Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көптен күткен қуаныш

0 118

Конституция күніне орай тараздықтарға жаңа пәтердің кілттері табысталды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Тараз қаласында Конституция күні қарсаңында «Арай-2» тұрғын алқабында аз қамтылған, толық емес отбасылар, жетім балалар және әлеуметтік осал санаттағы басқа да азаматтар жаңа пәтердің иелері атанды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген 90 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысын мердігер «Бином» ЖШС жүргізген. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пәтер кілттерін табыстау салтанатына арнайы қатысып, қоныс той иелерін қуаныштарымен құттықтады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар қазақстандықтардың жайлы өмір сүруіне, әркімнің баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған. Бүгінгі қоныс тойы – соның айғағы. Құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жылдың 7 айында 270 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Жаңа баспаналарға бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарындағы отбасылар қол жеткізуде. Баршаңызды қос мереке – Конституция күні және қоныс тойларыңызбен құттықтап, бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін, – деді Бердібек Сапарбаев.

Бұл күні жаңа пәтерге ие болған бақытты жандардың қатарында Жамиля Никошенко да бар. Ол осы күнді 11 жыл бойы күткен. Осы жылдар ішінде оның отбасы жалдамалы пәтерлерді паналап келген. Оның ұзақ күткен қуанышына барлық туыстары жиналыпты.

– Бүгін біз үшін ерекше күн. Бізге екі бөлмелі пәтердің кілті тапсырылғанына сене алмай тұрмын. Мен үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анамын. Балаларымның үлкені 12 жаста, кіші қызым 6 жаста. Оларға жаңа аудан өте ұнады. Үшеуі де жақын жерде орналасқан №3 мектеп-гимназиясына барады. Бұл мен үшін де ыңғайлы, – дейді Жамиля Никошенко.

Ардақ Қайкиеваның отбасы да қоныс тойын тойлады. Ол жалғызбасты ана ретінде 10 жыл бойы кезекте тұрған.

– Пәтеріміз жайлы, бөлмелері кең, жарық әрі жылы. Барлық жағдай жасалған. Біз өз күшімізбен мұндай баспанаға қол жеткізуіміз екіталай еді. Осындай қолдау үшін мемлекетке алғысымыз шексіз, – дейді А.Қайкиева.

Жаңа пәтер алушылардың бірі – Жәнібек Байтұрсынов. Ол ата-анасыз өмір сүрудің қаншалықты қиын екенін біледі, осыған дейін «өз үйім болса» деген арманынан бас тартпаған. Бұл оқиға Жәнібектің өмірінде ең маңызды сәттердің бірі болды. Айтуынша, жаңалықты естіген соң, көз жасын тыя алмаған.
– Біз бұл жайлы ұзақ уақыт армандадық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа осындай бағдарламалар үшін рақмет. Қазір бастан кешіп жатқан күйді сөзбен айта алмаймын. Өз меншігіміздегі жеке үйіміз болатынын естігенде, жұбайым екеуміз көз жасымызға ерік бердік. Қуанышымызда шек болмады, – дейді балалар үйінің тәрбиеленушісі Жәнібек Байтұрсынов.

Айта кетейік, бүгінде облыс орталығында баспана кезегінде барлығы 18 887 адам тұр. Ағымдағы жыл басынан бері 15-ші шағын ауданда 80 пәтерлік 4 үй, ал «Арай-2» алқабында 90 пәтерлік бір үй бой көтерді. Жыл соңына дейін 22 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.