Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көмекей әулие

0 1  061

Биыл үш жүздің басын қосқан Абылай ханның кеңесшісі Бұқар жыраудың туғанына 330 жыл толып отыр. Әйтсе де, жыраудың нақты қай жылы дүниеге келіп, қай жылы қайтыс болғаны туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларында Бұқардың ел үшін еткен еңбегі, қасқайып тұрып ханға айтқан өткір шындығы кеңінен баяндалады. Дәл осылайша Бұқар тарихы қалыптасқан.

Жырау өмір сүрген заман келмеске кеткелі ғасырдан-ғасырға ұласқан бірнеше жүз жыл өтті. Бұқар жырау мұрасы көкірегінде саңылауы бар адамның бәрін елеңдетіп, табындырумен келеді. Ұлы жырау – табиғатынан асыл жаратылған пенде. Жаратушы XVIII ғасырдың екінші жартысында қазақ еліне ерекше ықыласпен қарап, іңгәлап жатқан жас нәрестелерінің қанына ерекше тектілік сіңіргендей. Заман талқысына түскен шақта елдің елдігін, намысы мен арын, жері мен суын сақтап қалуға атсалысқан сондай қасиетті ұлдарының бірі – Бұқар жырау. Ол өз заманының өзекті мәселелеріне тоқтала отырып, өз шығармаларында халықты бірлікке, достыққа, ерлікке шақырды. Абылай ханның кейбір теріс әрекеттерін өткір сынға ала отырып, көптеген философиялық және афористік толғаулардың авторы болды. Қазақтың ғұлама тарихшысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабасы туралы: «Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Аюптың төзімі, Аплатонның ақылы керек», – деп текке айтпаса керек. Бұқар толғаулары – бір дәуірдің жарық айнасы, XVIII ғасырмен біте қайнасқан ажырамас мұра. Ұлы даланың ежелгі тарихында Алаш баба болса, оғыз қыпшақ дәуірінде Қорқыт ата белгілі, ноғайлы дәуірінде Асан қайғы желмаясына мініп жер шолып шырайлы өлке жер жәннатын іздеді, ал бергі заманның бас кейіпкері – Бұқар жырау. Қалқаманұлы Бұқардың әрі замандасы, әрі тілектес-ниеттес ең жақын досы Үмбетей жырау Бұқарға арнаған толғауларының бірінде:
Өткіздің тоғыз ханды толғауменен,
Шештің талай түйінді болжауменен.
Іс болса қиын-қыстау сен сөйлеттің,
Қылыш қып-қызыл тілді қорғауменен.
Сұрағанмен бермес-ті,
Жылағанмен келмес-ті,
Айттым сәлем еліңнен,
Сарыарқадай жеріңнен,
Жатсаң да шірімейтін,
Асыл тасым, – дейді тебіреніп. Үмбетейдің «Өткіздің тоғыз ханды толғауменен» дегені – тарихи шындық. Себебі Бұқар Әз Тәукеден бастап, одан кейінгі қазақ хандары Қайын, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Күшік, Әбілқайыр, Барақ, Абылайдың ақылшысы, кемеңгер биі болған. Бұқар жырау қай ханға сын айтса да, өзі жас кезінен тәнті болған ер Есімді үлгі қылатын. Қазақтың кемеңгер ұлы ханы Абылайға айтқан нақыл-насихатында да Есім ханды алға тартып, тілге тиек етіп: «Сенен бұрын, кешегі еңсегей бойлы ер Есімді де білемін. Сен оның бір түстігіне де жарамайсың», – депті.
Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» атанған аумалы төкпелі заманға душар болған ел-жұртқа бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып басқыншы жауды тойтарып, өз тәуелсіздігін қорғап қалу немесе жау табанына жаншылып құрып кету мәселесі тұрды. Ел басына күн туған тұста Бұқар жырау ең әуелі шашырап жатқан халықтың басын тас түйін біріктіру арқылы қанқұйлы жауға тойтарыс беру ісін жүзеге асыра алатын аса алғыр қырағы қолбасшы көсемінің керектігін жете түсінді. Осылайша осы бір ұлы мақсатқа орай ол әйгілі Орта жүз ханы Абылайға зор үміт артты, сенді. Абылай хан да ел сенімін ақтау жолында аянбай қызмет етті. Мұндай ақылы асқан данышпан, кемеңгер басшының үлгілі істері мен қарамағындағы қылыш сермесе екі жауын бірдей сұлататын батырлары жайында өзінің жыр толғауларына қосып, жауынгерлерге ұлттық рух берді. Осы істің барлығы, түптеп келгенде, Бұқардың туған халқының бірлігі мен болашағын ойлау мақсатындағы ерлікке пара-пар іс-әрекеттерін аңғартады.
