Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһардың көркін ашқан нысандар

0 772

Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі, ғұндарға тірек, түркілерге тұғыр болған бақ мекен. Қасиетті өлкеде Қазақ хандығының іргесі қаланғаны да тарих беттерінде сайрап жатыр. Бүгінде көне шаһар алыс-жақындағы ағайынның ат ізін салып тұратын киелі шаңырағына айналып келеді. Әсіресе мұндағы туристік нысандар көрген жанды тамсандырмай қоймайды.

Киелі Қарахан кесенесі

Ғасырлар қойнауынан бізге жеткен құнды кесенелердің бірі 11 ғасырдан сақталған сәулет өнерінің көзі іспетті. Қарахан әулетінен шыққан белгілі хан Шах-Махмуд Боғра, яғни Қараханның қабірі облыс орталығына өзгеше өң беріп тұр. Қарахан өз заманында аса данышпан, дүниені дүр сілкіндірген атақ-абыройға ие құдіретті билік иесі болған. Алайда билік пен шексіз байлығына қарамастан, қарапайым тұрмыс кешкен. Х ғасырдың екінші жартысында көшпелі түркі тайпаларының арасында Қарахан тұлғасы аңызға айналып, оларды бір тудың астына біріктіруге шақырған идеологиялық ұстаным ретінде көрініс табады. Нәтижесінде, Жетісу, Шу, Талас өңірін қамтитын Қарахан мемлекеті орнайды. Қарахандықтар дәуірі кезінде елдің тұрмысы жақсарып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған. Ел билеген Қараханды халқы мәртебелі қайраткер ретінде бағалап, әулие тұтып, оның құрметіне кесене салған. Кейін арада жүздеген жылдар өтіп, Тараз қаласы қирауға ұшыраған кездің өзінде қала қирандыларының арасынан бой көрсетіп тұрған кесене жергілікті халықтың жадында қалған.
Күмбезі ғана құлаған кесененің төрт қабырғасы мен жылтыр кірпішпен өрнектелген қос мұнарасы ХІХ ғасырдың 90-жылдарына дейін сақталған екен. 1905 жылы оның құлаған бөлігі түгелдей бұзылып, орнына 1906 жылы жаңа кесене салынған еді. Жаңа құрылысты сол кездегі Ташкент ишаны Сайд Бакханов қаржыландырған. Кейінгі салынған кесене алғашқысына ұқсамайды. Қабірдің қасбеті өзінің сүйіктісі Айша бибі кесенесіне ұқсас болғанымен, кірпіштерінің өрнектеліп қалануы жағынан Бұқарадағы ортағасырлық Исмаил күмбезіне ұқсас тұстары табылады.
Кесене төртбұрышты, ортаңғы кең бөлмеден және үш кіші бөліктен тұрады. Орталық бөлменің төбесі киіз үйге ұқсатылып жабылған. Артқы жағында екі мұнарасы бар. Кесененің қасбеті оңтүстікке қараған, ал оның ішіндегі қабір оңтүстіктен солтүстікке қаратыла қойылған. Кірер есігі аркалы қуыспен безендірілген. Қабырғаларының ішкі жағы кесененің бұрынғы өз кірпіштерімен қаланып, сыртқы жағын қалауға жаңа кірпіш пайдаланылған екен. 1982 жылы кесене мемлекеттік қорғауға алынып, Қазақ КСР-нің республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш нысандарының тізіміне енгізілді.

Көркіне көз тоймайтын «Көне Тараз»

Екі мың жылдан астам тарихи жолын басып өткен шаһар жылнамалар тізбегінде аты неше ауысып, құлдырау мен көркею кезеңін бастан өткізіп, бүгінгі ғасыр қойнауына келіп жетті. Бүгінде көне мен жаңаны байланыстыра білген ежелгі қала рухани орталыққа айналып отыр. Қалаға қарлұқтар VI-IX ғасырлардың алғашқы кезеңінде иелік етсе, ІХ соңында Саманидтер әулеті өз меншігіне алды. Х ғасырдың аяғы мен ХІ ғасырдың басында Тараз Қараханидтер мемлекетінің астанасы атанды. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне деректерге сүйене отырып, тарихшылар мұнда ХІ ғасырда керуен сарайы жұмыс істеген деген болжам айтады.
Бүгінде облыс орталығы атанған шаһарда 2011 жылдан басталған археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде, өткен ғасырлардан сыр шертетін құнды мұралар қазылып алынды. Бүгінгі таңға дейін археологтар VI-XII ғасырларға жататын шамамен 50 мыңдай артефакт тауып үлгерді. Оның ішінде мешіт, медресе, отқа табынушылардың мехрабы, зындан, көне Талас өзені сағасының жағасы, тұрғын үйлердің іргетастары анықталған.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шаһарда көптеген жұмыс атқарылды. Солардың ең ауқымдысының аясында көне Тараздың айналасы абаттана бастады. Бүгінде көне қаламен қанаттас тұрған шолу мұнарасы, Достық үйі мен Конгресс-холлы бар мәдени орталық, «Тараз саздары» стеласы, «Мыңбұлақ» саябағы, экспонаттар қойылған музей орналасты. Сонымен қатар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында келген қонақтар аралайтын қалалар тізіміне енгізілгенін мақтанышпен айта кеткеніміз жөн.
Облыстың 80 жылдық мерейтойы аясында бой көтерген құрылыстар өз алдына бір төбе. Торқалы тойға орай «Шахристан» кешенін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған болатын. Жоба бойынша кешен аумағына көркемсурет галереясы, облыстық өлкетану мұражайы, амфитеатр, көлемді сағат стеласы, көрме залы және Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы бой көтерді. Қала тұрғындары мен қонақтарының серуендеуіне арналған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің бір бөлігі ретінде «Арбат» жаяу жүргіншілер алаңы ашылды. Ол «МАРТ» ойын-сауық сауда орталығынан С.Аққозиев көшесіне дейінгі аралықты алып жатыр. Ұзындығы – 500 метрге жуық. Онда бекітілген аумақ тегістеліп, 2 400 шаршы метрге жуық жаяу жүргінші жолы төселген. Арбатты аралап жүрсеңіз, өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген алғысының символикалық белгісі ретінде «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне көзіңіз түседі.

