Көлік саласы – қай кезде де ел экономикасы мен өндірісінің барлық буынын байланыстыратын аса маңызды сала. Жолаушылар тасымалы мен оның инфрақұрылымын дамыту бағытында Тараз қалсында ауқымды жобалар іске асырылып келеді.
Солардың бірі – шаһардағы көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру мен көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында Абай даңғылының бойындағы темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелінің құрылысы басталған еді.
Көпті толғандырған бұл мәселе туралы өткен жылы шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков көпір салу мәселесі қаралып, жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік ұсыным ұсынылғанын айтқан болатын. Биылғы жылы аталған жоба бастау алып, құрылыс аймағындағы жеке тұрғын үйлер мен кәсіпорын иелерімен келіссөз жүргізіліп, сүру жұмыстары қолға алынуда. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі бөлімінің бас маманы Айбек Жапарқұловтың айтуынша, сүру жұмыстары 56 нысанға көзделіп, оның 43 нысаны келісім берген. Ал он үш үймен сот процесі жүргізілуде.
– Мердігер компания құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жалпы құрылыс көлемі 950 метрге жетіп отыр. Көпірдің ені 21,5 метр. Жол өткелінің жүк көтерімділігі өте жоғары. Яғни, қала ішіндегі жүк көліктерінің кез-келгені бұл жолмен өте алады. Жүру қозғалысы екі бағытта екі қатарда жүзеге асады. Құрылысты авторлық қадағалаушы Dam En Partners жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл жоба биылғы жылғы ең ауқымды жоба болып саналады,–деген Айбек Жапарқұлов жол өткеліне арнайы жеделсаты, баспалдақ қоса салынып, көпір маңын көгалдандыру жұмыстары да атқарылатынын жеткізді.
Жалпы құны 16 миллиард 546 миллион теңгені құрайтын нысанды 2026 жылдың соңында толық аяқтау жоспарланған.
Алдағы күнде қала үшін стратегиялық маңызы бар бұл жоба қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, жүктемені азайтуды көздейді.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