Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көпір көптік етпейді

0 269

Қазақтың өзі салып, әлемді таңдандырған көпірі болмаса да, «Қара судың кеудесін көпір басады» деген сөзі бар. Көпір десе, есіме ауылдың үлкендері түседі. Одан қалса, ертегі, аңыздар мен жайлауда қарағайдан салып қойған ағаш көпірлер көз алдыма келеді. Есіме түсетіні, бала күнімде ауылдың ақсақалдары жиналғанда «қыл көпір» туралы көп айтушы еді. Менің діни сауатым жоқ, бірақ мен сол үлкендердің аузындағы сөзге сеніп өстім. Ол қалай дейсіз ғой, «жамандық жасаған адам сол қыл көпірден өте алмай қалады» деген сенім менің бала санама ұялаған. Сондықтан да көпір десе, астында лаулап от жанып тұрған «қыл көпір» есіме түседі. Бірақ біздің бүгінгі әңгімеміз әлемді аузына қаратқан көпірлер туралы болмақ.

Шапағат Әбдірұлы

Қытайда көпір салған қазақ
Жер бетінде өздерін Айдаһар елі дейтін қытай деген халық бар. Бұл халық көп адамға «Ұлы қорған» деп аталатын қорғанымен таныс. Қазір техникасымен әлемдік деңгейде алда келе жатыр.
Дүниежүзіндегі ең ұзын үш көпір Қытайда орналасқан. Бірінші орында Даньян-Куньшань көпірі. Ол 2011 жылы Шығыс Қытайда салынған. Оның ұзындығы 164,8 шақырым болғанымен, тек 9 шақырымы ғана судың үстінен өтеді. Екінші орында – ұзындығы 113,7 шақырымды алатын Тяньцзинь көпірі. Екі көпір де Бейжің-Шанхай жылдамдықты теміржолының бөлігі болып табылады. Үшінші көшбасшы – 79,7 шақырымдық Вэй көпірі. Ал Гонконг – Чжухай – Макаоны жалғастырып, теңіз үстінен өтетін ұзындығы бойынша әлемде төртінші орын алатын көпірді салуға қытай халқы 8 жылдан астам уақыт жұмсапты. Бір бағытта алты қатар көлік жүре алатын, 4 туннель, 4 жасанды аралымен қоса 7 шақырымға созылған суасты туннель жолы тағы бар. Ұзындығы – 55 шақырым, салмағы 400 мың тоннадан асатын көпір құрылысына небәрі 20 миллиард долларға жуық қаржы жұмсаған екен. Ал оның 8 балдық жер сілкінісіне мызғымайтын қуаты мен 120 жылға дейін сол қалпын бұзбайтын қасиеті тағы бар. Ең қызығы, бұл көпірдің басы-қасында болып, жобасын жасаған адамның бірі – Қытай қазағы Өрлеухан Қиса. Бұл кісі Шыңжаңдағы Іле қазақ облысы Алтай аймағының тумасы. Гуаңжоу университетінің жер сілкінісіне қарсы төзімділікті зерттеу орталығының бас инженері. Негізінен сейсмикалық оқшаулау және конструкцияларды зерттеу және жобалау ісімен айналысады. 1989 жылы Далянь технологиялық университетінің магистратурасын тәмамдаған. 1996 жылы Жапонияның Шығыс-солтүстік университетінде сәулет-құрылыс мамандығы бойынша білім алып, 2000 жылы Жапонияда докторлық диссертация қорғаған. Ол Қытайда тарихи ескерткіштер мен адамзат өркениетінің мұрасын тиімді қорғауға елеулі үлес қосқан ғалым ретінде құрметке бөленген. Міне, өзіміздің осындай азаматтарымыз бойындағы бар өнерін өз елінің гүлденіп-көркеюіне жұмсауына мемлекет болып мүмкіндік жасап бере алсақ, алда дүниежүзі бойынша ең ұзын 5-ші көпір біздің елде салынса, қанеки!
Ғасырлар өтсе үстімнен,
Ауыр жүк тасыр шофер боп.
Мен тұра берсем астында,
Темірден құйған көпір боп.
Кісілер тасып, жүк тасып,
Пойыздар өтсе тынбастан.
Діңгекті жерге нық басып,
Солқылдап тұрсам сынбастан, – деп Әбділдә Тәжібаев жырлағандай, солқылдақ көпір туралы айтар болсақ, әлемдегі ең ұзын аспалы көпір Жапониядағы Акаши-Кайкё көпірі болып табылады. Ол 3911 метр ұзындығымен рекорд орнатқан. 