Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһардың көкжиегі кеңейіп келеді

0 1  141

Тотыдай түрленіп, жаңаша кейіпке еніп келе жатқан Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы да көңіл қуантады. Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен көне шаһардың бүгінде түтіні түзу ұшып, тірлігі тіктелген. Тәуелсіздік таңымен бірге екінші тынысы ашылған қалада бүгінде атқарылған ілкімді істер жетерлік.

Үш айдағы көрсеткіштер көңіл көншітеді

Осы жылдың алғашқы үш айындағы көрсеткіштерге көз салсақ, барлық салада ілгерілеу бар екені байқалады. Мәселен, биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында шаһар кәсіпорындары 116 миллиард 832,4 миллион теңгенің өнімдерін өндіріп, физикалық индекс көлемі 106,4 пайызды құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 39 миллиард 631,0 миллион теңгеге артық.
Соған сәйкес, халықтың жан басына шаққандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 316,9 мың теңге болып қалыптасқан. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 87 миллиард 561,6 миллион, кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінде 415,7 миллион, электрмен жабдықтау, газ беру саласында 27 миллиард 814,8 миллион, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау саласында 1 миллиард 40,3 миллион теңгенің өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі де ұлғайып отыр.
– Шаһарда ауыл шаруашылығы да алшаң басуда. Айталық есепті кезеңде аталған салада 339,7 миллион теңгенің өнімі шығарылды. Оның ішінде 323,1 миллионы мал, 5,0 миллионы өсімдік шаруашылығына тиесілі. Сонымен қатар ет, сүт, жұмыртқа өндіру ісі де қарқын алып, едәуір артты. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 22 миллиард 775,1 миллион теңгені құрап, халықтың жан басына шаққандағы инвестиция мөлшері 61,8 мың теңге болып қалыптасты. Оның ішінде бюджеттік салымдар, шаруашылық субъектілерінің өзіндік қаражаттары, банктердің несиелері немесе басқа да қарызға алынған ақшалар бар. Сондай-ақ шаһарда бөлшек сауда тауар айналымы 63 миллиард 112,7 миллион теңгені, көтерме сауда тауар айналымы 55 миллиард 728,5 миллион теңгені құрады. Осы орайда қалада қазіргі таңда 33 345 кәсіпкерлік субъектілері тіркелгенін айта кеткен жөн. Оның 26 345-і жеке кәсіпкерлік, 6735-і шағын, 29-ы орта, 236-сы шаруа қожалығы. Тіркелген субъектілердің ішінде 25 889-ы нақты уақытта жұмыс істеп тұр, – дейді Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев.
Өңірде инфляция деңгейінің 5,4, жұмыссыздық деңгейінің 5,6 пайызды құрағаны осы екеуімен күрестің барынша күшейтілгенін айғақтайтыны сөзсіз. Тиісінше, ең төменгі күнкөріс мөлшері – 36 162 теңге, орташа номиналды еңбекақы 206 697 теңгеге жетіп отыр екен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 996,5 миллионға, пайдалануға берілген тұрғын үй 2,7 мың шаршы метрге көбейген.
Білім саласының да бәсі биіктеп келеді. Бүгінде 3 және 6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған балалар үлесі 100 пайызға, 1-6 жас аралығындағы балалар көрсеткіші 85,1 пайызға жетіп жығылады.
Медицина саласында да жағдай жаман емес. Бүгінде медициналық мекемелерде жалпы дәрігерлер саны 2064 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 33 бірлікке төмендеген. Алайда 10 мың адамға шаққанда дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 56,3 промильді құраса, орташа медициналық қызметкерлер былтырмен салыстырғанда 78 бірлікке өскен. 3 айда бірде-бір ана өлімі тіркелмегенімен, 23 нәресте шетінеген.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қырағылығының арқасында қаңтар-наурыз айларында барлығы 902 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,2 пайызға төмен.
Осылайша жоғарыдағы сандар шаһардағы барлық салада оң динамика сақталғанын көрсетеді.