Бұқар жырау – өз заманының жоғары білімдісі, арабша хат таныған, сол тілде шығарма жазған. Оның ақындық мұрасынан бізге жеткен 1 200-дей жол туындысы бар. Олардың ішінде XIX-XX ғасырларда ауызша әдебиеттен осы уақытқа дейін жеткен «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Әй, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» «Керей, қайда барасың?» толғауларын айрықша атап өтуге болады. Бұл толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған. Сондай-ақ Бұқар шығармаларында заманның болмысы табиғи құбылыс ретінде қабылдайды.
– Асқар таудың өлгені,
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені,
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені,
Еңкейіп барып батқаны.
Айдын шалқар өлгені,
Мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені,
Қар астында қалғаны.
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді, – деп дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ, адам баласының өмірі ғана емес, табиғаттың өзі де өзгеріске ұшырайтынын жеткізеді.
Бұқар жыраудың әкесі Қалқаман ел билеуші шонжар емес, жеке басының ерлігімен ғана аты шыққан батыр болған. Жоғарыда айтылғандай, жыраудың қайда оқығаны, қандай өмір мектебінен өткені туралы нақты деректер жоқ. Біз тек оның ерте көтеріліп, Тәуке тұсында-ақ хан төңірегіндегі ықпалды билердің қатарынан болғанын білеміз. Бірі білсе, бірі біле бермейтін жұрт оны «Көмекей әулие» деп те атап кеткен. Себебі сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Көбіне-көп Абылай ханның өтінішімен, тілегімен түсінде көрген істерін болжап айтады екен әрі бұлары дәлме-дәл келіп отырған. Осылайша Бұқар жырау жақсы мен жамандық туралы, адамгершілік қасиетті, шынайы достық пен қастықты салыстыра келіп, тәлімдік-тәрбиелік мәні бар қасиеттерді жастардың бойына сіңіруге ақыл-кеңес береді.
Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас.
Дос болғанмен, хан болмас,
Екі жақсы дос болмас,
Дос болса, түбі бос болмас, – деп адамгершілік, ізгілік қасиеттерді жастардың арасында кеңінен насихаттайды.
Бұқар жыраудың шығармашылығында қарама-қайшылықтар мен керітартпа көзқарастар аз емес. Егер де ол кейбір жағдайда уақыттың және халықтың қажеттігіне байланысты елді бірлікке шақырса, сонымен қатар кейбір өлеңдерінде хан, сарай мүддесінен асып кете алмайды. Ханға берілгендік, оның мүддесін көздеу, феодалдық талаптары, ислам дінінің ұстанымдары Бұқар жырау поэзиясына тарихи шектеушілік із қалдырады. Кейбір өлеңдерімен толғауларында ханға, жекеленген ықпалды феодалдарға табыну, әлсіз руларды әлді көпшілік руларға бағынуды насихаттайды. Мәселен, Абылайға тәуелді, бағынышты керей сияқты рулардың ханның өктемдігі мен қысымына шыдай алмай басқа жаққа көшу туралы шешім алуына Бұқар жырау ханды жақтап, «Керей, қайда барасың?» атты өлеңінде: «Туған жеріңнен қайда көшіп барасың? Егер де Абылайдың қойған шартын орындамасаңдар, мен сендердің бітіспейтін жауларың боламын», – деп хан атынан сөйлейді. Ал кейбір өлеңдерінде Абылайды асыра мадақтайды, сонымен қатар Бұқар жыраудың өлеңдерінің мазмұны исламның жаттанды қағидаларына сүйенеді. Оның көзқарасындағы қайшылық сол кезеңнің, оны қоршаған феодалдық-патриархалдық салт-дәстүрлермен, хандық биліктің күшімен байланысты. Бірақ оның өлеңдері мен толғауларының терең де философиялық-дидактикалық, тәлімдік-тәрбиелік мәні орасан зор.
