Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көресіңді үй іздесең, көресің

0 15

Жалдамалы пәтердегі адамның жаны мұрнының ұшында жүреді. Иесі не дейді? Жақпай қалсам, шығып кет десе не деймін? Қайда көшемін? Қайда барамын? Осындай сұрақтардың жауабын іздеп жүретін жастардың бірі – менмін.

Шапағат Әбдірұлы

Мен студент кезімде университеттің жатақханасында тұрдым. Онда бірқалыпты өмір еді. Кейде жатақхана қызықтарын аға-әпкелеріңнен естіп аң-таң боласың. Өйткені бізде ондай қызық болған жоқ. Жан-жағың камера, сағат 23.00-де тоқты сөндіріп, ұйықтау керек деген заң мен «бір-бірлеріңнің бөлмелеріңе кірмейсің» деген тәртіппен өмір сүресің. Ұзақ уақытқа демалысқа тарағанда, «Алматы, қайдасың?» деп ұшасың да кетесің. Алматыға барған соң алдыңғы күні жасаған макаронды жылытып, бір досың қарсы алып алады. Оның да жалдап тұрған үйі кең болса бір сәрі, екі адам тұрса отырып ұйықтайтындай тар бөлмеде жаның қысылмай рахаттанып соғасың жаңағы тамақты. Сосын барып балконға шығып, темекі тартатын досыңның қасында тұрып, әлгі бір қызы туралы әңгімені сұрай бастайсың. Арасында сыраға деген тәбетін де айналып өтпей, артынша өзіңнің тағы бір-екі күн сонда түнеуге деген ниетіңнің барын жеткізесің. Ол байғұс қайтсін, «Кел демек бар, кет демек жоқ» деген қағидаға сүйеніп тұра береді. Ал екінші күні «үйде қонсам бола ма?» деп әлгі досың сенен сұранады. Міне, аға буындар ылғи да «бақытты» деп санайтын жастардың тірлігі.
Риэлторға алдандым
Сөйтіп не керек, университет біткесін, мен де сол бір нан апарғаным үшін үйінде екі ай тегін жатқызған досымның жолын қуайын деп жалдап тұруға пәтер іздей бастадым. Қасымда менімен бірге жұмыс істейтін бір досым бар. Екеуміздің арманымыз – жұмысымызға жақын жерден пәтер тауып тұру. Біз кәнігі жолмен интернеттен қарай бастадық. Арасында жаяулатып та іздеп көріп едім, бір-екі көпқабатты үйдің маңына барғанымда, алдында отырған шал-кемпірлер алая қарап, пәтер іздеп жүргенімді айтсам да: «Енді кетпесең, полиция шақырамын. Бұл жерде ондай үйлер жоқ», – деп дүрсе қоя берді. Сонымен басым салбырап интернеттен іздеуге көштім. «Olx» қосымшасына кіріп едім, үйдің бағасы 20000 мың теңгеден басталып тұр екен. Көзім шырадай жанды. Тіпті арасында айлығымның 20 мыңын пәтерге деп шығарып, қалғанын ішіп-жесем, одан мынанша ақша артылса, оның мынаншасына қыздармен отырып қалсам балмұздақ алып беремін деп қиялдап, айлығымды келесі айға дейін жоспарлап тастадым. Сөйтіп, ең жақсы, ең жақын деген пәтердің нөміріне қоңырау шалып көріп едім, бір орыстың жібектей дауысы құлағыма сіңе берді. Орысшам нашар болғасын, телефонды әлгі қасымдағы досыма бердім. Ол сөйлесіп көріп еді: «Бұл пәтерлер біздің қарамағымызда. Сондықтан алу ойыңыз болса, алдымен 5000 теңге ақшасын бізге төлейсіз. Сосын барып біз сізге қолайлы пәтер тауып беру жағын қарастырамыз», – деп жауап берді. Ал енді жаңағы құрған жоспарым бұзыла бастады. Көңіл-күй де жоқ. Келесі пәтерге қоңырау соғайын десем, ол нөмір де жаңағы болып шықты.
Сонымен «Olx»-тен үміт үзіп, «Крыша» деген сайттан іздей бастадым. Ол да тура сондай, алдын ала біреуге ақша төлеу керек. Бірақ бұл жолғысы қазақ қыз болып шықты. Әлгі қыз «WhatsApp» желісінде үй туралы мәліметтерді үйіп-төкті, тек сол айтқан үйлерді алу үшін алдымен «5000 теңге ақша салу керек» деген шарты бар. Сонымен қасымдағы досым екеуміз әлгі үй тауып берушімен келісіп, ақшасын төледік. Ол бізге «Telegram» арқылы үйлер мен үй иелерінің нөмірін айтса айтқандай жолдай бастады. Бірақ біз іздеген жерден фотодан көргеніміздей «әдемі» бағадағы үйді табу арман екен. Мұндағы үйлердің бір айға жалдау құны 45 мың теңгеден басталып, 190 мың теңгеге дейін екен. Біздің іздегеніміз – 40 мың теңгенің көлеміндегі бір бөлмелі пәтер. Сонымен не керек, екі күннен соң жер үйлер, сосын жақын маңнан иесімен бірге тұратын үйлер шыға бастады. «Кісінікінің кілті аспанда» деп қазақ бекер айтпаса керек. Өйткені осы жолы оған да көзіміз жетті.