Жоспар жұмыр, бағыт айқын

Алға қойылған жоспарлар да аз емес. Шаһар басшысының айтуынша, Жамбыл облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасында Тараз қаласына тиесілі 124 нысаналы индикаторлар қарастырылған екен.
– Даму бағдарламасындағы өнеркәсіптік әлеуетін арттыру, халықты жұмыспен қамту, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды дамыту сынды көрсеткіштер жоспарлы түрде орындалуда. Атап айтар болсақ, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 2025 жылға қарай 378 миллиард теңгеге жеткізу көзделген. Былтырдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 289,2 миллиард теңгені құрады. Көрсеткіш 2022-2023 жылдары жалпы құны 17,6 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны және «Тараз» индустриалды аймағын іске қосу есебінен орындалады. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін 2025 жылға қарай 125,2 пайызға дейін, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 17,8 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда, – дейді Ержан Жұматұлы.
Сонымен қатар пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 564,4 мың шаршы метрге дейін артпақ. Бүгінгі таңда №15 ықшамауданында 42 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде екен. Одан бөлек, сараптаманың оң қорытындысы алынған 19 кредиттік тұрғын үйдің мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, 25 көпқабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Осы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек. Бұл түбегейлі іске асса, 2820 отбасы пәтермен қамтамасыз етіліп, қоныс тойын тойлайды. Жалпы шаһарда мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізімінде 22 073 жанұя тіркелген.
Тіршілік нәрі саналатын ауыз сумен қамту үлесі де тиісінше артады. Қазіргі уақытта ауыз сумен қамтылған халықтың үлесі 91,0 пайызды құраса, ағымдағы жылы облыс орталығында сумен қамтамасыз ету бойынша 3,3 миллиард теңгеге 12 жоба жүзеге асуда екен. Осы орайда айта кетерлігі, қала тұрғындарының сұраныстары негізінде инфрақұрылымды дамытудың 3 жылдық жол картасы бекітілген болатын. Бұған ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған, қоғамдық наразылық тудырып, тұрғындар тарапынан көтерілген ең қажетті көше жолдарын жөндеу, көше жарығын орнату, су құбырын жүргізу, аулаларды абаттандыру, балалар ойын алаңдарын салу арықтар мен лоток жүйелерін қалпына келтіру, каналдар арнасын тазалау жұмыстары енгізілген. Соның нәтижесінде былтыр инфрақұрылымды дамытуға барлығы 38,8 миллиард теңге бөлініп, 100-ден аса жоба жүзеге асқан. Атап айтсақ, 1,6 миллиард теңгеге 26 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Әсіресе мүлдем асфальт жабындысын көрмеген, әлеуметтік желіден жиі көтерілетін көшелер қамтылған. Ал 194,3 миллион теңгеге 41 көшенің 35,1 шақырымына жарықтандыру жүргізілген. Оның ішінде мүлдем жарығы жоқ, 20-30 жыл көше жарығын көрмеген аумақтар басты назарға алынып, нәтижесінде осы көшелерде тұратын 10 мыңнан астам адамның түнгі уақытта қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп отыр. Осылайша шаһар көшелері самаладай жарқырап, көрген жанның көзін сүйсінтіп отырған жайы бар. Осы орайда Тараздағы 1330 көшенің 293-іне жарық шамдары орнатылғанын ерекше айта кету керек. Енді алдағы уақытта 1,1 миллиард теңгеге электр бағанасы бар 124 көшеге түнгі жарық жүргізіледі. Нәтижесінде жарықтандырылған көшелер саны 22 пайыздан 31,5 пайызға дейін жетіп, 25 мыңға жуық тұрғынның өмір сүру сапасы артып, қылмыс деңгейінің төмендеуіне ықпал етпек.
111,3 миллион теңгеге 11,4 шақырымды құрайтын су желілері мен кәріз желілері ағымды жөндеуден өтіп, нәтижесінде 530 шақырым арық жүйесі ағын сумен қамтамасыз етілген. Қаланың ирригация жүйелерін тазалау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 120,0 миллион теңге бөлініп, арық желілері механикалық тазалаудан өткізілген. Сонымен қоса 265,4 миллион теңгеге жаңа стандарттарға сай, заманауи, әртүрлі жастағы балаларға арналған 14 аула абаттандырылған. Мұнда да Кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмеген аулаларға басымдық беріліп, 2000-нан астам тұрғынға аулалардың қолжетімділігі артып отырғанын байқауға болады.
Бұқаралық спортты дамытуға да ерекше екпін түсіріліп, 97,2 миллион теңгеге 10 кіші футбол алаңшаларына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 70,2 миллион теңгеге «Мамыр» саябағы, «Рассвет», «Тастақ», «Родничок» сынды қаланың шеткі аймағында орналасқан алқаптарға 4 кіші футбол алаңшалары орнатылған. Осылайша күнделікті орта есеппен 2300 жеткіншектің спортпен шұғылдануына жағдай жасалып отыр.
– Қалаға қосылғандарына 10 жылдан аса уақыт өтсе де, «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма» тұрғын алқаптары мен 28 саяжайға электр желілері былтыр тартылып, сол алқаптарда тұратын 25 мыңнан астам адам жарықтың шарапатын сезінді. Осы орайда әлеуметтік желіде, тұрғындармен кездесуде осы «Жаңа электр желісі қашан іске қосылады?» деген сауал ылғи да түсіп жатады. Негізі, бұл аумақтардың барлығын қаланың электр желісін қосу үшін арнайы бөлек подстанция қажет. Оның сметалық-құжаттамасын Энергетика басқармасы дайындауда. Одан кейін республикалық бюджетке өтінім жасалады. Егер қаражат бөлінсе, құрылыс келесі жылы басталады. Бұл жұмыстар үлкен қаражатты талап етеді. Бірақ оған дейін ТГЭС-пен келісе отыра, уақытша электр желісі тартылып, шетінен қаланың электр желісіне қосып жатырмыз. Қазір «Қызыл-Абад» алқабы толығымен аяқталды, бүгінде «Жиделі», «Көлтоған» алқаптарын қосу жұмыстары жүргізілуде. Содан кейін 28 саяжайды рет-ретімен қосу жұмыстары іске асады, – дейді шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев.

