Қалалық тілдерді дамыту бөлімі ұйытқы болған «Тілдарын – 2019» олимпиадасы кезекті жеңімпазын анықтады.

Елдегі үш тұғырлы тіл саясатын қолдау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа қаладағы орта мектеп және арнаулы орта білім мекемелерінен 10 үміткер қатысты. Олар олимпиаданың қалалық бәсекесінде 4 кезең бойынша сынға түсті.

18-22 жас аралығындағы қалалық іріктеу сайысының қатысушылары берілген тақырыпқа сай тұсаукесер өткізіп, эссе жазса, одан кейін арнайы мәтінге ілеспе аударма жасап, ҚАЗТЕСТ жүйесінің В2 деңгейі бойынша тест тапсырмаларын орындады. Төрт кезең бойынша қазылар алқасы үміткерлердің жазу сауаттылығы мен сөздерді дұрыс дыбыстауына баса назар аударды. Тіл шеберлігіне қарап баға берді. Олимпиада қорытындысы бойынша бас жүлдені Жамбыл инновациялық колледжінің үміткері Ералы Сатылған жеңіп алды. Ол енді қыркүйек айында өтетін облыстық жарыста бақ сынайтын болады. Ал Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Темірлан Жаманғараев жүлделі І орынға ие болса, №30 мектеп-гимназиясының оқушысы Фарида Әділбек екінші, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Айдана Бекішева үшінші орынға ие болды.

Қалалық іріктеудің бас бәйгесін еншілеген Ералыға облыстық айналымда осы қалпынан таймасын дейміз.

Айнұр Жұмабай,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ студенті

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған