Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көршіңізбен қалайсыз?

0 236

Кейде қазақтың даналығына қайран қалмасқа шараң қалмайды. Қандай ұғым болмасын, бәріне ерекше мән мен мағына үстей білген. Бүгін, кеше емес, сонау бағзыдан. Ағайынмен тату болуды адамдықтың бас нышанына балаған халқымыз көршімен де қоян-қолтық ғұмыр кешудің бар үдесінен шыға білген екен.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Мұны қарапайым ғана «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген аталы сөзден-ақ ұға беруге болатындай. Бізде «Жақсы көрші – төрің, жаман көрші – көрің», «Жақсы болсаң көршіңмен, кем қалмайсың еншіңнен», «Отты шұқысаң өшеді, көршіні шұқысаң көшеді», ал татарларда «Көршіңе кілем сыйла, бір шетінде өзің отырасың» деген тәмсілдер бар. Расымен, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп қоңсыны Жаратушының өзі белгілейтіндігіне халқымыз имандай сенген. Сондықтан да жақын көршіні «құдайы көрші» деп атаған. Мұның мағынасы «құдайдың өзі қосқан, үйімізді, малымызды, жанымызды жапсарлас әрі жақын еткен» дегенге саяды. Тәңірдің өзі таңдап қоңсы қылған соң, ол жақсы болсын, жаман болсын, тату-тәтті тұрып, көршілік ақысын лайықты түрде өтеу керек деген наным қалыптасқан.

Көрші ұғымы – асыл дінімізде

Бұл нанымның негізі мұсылманшылықта жатыр. Өйткені көршімен жақсы мәміледе болу – шынайы мұсылмандық қасиет. Бұл жайында қасиетті аяттар мен хадистерде көп айтылады. Алла Тағала былай дейді: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар». Міне, осы аятта айтылғандай әлемдерді Жаратушы Хақ Тағала өзінің құлдарына басқалармен бірге көршілерге де жақсылық жасауға бұйырады. Осылайша, көршінің ақысы, көршіге қайырлық жасау – асыл дінімізде Құран аяттары мен хадис шәрифтермен нақты бекітілген бұлжымас қағида. Шариғатымызда көршілердің бірнеше түрлері айтылып өткен. Мысалы: туысқан әрі мұсылман көрші; туыс, бірақ мұсылман емес көрші; туыс емес, бөгде мұсылман көрші; мұсылман емес көрші. Туысқан болып келетін көршінің үш ақысы бар: туыстық ақысы, мұсылмандық ақысы және көрші ақысы. Туыс болғанымен, мұсылман болмаған көршінің екі ақысы бар: туыстық және көршілік ақысы. Туыс емес бөгде мұсылман көршінің екі ақысы бар: мұсылман бауырлық ақысы және көрші ақысы. Ал мұсылман емес көршінің бір ақысы, яғни тек көршілік ақысы ғана бар. Осылайша, ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылмандарды көршілерімен жақсы болуға шақырады. Ол көрші мейлі мұсылман, мейлі кәпір болсын, бәрібір. Яғни көршіге қандай жағдайда да ізгі ниетте болып, егер көмек керек болса, көмек беріп, қиыншылыққа тап болса, жәрдемдесіп тұру қажет. Тым болмағанда, көршіні көргенде сәлем беріп, оқта-текте үйлеріне бас сұғып, хал-жағдайларын сұрап тұру керек. Өйткені Алланың Елшісі (с.а.с.) өзінің бір хадисінде көршінің туыстай болатындығын айтқан. Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», − деген.