Студенттерге пәтер бермейміз!
Сайттардың бірінен пәтер жалға беремін деген адамның нөмірін тауып алып, қоңырау соғып едік. «Келіңдер» деп мекенжайды айтты. Біз жетіп бардық. Әлгі кісі бізбен танысып болғасын үйін беруге келісіп, ертесі кілтті беретін болды. Біз үй тапқанымызға үйлі болғандай қуанып, ертесі күні жалдауға келіскен пәтеріміздің алдына барып ары қоңырау шалдық, бері қоңырау шалдық, бірақ қарсы жақтан жауап болмады. Біз амалсыз үй иесін күттік. «Қазақ өзі сыймайтын жерге боталы түйесін жетелеп келеді» дегендей, өзіміз кілтін алмаған үйге жүгіміздің жартысымен келіп алған болатынбыз. Кеш бата үй иесі өзінің бойдақтарға пәтер бермейтін болып шешкенін, үйін басқа бір отбасылы адамға беріп қойғанын айтып кері байланысқа шықты да, телефонды қоя салды. Біз үнсіз жүгімізді арқалап кері қайттық. Біз келесі үйлерге хабарласқанымызда, «студенттер мен бойдақтарға бермейміз» деп телефонды қоя салып жатты. Ал біз студент емеспіз десек, бойдақтығымыз бар, сонымен әбден діңкеміз құрып, елдерге сұрау тастай бастадық үй туралы. Бірақ ешкімнен оңтайлы жауап болмай, төрт күннен соң қасымдағы досым «өзің іздей берсең, мен тағы бір-екі ай қазіргі тұрып жатқан үйімде тұра берсем» деп шешім қабылдағанын айтты. Ал енді жалғыз іздеуге тура келді.
Намазхан мен іш киімсіз зиялы
Сонымен не керек, «екі бөлмелі үйдің бір бөлмесін жалға беремін 35 мың теңгеге» деген үйлер шыға бастап, хабарласып едім, «келіп көр» деді. Алғашқы болып бір отбасылы азаматтың үйіне бардым. Екі бөлменің бір бөлмесі менікі, бір бөлмесі олардікі болады екен. Екі кішкентай баласы бар азамат болып шықты. Бірақ бір шарты – онда маған артық іс-әрекеттер істеуіме болмайды екен. Яғни айқайлап ән айту, тықырлап жүру, той-томалаққа барғанда бірер көңіл көтеріп, үйге желікпен келу деген сияқты әдеттерден аулақ болуым шарт екен. Тіпті ол кісілер намаз оқиды екен. Бұйырса, алда менің де намазға жығылуымды үміт ететінін жеткізді. Мен аң-таң. «Жоқ, әркімнің өз еркі өзінде болсын, бастысы, сіздерді мазаламасам болды ғой. Бір жағы, домбыра шертіп, ән айтатыным бар еді. Онда келіспейді екенбіз», – деп одан да шықтым. Бір кезде үй туралы жарнамаларды көзден таса қылмай қарап отырсам, «таза, ұқыпты, артық қылығы жоқ жігіттер болса, студенттер болса, қасыма аламын» деген жарнаманы көріп, берген мінездемесі тап мені ойлап отырып бергендей