Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Күнге ұмтылған күл астында қалмайды»

0 353

Талай жылдан бері журналистика саласында жемісті еңбек еткен Ақпарат саласының үздігі, Еңбек ардагері, қазақ журналистикасының қайраткері Болат Мәуленовті жамбылдықтар жақсы біледі. Өңір журналистикасында өзіндік қолтаңбасы қалған азамат жайында айтылар естеліктер де аз емес.

Расында, журналистика саласында абыройлы еңбек етіп, ғұмырын мәртебелі мамандығына арнаған қаламгерлер баршылық. Бірақ олардың қай-қайсысын алсақ та, бірінен-бірін ерекшелеп тұратын дүниетанымы, пайым-парасаты, өзіндік көзқарасы мен қолтаңбасы болады. Болат Мәуленовтің мамандыққа адалдығы әрбір жазған мақаласынан көрініп-ақ тұратын. Әр сөйлемін шегелеп жазып, кейінгісін де сол леппен өрбітетін. Бүгінгі қазақ журналистикасының да талабы сол емес пе?! Болат Мәуленов көзі тірісінде очерк, сұхбат, толғауларын «Мұз бен гүл» атты кітапқа басып, қаттап қойды. Бұл да қаламгердің болмысына біткен ұқыптылық пен журналиске тән қасиеттен болса керек. Ондағы материалдардың көбі сонау Кеңес өкіметі тұсындағы еңбекқор халықтың тұрмысынан хабар береді. Мысалы, «Мұз бен гүл» очеркіндегі басты кейіпкер Елшібектің дүниеге көзқарасы қасындағы жұмысшылардан бөлек еді. Аптаның демалыс күндерін ел кезіп ішіп-жеуге жұмсап, қыдырудан босамайтын жұмысшылардың әрекеті оны алаңдататын. Біздіңше, сол басты кейіпкер Болат ағаның өзі секілді көрінді. Өзі болмаса да, кез келген шығармада автор кейіпкерге өзінің ойын, түсінігін қосатыны белгілі ғой. Очеркте қыдырымпаз жұмысшылардың пікіріне қарсы шыққан жас перінің дәрменсіздігі де көрініс табады. Мұның барлығын қабыстырып, ықшамдап жазу да автордың шеберлігінен деп түйдік. Болат Мәуленовтің аталмыш кітаптағы жазбалары бізге естелік болып қалған құнды құжат деп айтуға толық негіз бар.

Ол талай тау тұлғаларды тәрбиелеп өсірген Талас топырағында туған. Мектепті тәмамдаған соң, Қазақ мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультетіне оқуға түседі. Қолына журналист мамандығын растайтын дипломын алған соң, 1976-1992 жылдар аралығында қазіргі «Аq jol» (бұрынғы «Еңбек туы») газетінде аға әдеби қызметкер, шолушы, бөлім меңгерушісі тәрізді шығармашылық қызмет сатыларынан өтті. Кейіннен Жамбыл облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының шығармашылық жөніндегі орынбасары, облыстық радионың бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. Әр жылдары бірқатар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының облыстағы меншікті тілшісі болып еңбек етті. Өңірдің әлеуметтік экономикалық өмірін республикалық «Дала дидары», «Ауыл», «Айқын», «Қазақстан-Заман» газеттерінің және «Қазақ радиосы», «Қазақ телеграф Агенттігі» ақпарат құралдарының өңірдегі меншікті тілшісі ретінде көрсете білді. Журналистік қызметтен қол үзбестен мойынқұмдық атақты қырықтықшы Шотай Тайбағаровтың тәжірибесі жайында «Қой қырқу шеберлігі» кітабы мен «Еңбекпен ер атанғандар» очерктер жинағын жарыққа шығарды. Сонымен қатар облыстық теледидар мен радионың алтын қорына қосылған сан түрлі салмақты телерадиохабарлар сериясын жасады. Шығармашылық шеберханасында салмақты ойлай білетін, көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сергек шәкірттер тәрбиеледі. Кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Университет тынысы» газетінде бас редакторлық қызметінде жүріп те талай жастың белін буып, бағыт көрсетті.

Ұлы Думан Мәуленов «Болмысы – бекзат» атты естен кетпес естеліктер жинағын шығаруды перзенттік парызы санап, мақсатына жетті. Кітапта әкесінің қызметтес достары мен шәкірттерінің жүрек сөзі жарияланған.

– Бұл бір жағы ұрпақ борышы, әкеге тағзым деп білерсіздер. Екіншіден, әкем барлық өмір өткелдерінде жанымнан табылса да, көп қырларын, кейбір сырларын білмейді екенмін. Сондықтан достарының, замандастарының, әріптестерінің, туыстарының естеліктері арқылы әкемнің толыққанды портретін жасағым келді. Қарапайым өмір сүру оның өмірлік кредосына айналғандай. Әр сөзінен, әр іс-әрекетінен, тіпті киім киісінен осы қарапайымдылықтың желі есіп тұратын. Ол маған да солай өмір сүруді үйретті, – дейді Думан Мәуленов.
Алматыдағы «Балауса» баспасынан жарық көрген кітапқа ұлы мен асыл жары, ҚР білім беру ісінің үздігі Шолпан Мамашбайқызынан бөлек, студент достары, есімі елге белгілі замандастары, айтулы әріптестері мен шәкірттерінің, туыс-бауырларының жүрек жібітер естеліктері мен қаламгердің әр жылдары берген сұхбаттары, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақтың рецензиясы топтастырылған.

ҚАЛАМГЕРДІҢ МҰРАЛАРЫ
Қазақ журналистикасының қалың шоғырында жұрттың, оқырмандары мен шәкірттерінің құлай сүйіп, шығармашылық ізденістеріне және үлгі тұтар ұстаздық бейнетіне лайықты баға берілген көрнекті қаламгерлер қатарында болу да абырой. Жамбылдық журналист-публицист Болат Мәуленовтің есімі дәл осы тұрғыда республикаға мәлім. Ұлттық баспасөздің талантты тарландары Ержұман Смайыл, Ербол Шаймерденов, Мағауия Сембин, Мақұлбек Рысдәулет, жазушы Серік Байхонов секілді замандас, курстас достарымен иық тірестіріп, өңірде жүріп баспасөздің өңін ашуға көп жыл бойы еңбек еткен өршіл өрен, келе-келе бәсі басым, биязы болмысымен биікке көтерілген қаламгер атанды. Бөкеңді Жамбылдың марқасқа зиялылары қатты сыйлады. Қатарластары шынайы қадірледі. Күләш Ахметова, Серік Әбдірайымов, Сейітқазы Досымов, Әбді Шынбатыров, аға ақын Өкім Жайлауовтай көрнекті қаламгерлер түлеп ұшқан Талас-Үшаралдың қасиеті мен киесі қанаттандырған асыл жан еді. Біз секілді інілері еліктеп өсіп, ерен мейірімін сағынып еркелейтін.
Жақсының артында қалдырған бай мұралары құндылықтарға молынан ие.
Аса берекелі отбасы мен Думан ұлынан тараған немерелері әке жолын ардақтап «Болмысы – бекзат» деген естеліктер жинағын шығарыпты.
Бірер жыл бұрын кенеттен дүниеден озған Болат аға жайлы әріптестері мен замандастарының, ағайын-туыстарының көркем естеліктері әсерлі жазылыпты. Шынайы айтылыпты. Кітаптың мазмұны мен пішіні, көркемделуі мен безендірілу стилі де көз тартады.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

АСЫЛ АҒАНЫҢ ӨНЕГЕСІН АЛДЫМ…
Бұрыннан есіміне сырттай қанық Болат ағаммен етене араласуым 2005 жылы басталды. Сол жылы күзде облыстық «AR-AI» жастар газеті ашылды. Редакторы – Болат Бекжанов. Әйтеуір сонда жиі барамын. Бірде редакцияға бас сұқсам, редактордың алдында ақын Нарша Қашағанұлы мен Болат аға отыр екен. Әңгімелеріне қарасам, отауын жаңа тіккен жас газеттің жайы, кадр мәселесі. Ара-арасында Нәкең Болат ағамен бірге өткізген студенттік кездерін, қызықты сәттерін әзіл-қалжыңмен қағыта еске алып қояды. Сонда жақсы ағалармен өткізген жарты сағат бір тамаша естеліктермен есімде қалыпты. Міне, осыдан кейін Болат ағамен жиі көрісіп, әңгімелесіп жүрдік.