Халқымызда көрші ақысы туралы нағыз мұсылмандық ұстаным қалыптасқан. «Қиямет күні алдымен көрші ақысы сұралады екен» деген ұғым да бар. Бұл ұғымның мұсылманшылықта негізі бар. Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер», − деген. Көрші адам мұсылман не кәпір, тақуа не пасық, дос не дұшпан, жергілікті не шетелдік, пайдалы не пайдасыз болуы ықтимал. Қалай болғанда да, олардың ішіндегі қайыр жасауға ең лайықтысы – ең жақын тұратын көрші. Бірде Айша (р.а.) Алла Елшісінен (с.а.с.): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.а.с.): «Есігі ең жақын орналасқанына», – деп жауап берген. Жақсылық жасауға ең жақын көршінің лайықты болуының себебі әдетте ол жапсарлас көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар болады. Үйге кім кіріп, кім шығып жатқандығын көреді. Және қандай да бір қиыншылыққа тап болғанда қасынан табылатын жақын адам. Сондықтан да ол – жақсылық жасауға бірден-бір лайықты көрші. Көрші ауырып қалғанда зиярат етіп, хал-жағдайын сұрап, ол жоқта бала-шағасы мен мал-мүлкіне бас-көз болып қарайласу керек. Көршінің қуанышында да, қайғысына да ортақ болу керек. Құрылыс салғанда көршісімен ақылдасып салу, оған зиян тигізбеуге тырысу да көрші ақысына жатады. Ал құрылыс салып жатқан көршіге көмектесу керек. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Сендердің біреулерің өзінің жапсарлас қабырғасына көршісінің арқалық бөренесін қоюына тыйым салмасын», – деген. Яғни егер бір зиян келмейтін болса, көршінің құрылысы үшін өзінің үйінің не сарайының қабырғасын, не дуалын тірек етуге рұқсат беруі тиіс екен. Қазақ халқы «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас» деп көрші ақысын белден басатындарды қатты сынаған. Оның адамгершілікке де, мұсылманшылыққа да сыймайтындығын ескерткен. Мұның өзі мұсылманшылық қағидаларынан алынған. Ислам дінінде көршіге қандай да бір зарар, жамандық жасауға қатаң түрде тыйым салынған. Көрші ақысы туралы Алла Елшісі (с.а.с.) өзі үлкен өнеге көрсеткен. Өзіне жәбір беріп, жолына нәжіс заттарды төсеп қоятын иман келтірмеген көршісі ауырып қалғанда, оның хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасы арқылы сол көршісінің иман келтіруіне себепкер болады.

Көп ішінде көрші тату

Көрші дегенде ойға бір жылы естелік оралады. Әжемнің өзі жүрген жердің бәрін гүлдендіріп, жайнатып, берекесін кіргізіп жүретін баяғы кеңпейіл болмысы ғой. Жуалыға жаңадан көшіп келген жыл. Тоқсаныншы жылдардың бел ортасы. Ауылдан соғыстан кейін жер аударылып көшіп келген немістердің өз елдеріне үдере көше қоймаған кезі. Қолындағы бар дақылын бақшаға егіп, жаз сайын оны суғарып, қыркүйек таяғанда көршілеріне шелектеп қызанақ, қияр, алма, өрік тасып жүретін әжем бір күні бізге жапсарлас үйден әбден өксіп жылаған кішкентай шақалақтың ащы даусын естиді. Әрі-бері темір есікті ұрғылап, іштен жан адам шықпағасын, «баланы жалғыз тастап, сыртынан кілттеп кеткен екен-ау» деген тоқтамға келеді. Баланың шырқыраған үнінен қабырғаның бергі жағында отырған әжемнің өзі әбден зорығып кетеді. Тағдырдың ащы демін тым ерте сезінген кішкентай періштені жұбата алмай, терезеден ішке тесірейе үңілуден басқа амал таппаған екен. Мұндай сұмдыққа жаны шыдай алмаған әжем қас қарайған шақта мән-жайды білуге көршінің үйіне тосыннан кіріп барыпты. Сары кемпірдің ойда жоқтағы бұл әрекетіне әуелі таңданған ерлі-зайыпты ізінше барлық жағдайды тәптіштеп түсіндіріп беріпті. Тоқсаныншы жылдардағы қиын жағдай бұларды да титықтатып, екеуі таңсәріден ымырт жабылғанша соқыр тиынның соңында жүреді екен. Бар жайға қаныққан әжем: «Ағылып, төгіліп жатқан дымымыз жоқ. Бірақ Құдай ниетімізге беріп, үйде мал бар, жан бар, балаңды күндіз маған тастап кет. Балалармен бірге өссін, өзін тастанды сезінбесін. Есін білмесе де, бала жүрек бәрін сезеді. Қарнын аш қылмаймын, көзден таса етпеймін, өз балаларым не жесе, соны беремін», – дейді. Мұндай тосын ұсынысқа таңданысқан екеуі: «Бұл жақсылығыңызды немен өтейміз? Бір тиынның басын екеу қыла алмай жүрген бейбақпыз», – деп жерге қарайды. Бұған әжем міз бақпастан: «Сендерден ақы алып, байып кетейін деп жүргенім жоқ, ең әуелі, баланың жағдайын ойлау керек. Ішегі тас болғанша жылаған бала ертең мейірім көрмей қатайып кетпей ме?» – деп келер таңнан бастап күн сайын баланы арбасымен алып кететін болған. Мезгілімен ағарған беріп, жыласа уатып, көп баламен бірдей көріпті. Жаз сайын біздің үйден бала үзілмейтін. Алыстағы жиендердің бәрі біздің бақшаға жиылып, әжемнің жаңа піскен айранын ішіп, күздігүні томпиып елдеріне қайтатын. Жаңағы сәбиді де әжем төрт ай бақты. Төрт айдан соң көршілеріміз Германияға қоныс аударды. Көшпестен бұрын баланың шешесі үйге арнайы келіп, әжеме ақ жіптен тоқылған шілтері жабу сыйлап кетіпті. Бұл бұйым әлі күнге дейін әжемнің өзі ұстаған кітап сөресіне сән беріп төрде тұр. Шын көңілмен сыйланған дүниенің тозбайтыны рас екен.