Тағылымға толы «Төрткүл» сарайы

Ерте дәуірлерден-ақ Таразда Орта Азия аймағын өзге де елдермен байланыстыратын керуен жолдары болғаны анық. Шаһарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары сауда жолдарында түрлі өркениеттердің болғанын айғақтап келеді. Соның бірі – Тараз төріндегі «Төрткүл» керуен сарайы. Аталған кешен IX ғасырда ірге көтерген. Төрт ғасыр бойы сауданың қайнаған қызу ортасы болған сарай көне қала тарихының тамырын тереңге тартып тұратыны даусыз. Кешеннің жалпы аумағы 100 шаршы метрден асады. Қорғандарының биіктігі 5 метрдей болса, қалыңдығы да 5 метрге жуық. Қорған айналасында 4 мұнара, оңтүстік және солтүстік жағында 8 метрлік 2 қақпа жасалған. Негізгі қақпаның екі шетіндегі 4 бөлмеде қолданбалы өнер шеберханасы болған.
Керуен сарайы кешенінде қонақ үй, жүк таситын түйе мен жылқыларға арналған қоралар, жүк сақтайтын қоймалар қарастырылған. Бұл жерлерде керуендер мен оның құрамын қарақшылардан қорғайтын арнайы жасақтар да қызмет еткен. Керуен сарайлардың қорғаныс мақсатындағы салынуы және оның ішкі құрылыс бөліктері сыртқы пішінінің бекініс түрінде көрінуіне себеп болды. Олар қамал дуалдарымен қоршалады. Көпшілігі екі бөліктен дуалмен қоршалған. Дуал бекіністері тіктөртбұрыш пішіндес келетін, ішкі алаңқайлары жан-жағына әртүрлі мақсаттағы бөлмелер салынған.
Бір қызығы, керуен сарайлары жол бойына арнайы жүйелі есеппен салынған. Таңертең керуен сарайдан шыққан керуен күн бата келесі бір тұраққа жетіп тоқтайды. Ол керуеншілерде жол бойындағы қонақ үйлердің қай жерде орналасқаны туралы анықтама кітапшалары болған. Ұлы Дала төсінде талай керуен мен жолаушы беттеп бағыт алған бұл кешен қазіргі күні облыс әкімдігінің қамқорлығына алынып, этнотуризмді дамытуға арналған мекен ретінде күрделі жөндеуден өтті. Облыс тұрғындары мен туристер арасында «Төрткүл» керуен сарайының танымалдығы оның аса тарихи маңыздылығымен және ерекше мұражайдың ашық аспан астында орналасуымен айрықша.