Жалпы Болат аға артық сөзге жоқ, бірақ жақсы ой тастасаң іліп әкетіп, шешен сөйлеуші еді. Ағаның көп оқитынын және әрдайым жаңалыққа жаны құмар екенін сөз әуенінен бірден байқаушы едім. Және Болат ағаның жазған мақалаларында артық сөз, ұзын-сонар суреттеу аз болатын. Нақтылық басым еді. Расында, бүгінгі журналистиканың талабы да, сұранысы да – осы. Сондықтан заман көшінен қалмай, өзіндік стилі мен жазу үлгісін қалыптастырған асыл ағаның мақалаларын тұшына оқитынмын. Болат аға – кешегі Кеңес заманындағы журналистика мен бүгінгі журналистиканың қарама-қайшылығын түсінген журналист. Жамбыл журналистикасында қолтаңбасы қалған азамат!

Мен «Жамбыл-Таразда», кейін «Ақ жолда» жүргенімде жиі келіп тұрды. Сөйлесеміз. Мен ортаға тақырып тастаушымын әрі тыңдаушымын. Асықпай, аптықпай, көтерген мәселенің мән-жайына қалай бару керек? Оның маңыздылығын, мазмұндылығын қалай ширату керек? Міне, Болат ағаның төгіле сөйлеп, білімі мен парасаттылығын танытқанын осыдан-ақ байқаушы едім.

Ақын Нарша аға өмірден өткеннен кейін, Бөкеңмен кездескен сәттерде ақын жайында көп сырласатын едік. Ақындығынан бөлек, азаматтығы, қайраткерлігі жайында жиі ой қозғайтын. Нарша ақынды қатты құрметтейтінін байқаушы едім. Жалпы заманы бір, ой-арман, мақсаттары бір азаматтардың бірін-бірі іздейтіні рас-ау.

Әне бір жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 60 жылдығы болды. Ол кезде Болат ағам «Университет тынысы» газетінде редактор. Ағам бірде телефон шалып, облыс орталығындағы қара шаңырақ – жоғары оқу орнының мерейтойына байланысты журналистер арасында байқау болып жатқандығын және соған қатыссаң деп ниет білдірді. Былайша айтқанда, мотивация берді. Сөйтіп, білек сыбана байқауға қатысып кеттік. Республикалық «Айқын» және қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде оқу орнының тыныс-тіршілігі жайлы мақалалар легі жарық көріп жатты. Кейде ағаммен хабарласып, тақырып аламын. Қорытындысында сол байқауда жүлделі орынға ілініп, марапатталдық. Сонда ғой Болат ағам: «Тек байқау кезінде емес, басқа да уақытта мақалалар жазып тұр», – дегені…

Аға қайтыс боларының алдында бір ай бұрын «Ақ жолға» келді. Мен жарнама бөлімінің меңгерушісімін. Қолында мақаласы бар. «Орныңа отырып, мына мақаланың артық-кемін түзеп алсам», – деді аға. Сөйтіп, менің орныма отырып, жарты сағаттай мақала қарады. Арагідік «Ақ жолда» еңбек еткен жылдарындағы жақсы естеліктерін айтып отырды. Мен Шәмші туралы сұрадым. 1989 жылы желтоқсан айында Болат ағаның Шәмшімен болған сұхбаты «Еңбек туында» жарық көрген болатын. «Шәкеңнің науқастанып жүрген кезі. «Жамбыл» қонақ үйінде Оразалы Бодықов екеуі жатыр екен. Бір сағаттай отырып әңгімелестік. «Жамбылдың халқын сүйемін. Адамдарын жақсы көремін!», – деді қайран Шәкең! Ол кісінің осында 17 жыл ғұмыр кешуі де тектен-тек емес-ау. Текті кісі ғой», – деді Болат аға. Міне, осыдан кейін он шақты күннен кейін тағы да редакцияға бас сұққан ағаммен он бес минуттай сұхбаттастым. Ал қайтыс боларының алдында бір күн бұрын кабинетіме кірген аға: «Амандасып кетейін…», – деді де шығып кетті. Ертесіне жақсы ағаның қазасын естіп қабырғамыз қайысты. Сонда соңғы келгенінде ағам қоштасып кеткендей әсерде болдым.

Болат аға жақсы ғұмыр кешті. Отбасы өнегелі, балалары тәрбиелі. «Ақ жолдың» жанындағы «Салық тәртібі» редакциясы отырған ғимаратта шахмат үйірмесіне немересін алып келіп жүрді. Және Мәуленовтер отбасын жамбылдық жұртшылық оқымыстылар отбасы деп қадірлейді. Оның негізі Болат ағамның ізденімпаздығында жатыр-ау.
Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жәннатта болсын, Болат аға!

Ерман ӘБДИЕВ,
Ақпарат саласының үздігі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.