60 миллиард теңгеге 450 жоба жанданады

Биылдың өзінде шаһарда 60 миллиард теңгеге 450-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Онын ішінде 3,7 миллиард теңгеге 8 білім беру нысаны салынбақ. Яғни Оқушылар сарайы, «Шалғай Қарасу», «Арай», «Барысхан», «Асқаров» тұрғын алқаптарында 600, 15-ші ықшамауданда 1200, «Казарма» алқабында 180 орынды білім ордасы есігін айқара ашпақ. Осы жұмыстардың нәтижесінде 10 мыңнан астам баланың заманауи білім алуына жағдай жасалып, 3 ауысымды мектептердің мәселесі шешілмек. Сонымен қатар тұрғындардың сапалы медициналық қызмет алуына, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау мақсатында облыстық онкологиялық диспансер мен 150 орынды мүгедектерді оңалту орталығы да ел игілігіне берілетін күн жақын. «Таразға тарту» жобасы аясында Жеңіл атлетика манежі, Өнер үйі, Бокс орталығы, Мұз аренасы, Волейбол орталығы, Үлкен теннис орталығы, Оңалту орталығы, Иппотерапия, Визит-центр, Жастар үйі, Неке қию сарайы, Ипподром және Ойын-сауық орталығын салу да жоспарға енгізілген. «Асар», «Мейірім», «Жомарт түлек» жобалары да өз жалғасын таба береді. Бұл жұмыстар қаланың әл-ауқатын арттырумен қатар, 3 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуына да мүмкіндік бермек. Шалғай аудандарда шағын кәсіпкерліктің дамуына да жол ашады.
– Бұлардың барлығы осы жылдың еншісінде. 2023 жылы да атқарылатын жұмыс жетерлік. Мәселен, 71,2 миллиард теңгеге 250-ден астам жоба іске асады деп күтілуде. Оның ішінде 9 білім беру, 3 денсаулық сақтау және 1 әлеуметтік нысан бар. Аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, тұрғын үйлер мен жолдарды жөндеу секілді жұмыстар кезең-кезеңімен жалғаса береді, – дейді Ержан Жұматұлы.

Инвестиция – ел игілігіне

Шаһарда 2022-2023 жылдары жалпы құны 17,6 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ал бұлар іске асар болса, 1024 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұлардың қатарында «Kisc» ЖШС-нің «Металл құю цехын жаңғыр- ту», «Alina Group» ЖШС-нің «Тараз қаласындағы «Alina Group» ЖШС-нің өндірістік базасын кеңейту және жаңарту», «Дәмді себет» ЖШС – «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдас- тыру», «СП-Тараз PET» ЖШС-нің «Полиэтилентерефталат рециклингу бойынша зауыт салу», «Alima Delux» ЖШС-нің «Тұрмыстық техника зауыты», «Оргэлитстройсервис» ЖШС-нің «Қант қызылшасы мен мелассаны терең өңдеу арқылы қант өндірісі» жобалары бар. Бұдан бөлек, биыл құрылыс материалдарын өндіруге арналған жабдықтар шығаратын «Кульжанов» ЖК, ортопедиялық матрастар мен жастықтар өндіретін «Асимус» ЖК, «L-Вита Темп Строй» пескоблок өндірісі және бетон араластырғыш қондырғы жобасы, жылыжай және монша, «Қалымбетов Жандос» ЖК құс фермасы құрылысы жобалары ұсынылған. Сонымен қатар «Қазфосфат» ЖШС өндірісті кеңейту үшін 2021 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Даму» қорының қолдауымен 40 миллиард теңге несие алған. Аталған қаражат инвестициялау мен айналым қаражатын толықтыруға, тыңайтқыштар мен құрамында азоты бар қосылыстар өндіруге жұмсалмақ. Өткен жылы 5 миллиарды игерілген. Серіктестіктің Минералды тыңайтқыштар зауытына да модернизация жұмыстары жүргізілуде. Модернизация ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында іске қосылмақ. Содан соң өнім көлемі 500 мың тоннадан, 1 миллион тоннаға дейін артатын болады. Сонымен қатар қала әкімдігінің қаулысымен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыруға 84 орын бекітілген. Бүгінгі таңда 74 орынның жеңімпазы анықталып, бұл орындар тегін берілген. Олар мұнда ұлттық алкогольсіз сусындар сату, ауыл шаруашылығы, жартылай дайын және жылдам дайындалатын тағам, құйылмалы балмұздақ өнімдерін сатпақ ниетте. Жеңімпаздардың арасында көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да қарасы қалың.