өзіме сай келіп тұр екен деп белгіленген мекенжайға бардым. Барсам, ол жер шынымен менің жұмысыма да жақын, бағасы да лайықты, ортасы да таза, өзі де университетте сабақ беретін зиялы болып шықты. Бірақ ол да маған шарт қоя бастады. Әңгіменің басын менің артықшылықтарым мен кемшіліктерімді сұраудан бастады әлгі үйдің иесі. Мен сарнап айта бастадым. Көзім бір бөлмелі пәтердің бір бұрышында, мақсатым – арқамды кеңге салып ұйықтау. Кезек ол кісіге келгенде, үй иесі: «Біріншіден, үй менікі, қалай жүрем өзім білемін. Сен мені басқарып, ананы бүйтпе, мынаны сөйтпе деген сияқты талаптар қоймайсың, әркімнің өз еркіндігі өзінде болады. Тіпті мен өз үйімде қалай жүремін, оны өзім білемін. Кейде киімшең жүрем, кейде киімсіз жүре беремін. Ол кезде «ұят емес пе, киіміңізді киіңіз» деген сияқты әңгімелер болмау керек. Өйткені бұл менің өз үйім, бір жағынан, екеуміз де еркекпіз, ұялатындай түк жоқ», – деді. Ал қызық енді басталды. Не дерімді білмей қарқылдап күлдім. «Аға, сіз қызықсыз, онда мен қалай жүремін? Өзі бір бөлмелі үй, онда сіз бар еркіндігіңізбен жүрсеңіз, мен қалай жүремін?», – десем: «Ей, айналайын, еркексің ғой, «общая баняға» да түсіп жүре береміз ғой әдетте. Ер адам ер адамнан ұялатын несі бар?», – дейді. Менің жалпыға арналған моншаға да жаным қарсы екенін, өмірімде «су иесі Сүлейменнен ұят болады» деген ұғыммен суға да қалаймақан тәртіпсіз, қағидасыз түспей өскенімнен бейхабар үй иесі аузы көпіршіп біраз сөйледі. Мен бірден бас тартып, ол үйден де шықтым.
Ақыры мен өзімнің танымайтын адамдармен мүлдем бірге тұра алмайтынымды әрі үй иесінің басқаруымен де көніп жүре алмайтынымды түсініп, мүлдем бөлек үй іздеуге бағыт түзедім. Содан екі күн өткесін жұмысқа келсем, әлгі досым «қайта бірге тұрсақ» деген ұсыныс жасады. Екеуміз бірігіп қайтадан үй іздей бастадық. Бұл жолы тәлейімізге біз іздеген баға да, жұмысқа да жақын бір жерден жер үй жалдап, арғы жағында шал-кемпір, бергі жағында отбасылы адамдар тұратын бір ауланың ішіндегі бөлмелердің бірін жалдап алдық. Бір үйден бір үйге көшу де қиын. Анда-санда біреулер есік қақса, иесі «шық» десе «не деп айтамын, нені қате істедім?» деген сұрақтарға жауап тауып алып, сосын барып есік ашамыз. Міне, бұл үйі жоқ, жалдамалы пәтерде тұратын қазақ жастарының өмірі, құрметті оқырман.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.