Бұқар толғауларының танымдық-эстетикалық мәні, сұлулық әлемі индивидуалды-авторлық айқындаулардан да байқалады. Айталық, «сегіз қиыр шартарап», «төсі аршынды сұлу», «құрсағы жуан боз бие», «алпыс басты ақ орда», «еңсесі биік кең сарай», «құбылып тұраған бәйшешек», «ардақталған сұлулық», «ойнай басқан аяқтым», «қиғаш қамыс құлақтым», «шұбар кесе сары аяқ», «қоспақ өркеш сары атан», «тостаған көзді торыны» және т.б.
Сөз кестесі мен бунақталу тәртібінің әуенін, орайын, шырайын түрлендіріп келтіруге меруерттей мөлтілдеген фразеологиялық оралымдардың бір-бірімен әсем қиысып, табиғи құйылып отыруы – жырау поэзиясының басты ерекшелігі. Мәселен: «өкпеңменен жарылма», «омыртқасы үзілген», «өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін», «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен», «назыменен күйдірген, қылығыменен сүйдірген», «қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, қайырусыз жылқы бақтырған», «Екі қара көзді алар, Ауыздағы сөзді алар, Бойыңдағы әлді алар, Бетіңдегі нұрды алар, Бойыңдағы шырды алар, Аузыңдағы тісті алар, Қолыңдағы істі алар», «Еңкейіп орақ орарға, Тоңқайып масақ терерге».
Бұқар жырау ой-пікірін, лебізін құйқылжыта, тамылжыта жеткізуде бірінен-бірінің артықшылығын, айырмашылығын көрсетуде мағынасы қарама-қарсы құбылыстарды шендестіре суреттейді: «Айналасын жер тұтқан, Айды батпас демеңіз. Айнала ішсе таусылмас, Көл суалмас демеңіз». Не болмаса: «Құландар ойнар қу тақыр, Қурай бітпес демеңіз. Қурай бітпес құба жон, Құлан жортпас демеңіз».
Заманның сөзін сөйлеген Бұқар жырау шығармаларында замандар бойы мысқалдап жиналып, ақыл-ой таразысынан даналық қорытындысы, адамгершілік ереже-қағидасы іспетті нақыл-ғибрат сөздер мол. Әсіресе белгілі бір құбылыстарды, заттар мен нәрселерді тізбелеп, салыстырып айтатын «Қара құлаш жүйрік деп», «Ежелгі дос жау болмас», «Бағаналы орда, басты орда», «Жар басына қонбаңыз», «Көкте бұлт сөгілсе», «Алыстан қызыл көрінсе», «Биік тауға жарасар», «Қорғанды шаһар қаласын», «Жал құйрығы қаба деп», «Асқар таудың өлгені», «Ақсаңнан биік тау болмас» секілді термелерінде неше алуан мақал-мәтелдер мен ділмар сөздерді келтіруге болады. Мысалы: «Тар пейілді кеңімес, Кең пейілді кемімес», «Ер жігітке жарасар, Қолына алған найзасы. Би жігітке жарасар, Халқына тиген пайдасы».
Кейде сәуегей абыздық тұспалмен, ишаратпен, тәсілмен сөйлейді. Оның қапияда шығарылған философиялық-дидактикалық сипатқа бөленген құдіретті ой-толғаныстары, тапқыр билік-келісімдері толғау түрінде беріледі. Жыраудың ересен шығармашылық қабілеті, ой-санасы, көңілі реттілікке, жүйелілікке, ырғақтылыққа бейім болғандықтан, әрі жыр мен сырдан жаралғандықтан, қиыннан қиыстырылған құрыштай тастүйін сөздер, қанатты кесек ойлар, пайымды терең байламдар белгілі бір нақысты мақаммен, түйдектете, толқындата айтуды қалайды.
Бұқар жырау дәуір, өмір, тұрмыс-тіршілік құбылыстарын және олардың себеп-салдары мен түп-тамырынан қозғап қана қоймаған, білгір дана қиял қанатында самғап, келешек заманның кереметін де көре білген, көрегендікпен болжай таныған.