Шаһар аумағына 14 елді мекен мен 2 саяжай енбек

Бүгінде Тараз қаласының дамуын заманауи жоспарлау, тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында жаңа Бас жоспар әзірленуде.
– Қазіргі уақытта қала аумағы 18 787 гектарды құраса, жобалау аумағы 30 542 гектарға жетті. Былтыр өткен халық санағы нәтижесінде шаһар тұрғындарының саны 420 757 адамға жетіп отыр. Жаңа Бас жоспар бойынша шаһар құрамына Жамбыл және Байзақ аудандарынан көлемі 10,4 мың гектар, халық саны 44,5 мың адамды құрайтын 14 елді мекен мен 2 саяжай алқаптарын енгізу қарастырылған. Атап айтсақ, олар: Байзақ ауданының Талас, Қызыл жұлдыз ауылдары мен Талас станциясы, Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық станциясы, Шайқорық, Танта, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Пригородное, Кемел, Түрксіб, Жалпақтөбе, Ақбұлым елді мекендері мен аталған өңірге қарасты «Дорожник» және «Новоджамбулец» саяжай алқаптары. Нәтижесінде халық саны 465 мыңнан асуына байланысты қаланы 2 ауданға бөлу ұсынылған. Бас жоспардың маңызды жобалық шешімдері өзекті мәселеге айналған көлік қозғалысын тиімді ұйымдастырып, көлік жолдарындағы жүктемені азайтады. Абай даңғылын Балуан Шолақ көшесімен қиылысқан аумағындағы теміржол үстімен өтетін көлік жолы құрылысы арқылы халық арасында «За линией» аталатын аумаққа жалғастыру, Әл-Фараби көшесін оңтүстік бағытта жалғастырып «Шалғай Қарасу» алқабына, солтүстік бағытта Қойшыбеков көшесімен жалғастырып айналма жолға қосу, Қазыбек би көшесін Қарасу өзенінен көпір арқылы өткізіп Қ.Тұрысов көшесіне шығару, Ташкент көшесін жалғастырып Талас өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысымен Қант кенті арқылы Кирпичный кентіне шығару және Алматыға бағытталған жолға қосу, Көшек батыр көшесін №15 ықшамаудан арқылы жалғастырып, жобадағы Бас жоспар бойынша қала шекарасына енгізуге көзделген. Шайқорық ауылына дейін шығару, Сейфуллин көшесін жалғастырып Айша бибі көшесіне қосу сынды жұмыстар да Бас жоспардың күн тәртібінде тұр, – дейді Ержан Жұматұлы.
Сондай-ақ шаһар басшысының сөзінше, қаланың туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Көне Тараз» қалашығы тарихи-сәулет кешені бағдарламасының жобасы әзірленген. Қалашық келбетін қайта қалпына келтіру аумағы 20,0 гектарды алып жатыр. Аталған аумақта визит орталығы, шеберлер үйі, сандық кітапхана, шығыс базары, балалар ойын-сауық орталығы, облыстық мұрағат, Неке сарайы, қазақ драма театры, археологиялық қазба аймағы, шығыс моншасы, этноауыл, қонақ үй, мейрамхана, тұрғын үй кешендері орналаспақ.

Дамудың даңғыл жолына бет түзеген көне шаһардағы жарқын істер жан жадыратады. Шығыс шайыры Фирдоуси жырлағандай, Тараздан мөп-мөлдір көздердің қарасын ғана емес, айшықты жобаларды да таба аласыз. Осыдан біраз жыл бұрын келген қонағын қыдыртатын жер таба алмай қысылған жерлестеріміз бүгінде шаһардың келбетін зор мақтанышпен көрсететін күнге жетті. Ендеше, баянды бастамалардың жаршысы болған көне қаланың әлеуеті бұдан да әрі арта түссін деп тілейміз.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.