Әжемнің осы әрекетін көзін көргендер әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Кеудесіне тұнған мейірімге таңдай қағады. Қазіргінің адамында ондай ірілік бар ма екен? Осы оқиға өрбіген жылы осы ауылдағы ағайынымыздың бүтін бір отбасы қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Бұл оқиға бүкіл ауылды дүр сілкіндірді. Жанындағы іргесі тиіп тұрған көршілері қылмыстық оқиғадан бірнеше күнге дейін бейхабар болған. Егер араласып, бір-біріне есігі айқара ашық тұрса, мұндай оқиға орын алмас па еді? Көрші ақысы. Қазіргілер мұны қалай түсінеді? Бұл орайда «Біз ата-бабамыз өсиеттеп кеткен салт-дәстүрге қалай қараймыз? Кеңпейілді, дархан жүректі қазекем көрші ақысын қалай ұстануда?» деген сауал туындайды. Пікірлерге зер салсақ…

Арман Рәпілбекұлы, Тараз қаласының тұрғыны:

– Қалада тұрған соң, көршіңнің үйіне бас сұғу қиын. Мүмкін жер үй болса, әңгіме басқа болар ма? Аптаның қасиетті жұмасында келіншегім жеті шелпек пісіреді. Кейде күн ұзағына тарата алмай, үйге салы суға кетіп келеді. «Есігін ашпайды, ал көшедегілер құбыжық көргендей қарайды» деп ренжиді. Қазір бір подъезде тұрсақ та жатпыз. Араласудан қалдық. Бәрінің айтатыны – уақыт жоқ, жұмыс көп. Күндіз жұмыста, кешкілік серуен құрады. Осындайда ата-әжеміздің көршімен қалай араласқаны еріксіз көзге елестейді. Қазір ол кездегідей жылылық жоқ. «Әттең» дейміз іштен…

Әсел ЗҰЛҚАШОВА,
зейнеткер:

– «Қазір баяғы көршілік қатынастар азайған» дегенге мүлде келіспеймін. Себебі бала күнімнен бері көршімізбен аралас-құраласпыз. Көпқабатты үйдің тұрғындары той-томалақта бас қосады. Күнделікті үйге келетіні бар. Ондайда анамыздың асы дайын. Келген қонақ емен-жарқын әңгіме айтып, жастыққа жантая демалады. Мереке сайын бірлесе дастарқан жайып тойлаймыз. «Көпқабатты үйлер бой көтергелі көршілік дәстүрдің тамырына балта шабылды» деген пікірге де қарсымын. Оған дәлел – біздің аула.

Ляззат АРЫСТАНОВА,
Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны:

– Құдай қосқан қоңсы күнделікті дидарласып, туысқандай шүйіркелесе шай ішеді. Жай ғана мысал, марқұм әжем үй іргесіндегі отбасылар шай сұраса, май қосып беретін. Тіпті «Көршісіз шай батпайды» деп сары самаурынға шоқ салып, оларды шақырып алатын. Керемет еді ғой ол кез… Қазақ қашаннан «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деп көршісін туғанындай жақын тартқан. Басыңа қиын іс түссе немесе қуанышқа кенелгенде елден бұрын хабардар болып отыратын – осы көршілер. Жырақтағы жақының құстай ұшып жетем дегенше, ауладағы көршілер істің бәрін тындырып қояды. Бұл – пейілі кең, иманы кәміл көршінің адамгершіліктен алыстамағанының көрінісі.

Ардақ НҰРҚУАТОВА,
мұғалім:

– «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп көршілікті ерекше қадірлеген қазақ халқы айналасындағылармен әрдайым тату тұрған. Осындай қасиет бабамызға қайдан келді? Әрине, дініміз исламнан келген. Исламда көршің қай дінді ұстанса да, оның көршілік ақысы бар екенін айтып өткен. Пайғамбарымыз: «Маған Жәбірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», – деген болатын. Осылайша, ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылманды көршісімен жақсы болуға шақырады. Ол көрші мұсылман немесе басқа дінді ұстансын, бәрібір оның көршілік міндеті бар.

Аңғарғандарыңыздай, пікір әртүрлі буыннан топтастырылды. Берілген жауап та әрқилы. Бәлкім, бұл көрші туралы ұғымның уақытпен бірге жаңғырып, өзгеріске ұшырағанының дәлелі болар. Ал сіз көршіңізбен қалайсыз?

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.