеді. Сонымен бірге біздің университетімізден білім алған түлектеріміздің бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуы жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшы әр жылғы Жолдауында атап көрсеткендей, мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Ал сол кірпішті дұрыс қалауда кәсіби бағдар жұмысының атқарар рөлі зор. Кәсіптік білім берудің мақсаты мен маңыздылығында қазіргі заманауи кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мен білікті мамандарды даярлау қажеттілігі қарастырылған. Сондықтан да кәсіптік бағдар беру жұмысын жүйелі, мақсатты орындай білген кезде мол жетістікке жетеріміз анық.
Перизат ОСПАНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
аға оқытушысы