1998 жылы пайдалануға берілген Акаши көпірін салуға 12 жыл уақыт кеткен екен. Ол Хонсю мен Сикоку аралдарын қосып тұр. Ал мұндай аспалы көпір Малайзияда да бар. Теңіз деңгейінен 700 метр биіктікте орналасқан Гангун Мат Чинчанг тауының шыңында орналасқан Лангкави көпірінің ұзындығы – 125 метр. Сырттан келген саяхатшылар онымен жүру арқылы Малайзияның көрінісін жоғарыдан тамашалай алады. Аспалы көпірлерді тізбектегенде, Швейцария жаяу жүргінші аралық көпірін атамай өту мүмкін емес. Ол теңіз деңгейінен шамамен 3000 метр биіктікте салынған Титлис Клифф Еуропадағы ең биік аспалы көпір деген атқа ие. Бірақ біздің көшпенділер биіктікті көпірмен емес, таумен өлшейтіні анық қой. Ал Францияны айтса, есіңізге бірден Эйфель мұнарасы түсетіні хақ. Алайда сіз Францияның оңтүстігіндегі Тарн өзенінің аңғарынан өтетін Эйфель мұнарасынан да жоғары, 2004 жылы ашылған биіктігі 341 метрді құрайтын Миллау (Viaduct Millau) көпірі туралы да бір сәт ойланғаныңыз жөн.
Англияда Ньюкаслдың қақ ортасында, Тайн өзенінің үстінде орналасқан Гейтсхедтегі Миллениум деген көпір бар. Бұл көпір 2002 жылы патшайымның қалауымен салынған делінеді. Ал мұның өзіндік ерекшелігі де жоқ емес, мысалы, жаяу жүргіншілер көпір бір жағымен төңкеріліп тұрған кезде ғана оның үстімен өзеннің арғы бетіне өте алады. Ал көпір келесі бетіне қарай аударылғанда, қайықтар мен кемелердің өтуіне болады екен. Жергілікті жұрт оны «Қысық көз» деп те атайды. Себебі ол айналып бара жатқан кезде адамның көзіне ұқсайды.
Көпірлердің ұзындығы жағынан Қытай көш басында тұрғанмен, биіктігі жағынан АҚШ алда тұр. Мысалы, 1929 жылы салынған, Арканзас өзенінен 291 м биіктікте, 2001 жылға дейін Король шатқалы арқылы өтетін көпір әлемдегі ең биік болып саналады.
Ағаш көпірлер
Жапонияның Оя аңғарында жабайы жүзімнен салынған көпірлер бар. Олар Жапонияның маңызды мәдени құндылықтары болып есептеледі. Ол тіпті дәстүрлі жапон көпірлерінің сирек түрлеріне жатады. Ал Жапонияда жүзім көпірі болса, Камбоджада бамбук көпірі бар. Бұл көпір – Кампонг Чонг қаласын көрші аралмен байланыстыратын жалғыз жол. Көпір анау айтарлықтай биік емес.
Қауіпті көпірлер
Әлемдегі көпірлердің барлығы да жанға жайлы болып әрі көркемдігімен көз тарта бермейді. Тіпті кейбірінен әупірімдеп жүріп әрең өтесіз. Соның бірі – Франциядағы Aiguille du Midi көпірі. Егер мұнда саяхаттап барсаңыз, биік көпірдің үстінде тұрып, бір сәт өмірде істеген қателіктеріңіз бен күнәларыңыз үшін Құдайдан жалынып кешірім сұрап жылауыңыз ықтимал. Мұнда сізді 2,8 шақырымға жететін аспалы жол 20 минут көлемінде көпірге жеткізеді. Алайда көпірмен жүріп келе жатып, төмен жаққа көз тастай алмайсыз. Өйткені ондай биіктікте сіз табиғаттың көркемдігінен емін-еркін ләззат ала алмайсыз. Бірақ көпір онша ұзын болмағандықтан, сіздің бойыңыздағы қорқыныш ұзаққа бармайды.
Ал бұдан да қорқынышты көпірден Америкаға барсаңыз өтесіз. Өйткені онда биіктігі тоқсан қабатты ғимаратпен тең келетін Royal Gorge көпірі бар. 1929 жылы салынған көпірдің астында Арканзас өзені ағып жатады. Ал ол тек 1982 жылы ғана болат сымнан есілген арқандармен жабдықталып, жөндеуден өткен.
Ал алда-жалда Канадаға бара қалсаңыз, Capilano аспалы көпірінен де бір жүріп өткен артық етпейді. 1889 жылы салынған көпірдің айналасын орман қоршап тұрады. Бірақ, бір қорқыныштысы, көпір өте биік әрі тар. Ағаш тақтайшалары өзара болат арқандармен байланып тұрғанмен, сіз әр қадам басқан сайын көпір былқылдай бастайды. Әрине, мұндайда қорқынышыңызды романтикаға айналдырып, баяу күйлер мен мұңды әуендер тыңдап өтіп кетуге де болады.
Елден елдің артықшылығы – оның тарихи жәдігерлерін сақтай алуында және ол тек сәулет-құрылыс өнерімен ғана әлемге танымал болмақ. Тарихтан белгілі, көшпенділер даласында тастан қаланған көпір болмаса да, тарих пен болашақты жалғап тұрған хикметті бір рухани көпірдің бар екені анық. Сондықтан адамдардың санасындағы өз көпірі аңсаған армандарына құлатпай жеткізе бергей.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.