Жыраудың көптеген афоризмдері мен өрнекті өлең жолдары халықтың арасында кеңінен тарағаны белгілі, тіпті олардың біразы мақал-мәтелдерге айналғанын аңғару қиын емес. Ғалымдарымыз көптен бері жырау шығармаларын үздіксіз зерттеп келеді. Бұған М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Е.Ысмаилов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Х.Сүйінішалиев, М.Мағауин, Ы.Дүйсенбаев, Қ.Мұхамбетжанов, М.Жармұхаммедов секілді зерттеушілер айтарлықтай үлес қосып келеді. Аталған зерттеушілердің бір тобы жырауды өзі айтқан тоқсан үште қайтыс болды деп көрсетсе, енді бір тобы жүзден асып дүниеден өткенін жазды. Сол себепті Бұқар жыраудың қай жылы дүние салғаны туралы да нақты дерек жоқ. Алайда бұлардан өзгешелеу тұрған бір дерек Е.Ысмаилов кітабында келтірілген. Бұл бойынша жыраудың туған жылы 1683 деп, ал қайтыс болған мерзімі 1777 деп көрсетілген. Дәл осы деректердің дұрыстығын әдебиетші Қ.Мұхамбетжановтың «Семей таңы» газетінде (13 мамыр, 1977 жыл) жарияланған мақаласы да дәлелдеп берді. Бұқар жырау ұрпағы Қабыкен Қазиевтен жазып алған А.Сейдімбеков деректері де мұны толық растайды.Сол себепті жыраудың туған, қайтыс болған жылдары туралы айтқанда, осы мәліметтерді негізге ала отырып биыл Бұқар жырауға үш жүз отыз жыл толғанын аңғарамыз. Көмекей әулие жайында белгілі жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Бұқар жырау заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді… Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жайы туралы: не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады», – дейді.
Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қилы заман» толғауының қалай туындағанын былайша түсіндіреді. «Абылай хан бір салтанатты күнде ат үстінде Бұқардан сұраған: «Асан қайғының «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» дегені не тантық, суда жүрген шортан тауға біткен қарағайдың басына қайдан шығады? Миға қонбайтұғын сөз ғой», – деп. Сонда Бұқарекең қырын қарап тұрып, атының басын бұрып, қамшысын ерінің басына іле сала көзіне жас алып; «Әй, хан! Бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді, мен айтпасам керек!», – деп осы толғауды айтыпты».
Отарлаудың небір қанқұйлы амал-айлаларын қапысыз ойластырған Ресей империясы сахарада қара шекпенділер мен келімсектерді түпкілікті қоныстандыру үшін әуелі тұс-тұстан қалалар мен бекіністер салды. Нулы, сулы, шүйгінді, орман-тоғайлы жерлерден қазақтарды қырға ығыстырды. Атамекенінен, ата кәсібінен ажырап, абдырай бастаған тағдыр тәлкегіне ұшыраған халқының күйін Бұқар жырау былайша жоқтап зарлайды:
«Өзің қонған Көкшетау,
Кәпір қала салды, ойла!
Жарқайың деген жерлерге,
Шашылып шеті барды, ойла!
Атбасар мен Қалқұтан,
Балығы тәтті су еді.
Өзен бойын шаңдып ап,
Сүзекісін салды, ойла!
Нұрада бар Ақмола,
Есілде бар Қараөткел,
Екі өткелдің аузынан,
Қараөткелді салды, ойла!
Баянауыл, Қызылтау,
Оны да кәпір алды, ойла!
Кетпейін десе жері тар,
Кетейін десе алды-артын,
Қарқаралы деген тауларға,
Қарқарасын шанышты, ойла!
Ұлытау, шеті Созақтан,
Берекелі жерлерден,
Көкорай шалғын көре алмай,
Шұбырып қазақ кетті, ойла!
Қоршап алған кәпір бар.
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірден шаншу қадалып,
Сорлы қазақ қалды, ойла!», – деп, өзінің өтімді толғау жолдарымен жерімізден, өзен-көлімізден айыры-лып, қайғыдан қан жұтып отырған зарлы мұңын Абылай ханға өлең жолдарымен жеткізген. Бұқар туралы көптеген мәліметті бүгінгі күнге дейін жеткізген Мәшһүр Жүсіптің айтуына қарағанда және өз шығармаларынан да байқалғанындай, Бұқардың тіпті мінерге аты, сауып ішер малы, жаярға қойы болмаған. Жырау алпыстан асқанша осы жарлы, кембағал халде күн кешеді. Алайда өмірінің соңғы кезеңінде Бұқар жай ғана арқалы жырау, ақылшы аға ғана емес, мемлекет істеріне елеулі ықпал етіп отырған, қабырғалы биге, өз заманының ұраншысына айналады. Жырау бір ғасырдан астам жасап, қайтыс болған деседі. Сүйегі Баянауылдағы Далба тауының етегіне жерленген.

Нұрперзент Туғанбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.