Дәрігерлер ерлігін дәріптеген Денсаулық саябағы

Жылдан-жылға құлпырып келе жатқан Таразда көрсе көз тоймайтын нысандар жетерлік. Солардың бірегейі – «Таразға тарту» жобасы аясында ашылған Денсаулық саябағы. «Қарасу» ықшамауданында бой көтерген нысан бүгінде шаһар тұрғындарының серуендеп, демалатын орнына айналған. Аумағы 5 гектар жерді алып жатқан саябақта мыңнан астам көшет, раушан гүлдер отырғызылған. Сондай-ақ субұрқақтар мен кішкентай сәулетті мүсіндер де өзгеше сән беріп, шырайын кіргізіп тұр. Бұл жерде дене шынықтырумен белсенді түрде айналысуға және балалардың ойнауына да барлық мүмкіндіктер жасалған. Үстел теннисі, street workout, футбол, баскетбол және балалар алаңшасы да тұрғындарға әрдайым қолжетімді.
Коронавирус инфекциясына қарсы күресте жамбылдықтар көптеген медицина қызметкерінен айырылды. Саябақта олардың құрметіне арнайы ескеркіш те бой көтерген. Ескерткіш тұғырындағы «Өзгеге шамшырақ болып, өзім өшем» деген жазу ешкімді де бейжай қалдырмайды. Бұл мүсінді жерлесіміз, мүсінші Бектур Майрин 8 күннің ішінде жасап шыққан екен. Сондай-ақ ондағы «Сіздің денсаулығыңыз – өз қолыңызда!» атты стела да денсаулықтың адам үшін қаншалықты маңызды екенін меңзеп тұрғандай. Осы орайда айта кетерлігі, саябақ құрылысына медицина қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын аударып, бірқатар демеуші де өз үлестерін қосқан.

Әуендердің әдемі әлемі

Жамбыл өңірі еліміздің өнер әлемінде қанатын кеңге жайған жайсаңдардан кенде емес. Олар тек облысқа ғана емес, барша еліміздің мақтанышына да айналуда. Қазақ ән-күй өнеріндегі тұлғалар Балуан Шолақ, Ықылас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаев, Илья Жақанов, Алтынбек Қоразбаев, Мэлс Өзбеков және тағы басқаларды айрықша атап айтуға болады. Бүгінде осы тұлғалардың ізін жалғап келе жатқан таланттар аз емес. Солардың құрметіне осыдан бірер жыл бұрын «Әуендер әлемі» аллеясы ашылған болатын.
Аталған аллея қазақ өнері қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттап, олардың өнегелі өмір жолын бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында ашылып отыр. Алаңның ортасына биіктігі 6,5 метр болатын өнер иелерінің құрметіне арналған стела қойылған. Стеланың айналасына 30 тас тұғыр орнатылған. Оларға қойылған 60 жұлдыз белгісіне еліміздің өнеріне елеулі еңбек сіңірген тұлғалардың есімдері жазылған. Ал стеланың тұғырына Жамбыл Жабаев, Балуан Шолақ, Ықылас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаев сынды әйгілі тұлғалардың өнер туралы қанатты сөздері қашалып жазылған.

Жастарға сая «Жастар» аллеясы

Көне шаһардың көркін ашқан тамаша туындылардың қатарында «Жастар» аллеясы да бар. Мұндағы «Махаббат» стеласында «Ұлы даланың елі мен жерін сүйген, тарихы мен салт-дәстүрін ардақтаған, ар-намысы мен адал махаббатты ту еткен ұл-қыздарына арналған» деп жазылған.
Шынайы сезімнің символына айналған Қозы мен Баян, Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек, Қарахан мен Айша бибі махаббатын үлгі тұтар жастарға үлкен сый болып отыр. Биіктігі – 15 метр, ені 3,5 метрді құрайтын стеланың бір бетіне қазақ батырының, бір бетінде қазақ аруының бейнесі бейнеленген.
Ал аллеяның ортасындағы «Білім алаңының» жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Онда 600 орындық ашық аспан астындағы амфитеатр орналасқан. Амфитеатр сахна 14 бағанадан тұратын арка негізінде бой көтеруде. Оның ұзындығы – 42 метр, ені – 16 метр. Ал биіктігі – 12 метр. Бағана үстіндегі маңдайшаның сыртқы үш жақтауына үш тілде білім туралы қанатты сөздер жазылған. Атап айтар болсақ, латын қарпіндегі қазақ тілінде «Білім – өмір шырағы», көне түркі тілінде «Білімсіз күнің жоқ», ағылшынша «Күш атасы – білімде» деп жазылған. Сондай-ақ аллеяның ішінде «Кітап» стеласы да ашылды. Стеладағы шағын тақтайшаға «Кітап – білім бұлағы» деген аталы сөз айшықталып жазылған. Стеланың қос шетіне шағын кітаптар тізбегі қойылған. Ашылған кітап кейпіндегі ескерткіштің қос парақ беттеріне Әл-Фарабидің «Шын білім – ақиқат, анық білім», Ж.Баласағұнның «Білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді», М.Қашқаридің «Бақыттың белгісі – білім», А.Ясауидің «Кітап аш та, мәнін ұқ», Абай Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба», Ш.Мұртазаның «Мәдениеттің мәйегі – кітап» және өзге де орамды ойлар мен тағылымды сөздер қашалып жазылған. Бұл ескерткіш қала тұрғындары мен қонақтарын, жас ұрпақты кітап оқуға, кітапты құрметтеуге, білім-ғылымға үндеу мақсатында бой көтерген.
Жалпы бұл мақаламызда Тараздың көрікті орындарының бірнешеуін ғана тілге тиек еттік. Құрсағы құтқа толы өлкеде мұндай нысандар әлі де баршылық.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.