Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіподақ – халықтың өз ұйымы

0 402
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы кезекті ХІІІ есеп беру-сайлау конференциясын өткізді. Онда соңғы бес жылда облыстық салалық ұйымның есебі айтылып, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, кәсіподақтың құқықтық қызметінің пәрменділігі, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру бағытында атқарылған жұмыстар сараланды.

Арайлым Бақытжанқызы

Суретті түсірген Ю.Ким

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің мәжіліс залында өткен жиынға әр ауданнан сайланған делегаттар қатысты. Алдымен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков 2014-2018 жылдар аралығында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.


– Есепті кезеңде сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы мен ахуалы жақсара түсті. Бүгінгі таңда мемлекет бюджеттік сала қызметкерлері үшін белгіленген әлеуметтік пакетті қайта қарауда, «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы әзірленіп, талқылануда. Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді. Еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеудегі кәсіптік одақтардың рөлін күшейтуді мақсат еткен ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заңы қолданысқа енді. Кәсіподақ тарапынан билік органдары және тікелей жұмыс берушілермен қарым-қатынас жүргізуді қамтамасыз ететін салалық келісімдер, бірыңғай ұжымдық шарттар жасау арқылы жүзеге асырылатын көп деңгейлі әлеуметтік әріптестік жүйесін жетілдіру шаралары жүргізілді. Тараптардың саладағы әлеуметтік проблемаларды пәрменді шеше білуі, өзара мүдделерге оң көзқарас білдіре алуы нәтижесінде облыста әлеуметтік әріптестіктің нақты әрі сапалы жүйесі қалыптасып отыр. Әлеуметтік әріптестік актілері негізінде сала қызметкерлеріне қатысты: еңбекақыны, демалыс, қаражат, емделу жәрдемақыларын, іссапар шығындарын мезгілінде төлеу, сала өкілдерін дәрігерлік тексеруден тегін өткізу, отын үшін берілетін шығындардың көлемін сатылап арттыру сынды мәселелер оң шешімін табуда, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Есепті мерзімде құқықтық қызметтің заңгерлерімен 2 298 тексеру жүргізілген болса, олардың барысында 8 028 еңбек заңдылығын бұзушылық анықталған. Тікелей инспекцияға кәсіподақ мүшелерінен 2 371 жазбаша өтініш түсіп, жеке қабылдауда 7897-ге жуық адам болған. Құқықтық сұрақтар бойынша 21 042 кеңес беріліп, соның ішінде 2 294 жазбаша түсіндірме және жеке қабылдауда, телефон арқылы, интернет және БАҚ арқылы 18 746 ауызша түсіндірме берілген. Аталған кезеңде сотқа 61 материал дайындалған, соттың түрлі инстанцияларында 56 кәсіподақ мүшесіне тегін өкілеттік етіліп, 66 кәсіподақ мүшесіне қатысты қайта орналастыру мен заңсыз жұмыстан босатудың алды алынған. Бірлескен әрекеттер нәтижесінде негізсіз кем төленген, заңсыз ұсталып қалған, қате есептелген жалақы және өзге де олқылықтарды жою мен алдын алу арқылы 430 млн теңге қаражат сала өкілдеріне өндіріліп берілген. Сала өкілдерінің демалысын ұйымдастыруға, сала үздіктері мен нәтижелі еңбек ұжымдарын ынталандыруға, қайырымдылық және демеушілік шараларына 16,6 млн. теңге, 18427 сала өкілін сауықтыруға 413 млн. теңге кәсіподақ қаржысы бағытталған.


Сонымен қатар жиында кәсіподақ ардагері, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Гүлсін Орынбаева сөз алып, конференция қатысушыларын құттықтады. Ал облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова кәсіподақпен бірге атқарған жұмыстардың нәтижесін ортаға салып, облыстық кәсіподақ ұйымының өткен есептік кезеңдегі жұмысына оң бағасын берді. Жиын барысында кәсіподақтың алдағы бес жылға межеленетін кең ауқымды өзгерістерді жүргізу аясында облыстық ұйым мен оның бастауыш және аумақтық құрылымдық бөлімшелеріне өзінің қызметін жаңа жағдайға бейімдеумен байланысты міндеттерді шешу қажеттігі жан-жақты айтылып, ұсыныстар тыңдалды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.