Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күрескен сайын күшеюде

0 161

Ағымдағы жылдың 9 айында Жамбыл облысында 53 жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 13 факт өңірде орын алған болса, ал аудандар мен қала бойынша 10 адам жауапқа тартылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев мәлімдеді.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Есептік кезеңде қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде 151 ұсыным жолданыпты. Оның 80-і қаралып, 88 тұлға тәртіптік жазаға тартылған. Бұдан бөлек, департамент басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне кеңінен тоқталды. Қазір пара алған адам емес, оны берген адамдар да жауаптан жалтара алмайды. Ал сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған азаматтарға да қомақты сыйақы беріліпті.
– Ағымдағы жылдың 9 айында департаментпен 93 қылмыстық іс сотқа жолданған болса, 89 тұлға қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар қылмыстармен келтірілген залалды өндіру бағытында бірқатар жұмыс жасалынып, оң нәтижелерге қол жеткізілді. Келтірілген залалдың сомасы 1,4 млрд (2018 – 845 млн) теңгені құраған, оның 975 млн (2018 ж. – 792 млн) теңгесі өндіріліп, қылмыстық жолмен табылған 122,3 млн (2018 ж. – 866 мың) теңгенің мүлігіне тыйым салынды. Өңірдегі жемқорлықтың деңгейін төмендету үшін тұрғындар тарапынан лауазымды тұлғаларға пара немесе сыйлық ұсыну тәжірибесін тоқтатуды, сондай-ақ қызмет алу немесе кәсіпті жүргізу барысында сыбайлас жемқорлық көріністерімен, әкімшілік бөгеттермен кездескен жағдайда кез келген уақытта департаментке хабардар етуге болады, – деді департамент басшысы Әділхан Қасымханұлы.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу мақсатында профилактикалық жұмыс жүргізілуде екен. Есептік мерзімде 20 (2018 ж. 12 айында – 13) азаматқа 2,8 млн (2018 ж. 12 айында – 1,7 млн теңге) теңге көлемінде сыйақы төленген.

– Мемлекеттік органдар арасында сыбайлас жемқорлық сипатында жасалынған қылмыстардың саны бойынша, әлі күнге дейін жергілікті атқарушы органдар көш бастап келеді. Қылмыстық іс тіркелген (салалар бойынша: әлеуметтік қамсыздандыру – 1, құрылыс – 5, ауыл шаруашылығы – 8, білім – 18, мәдениет және спорт – 6, денсаулық сақтау – 5, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 3, жер қатынастары – 4 және т.б.), одан кейін ішкі істер органдарының қызметкерлері – 17 (2018 ж. – 16), арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері – 6 (2018 ж. – 0), әскери шенділер – 4 (2018 ж. – 12), Қаржы министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері – 4 (2018 ж. – 16), экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері – 2 (2018 ж. – 0) және т.б. Өңірдегі сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстардың санының өсуі, азаматтардың агенттікке деген сенімінің артуымен және қоғамның жемқорлыққа қарсы тұру деңгейінің жоғарылауымен байланысты, – дейді департаменттің алдын алу және парасаттылық басқармасының басшысы Дәурен Омаров.

Брифингте «Transparency International Kazakhstan» қоғамдық қорымен еліміздегі жемқорлықтың деңгейін анықтауға арналған зерттеу жұмыстары да айтылды. Мәселен, мемлекеттік құрылым қызметкерлері қаншалықты сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екен деген сауалда облыс бойынша басшылар 50 пайыз болса, мамандар 64 пайызды көрсеткен. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу бойынша осы уақытқа дейін түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Осыған қарамастан, қоғамда бұл санаттағы қылмыстар тыйылар емес. Бұл бір мемлекеттік құрылымның ғана емес, жалпы қоғам болып қарсы шыққанда ғана жойылатын әрекет дейді сала мамандары.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.