Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһар жасыл желек жамылуда

0 347

Көктем айларында атқарылатын игі істің бірі – тал егу. «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін ағаш отырғызу – маңызды істердің бірі. Осындай игі істің жандана түсуіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жүктелген 2021-2025 жылдар аралығында еліміздің орман алқаптарында 2 млрд және қалалар мен елді мекендер аумағына 15 млн ағаш көшетін отырғызу міндеті де ықпал етіп жатыр.

Бұл жайында Президент: «Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн», – деген еді.
Тараз қаласында соңғы жылдардың бедерінде бұл мәселеге ерекше мән берілгені белгілі. Әсіресе ықшамаудандар мен саябақтардың аумағын жасыл желекпен көмкеру қарқын алды. Мәселен, жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті отырғызылды. Бұдан бөлек, биыл Саңырық батыр, Тәуке хан көшелеріне, «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков, Т.Рысқұлов саябақтарына, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің маңайына, «Қазақ хандығы» монументіне, «Үшбұлақ» каналының жағалауына, Теміржол вокзалы, «Қуғын-сүргін құрбандары», «Арбат» скверлеріне, «Денсаулық», «Атшабар» аллеяларына жалпы саны 6 мыңға жуық әртүрлі ағаш отырғызылды.
Бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, биыл да 20 мың түп ағаш егілмек. Қаланы көгалдандыру және көгеріштендіруге жауапты «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің агрономы Жасұлан Молдабаевтың айтуы бойынша, аталған тал-дарақтар «Қызылабад» алқабының аумағына отырғызылуда. Оның 10 мыңы көктем айларында егіліп үлгерген. Қалған жартысы күз мезгілінде отырғызылады деп жоспарланып отыр екен.
– Бұдан бөлек, көктем-күз айларында қылқанжапырақты талдар – қарағай, арша, тікенекті шырша, сібір шыршасы, шығыс және батыс бозаршалары отырғызылады. Олар Айша бибі, Тәуке хан көшелерінің, Теміржол вокзалы және «Арбат-1, 2, 3» скверлерінің, «Үшбұлақ-2» каналы жағалауының, «Қазақ хандығы» және «Біз біргеміз» монументінің, облыстық оңалу орталығының, сондай-ақ қаланың Бас жоспарына сәйкес белгіленген аумақтардың ажарын ашады. Ал жайпақ жапырақты ағаштардан шаған, қарағаш, терек, сәнағаш, үйеңкі және сібір алмасы егіледі. Олар Абай даңғылы, С.Сейфуллин, Д.Шостакович, Н.Әбішев көшелері мен «Бәйтерек», «Арай» және «Ұлы дала» шағынаудандарын көк желекпен көмкереді. Осылайша, жалпы саны 6 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарда тұр. Қазіргі уақытқа дейін олардың 4 мыңнан астамы егіліп қойды, – дейді агроном.
Сонымен қатар көктем айларында 170 мың түпке жуық жаздық гүлдер отырғызылған. Ал мамыр айында раушан гүлдерін егу жұмыстары басталмақ. Олардың саны 12 мың түпке дейін жетеді деп күтілуде.

Алайда қала тұрғындарына жасыл желектің жыл өтпей қурап қалмағаны керек. Бұл мәселені қала әкімі Бақытжан Орынбеков те үнемі ескертіп келеді. Бұл тұрғыдан келгенде «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС мамандары көшеттердің күтімнен кенде қалмайтынын айтып отыр.
– Отырғызылып жатқан көшеттердің барлығы 1-санаттағы ағаштар. Яғни, бір жерде кемінде 5-6 жыл отырғызылып, бабына келген. Мұндай ағаштар барынша тез тамыр тартып кетеді. Оған қоса, қала температурасына да аталған көшеттер тез бейімделеді.
Дегенмен, қалада көлік көп екенін барлығымыз білеміз. Олардан шығатын түтіннің кесірінен жас өскіндердің біршамасы солып қалып жатады. Улы газдардың зияны, әсіресе қылқанжапырақтыларға көбірек тиеді. Статистикалық деректер бойынша, жаздағы ыстық пен көліктен шығатын көк түтіннің салдарынан қарағай, арша, шырша секілді желектердің 30 пайызына жуығы «өліп» кетеді. Ал жайпақ жапырақты ағаштардың бейімделу деңгейі жоғарырақ. Олардың 90 пайызына дейін «тірі» қалады.
Күтіп ұстау жұмыстарына тоқталсақ, қала көшелері мен скверлеріндегі ағаштарды мезгілдік жұмыс жоспарына сәйкес әртүрлі ауруларға қарсы пестицидтермен дәрілеу жұмыстарын жүргізу және аталған ағаштардың түбіне минералдық және органикалық тыңайтқыштар тұрақты түрде беріліп отырады. Сондай-ақ су құю автокөліктері оларды уақытылы суарып отырады, – дейді Ж.Молдабаев.
Иә, көктем мезгілі басталған соң ағаш егу жұмыстарына көңіл бөлу – адамзаттың алдында тұрған басты парыздарының бірі. Себебі жасыл желектің экологияға тигізетін әсері өте үлкен. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, бір ағаштың 3 адамды оттегімен қамтамасыз ете алатын қауқары бар. Дегенмен, қала аумағындағы автокөліктің күн өткен сайын көбейіп келе жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіш аздық ететінін айтпай-ақ түсінуге болады. Бұдан бөлек, бүгінде ағаштардың көбі кәрі ағаштар екені жасырын емес. Әрине, жыл сайын облыс орталығында көшеттер көптеп отырғызылып жатыр. Демек, көне шаһардың «жасыл қала» атағын сақтап қалуы үшін біздің, қала тұрғындарының, жыл сайын егіліп жатқан өскіндерді күтіп-баптап, қамқорлығымызға алуымыз аса маңызды.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.